- Негізгі бет
- Сымбат
- Іскерлік маникюр...
Іскерлік маникюр
Іскерлік маникюр бірсарынды болуы міндетті емес. Қатал дресс-кодты кеңсенің өзінде ұрыс естімей, маникюр жасауда көктемнің сәнді трендтерін пайдалануға болады. Бүгінгі материалда жұмысқа жасап баруға болатын маникюр түрлерін көрсетеміз.
Іскерлік маникюр-2016
Алдымен "Оскар" премиясын тапсыру кезіндегі жұлдыздардың маникюрінен үлгі алсаңыз болады. Басты трендтер тырнаққа арналған классикалық қызыл түсті және дене түстес лактар болды. Мұндай екі түс те қысқа тырнақтарға әдемі жарасып, іскерлік кездесулерге жақсы келеді.
Классикалық маникюрді "аты жоқ саусаққа" алтын түстес лакпен өрнектеп, ерекшелеңіз. Мұндай маникюр қатаң көрінгенмен, жалықтырмайды.
Көктемнің сәнді трендтерінің бірі тырнақты ашық әрі нәзік түсті лактармен бедерлеу. Алқызыл, шабдалы, ашық жасыл немесе нәзік көгілдір түстер іскерлік стильге кедергі келтірмей, көктемдік көңіл-күй сыйлайды. Мұндай түсті маникюрлер ұзын және қысқа тырнақтарға келе береді. Ерекше ету үшін ай маникюрін жасасаңыз да болады.
Іскерлік үлгіге френч әрқашан сай келеді. Биылғы көктемде френчті күңгірт лактың көмегімен ерекше етуге болады.
Іскерлік маникюрдің негізгі ережелері:
- Жұмыста тырнақты ұзын етуді, тырнақты ірі көлемді тастармен безендіруді және түрлі нейл-трендтерді қолданбаған жөн;
- Классикалық бейтарап түстерді таңдаңыз. Ондай түстермен қызықты дизайнның өзі елеусіз көрінетін болады.
- Жинақтылық — іскерлік стильдің маңызды принциптерінің бірі.
- Тырнаққа арналған ерекше әрі қызықты суреттерді еңбек демалысына қалдырыңыз. Сол кезде ол көңіл-күйіңіздің де жаңа толқынға ауысуына көмектеседі.
А. Жапатова