Есениннің өмірі туралы бірнеше дерек

Есениннің өмірі туралы бірнеше дерек

28 желтоқсан орыстың ұлы ақыны Сергей Есениннің дүние салған күні. Ақын 1925 жылы дәл осы күні жарық дүниемен қоштасты. Аталған күнге орай Есенин туралы бірнеше деректі топтастыруды жөн көрдік.

Есениннің білімі.

Ұлы ақын 1909 жылы Константинов шаруалар училищесін үздік бітірген соң шіркеулік-ұстаздар мектебіне оқуға түседі. Бірақ болашақта ұстаздық қызмет атқару оның көңіл хошына тура келмегендіктен, бір жарым жыл өткеннен кейін-ақ шығып кетуге мәжбүр болған. Өзі көп аңсаған Мәскеу шаһарына жетіп алған бозбала 1993 жылдың 13-ші қыркүйегінде Шанявский атындағы халықтық университеттің табалдырығын аттайды. Тиісінше, жаңалыққа ынтызар жас талап дәл сол жерден сол кезге дейін іздеп, аңсағанының бәрін табады. Оқу орнындағы бір жылдан астам уақыт бойғы алған білімі оның алдағы өміріне даңғыл жол салып бергендей болды.

Есениннің бойы.

Атақты ақын Сергей Есеннинің бойы 168 см болған.

Жыр оқу мәнері.

Мәскеудегі аштықтан қашқан ақын 1918 жылдың аяғында бірнеше апта Тулада тұруына тура келеді. Әр күн сайын кешке таман оның үйінде оқыған, зиялы ортаның адамдары бас қосатын болған. Есенин болса, өзінің бұлақтай таза жырларын оқып, сол кештерді жаңдандырып отырған. Ақын өз жырларының барлығын жатқа білетін. Ерекше мәнермен, ишаралармен, қимыл-қозғалыстарын қоса отырып оқығанда жырларына бөлек бір әр беріп, бөтен күй үстеп тұрған. Кей кездері Есенин Блок пен Белыйлардың мәнерлеріне салып та оқитын болған. Блоктың өлеңдерін оқығанда үлкен құрмет, асқан сыйластық білдіретін болса, Белыйдың жырларына келгенде дәл өзінің мінезіндей аздап келемеж қып, жеңіл-желпі қараған. 

Есенин және Анна Изряднова.

Есенин 1913 жылдың күзінде Изряднова Анна Романовна екеуі азаматтық некеге отырады. Олар Сытин баспаханасында ақынның корректор болып жұмыс істеп жүрген кезінде танысады. Ал 1914 жылдың 21-ші желтоқсанында ұлдары Юрий дүние есігін ашады. Дегенмен, арада көп ұзамай, Есенин жанұясын тастап, баяғы өмір сүру қалпына түседі. Анна Изряднова өз естеліктерінде былай дейді: "Мен оны өлер алдынан аз уақыт бұрын көргем. Қоштасуға келгенін айтты. Ал бұның не үшін керектігін сұрағанымда: "Қашып бара жатырмын, жолға шығамын, өзімді нашар күйде сезініп жүрмін, бәлкім, өлер күнім жақын шығар" - деді. Сәбиімізді көп еркелетпей, оны жіті қадағалауымды сұрады". Сергей өмірден өткен соң Мәскеудің Хаманов аудандық халықтық сотында Юрийді ақынның ұлы деп тану мәселесі қаралды. 1937 жылдың 13-ші тамызында, Юрий Есенин Сталинді өлтіру операциясына қатысы бар деп танылып, ату жазасына кесілді...

Ақын өлімі.

24-ші желтоқсанда Сергей Есенин Ленинград қаласына ат басын тіреп, "Англетер" қонақ үйінде тоқтайды. Ал 3 күннен соң, 27-ші желтоқсанда кеш түсе, өзі жатқан бөлмесінде ақынның өлі денесі табылады. Бөлмеге кірген адамдардың көздеріне қорқынышты суреттер келеді: Есенин, өлі кейпі, жылыту құбырына сүйеніп жатқан дене, қызыл қанға боялған еден, әр жақта шашылған киімдер, үстел үстінде "До свиданья, друг мой, до свиданья" өлеңі жазылған өлер алды хаты... Өлімінің нақты күні мен уақыты белгісіз. Шамасы 27-ші желтоқсаннан 28-іне қараған түні дүние салса керек.
Есениннің денесін Мәскеу қаласындағы Ваганьков зиратына жерлеу үшін қайтып алып барады. Жерлеу рәсімі есте қаларлықтай ерекше өтеді. Замандастарының айтуы бойынша, бұлайша орыстың бірде-бір ақыны соңғы сапарға аттанбаған көрінеді.

Ұқасас жазбалар: 

Есенин мен Еламан

Бүгін Сергей Есениннің туған күні

Қазақ ақындарының қаламындағы Есенин

Қазақ ақындарының қаламындағы Есенин - 2

Сурет: stihi.ru

Ш. Талап