Қазақ ақындарының қаламындағы Есенин - 2

Қазақ ақындарының қаламындағы Есенин - 2

Қазақ ақындарының Есенинге арнаған өлеңдер топтамасын жалғастырамыз.

Қазақ ақындарының қаламындағы Есенин (басы)

Медет Дүйсенов

СЕРГЕЙ ЕСЕНИНГЕ СЫР

Өңім сара, менің-дағы көзім көк,
Ұқсар ма екен бірақ саған сөзім тек.
Қала алам ба жүректе де, білмеймін,
Сала алам ба сен секілді сезімге от.

Дей көрмегін, о, Сері аға,
карта ашты,
Міне, міне... әуенімнен әр қашты.
Қайран жүрек тыншымайды кеудеде,
Мас толқындай ұрғылаған жартасты.

Қысқа ғұмыр, келте сапты қамшыдай.
Бұл бір нұсқа, алса жақсы-ау жан шыдай.
Өтті менің өлең жазбай
думанмен,
Көп күндерім құмға сіңген тамшыдай.

Әуейі боп сұлулармен қылықты,
Бозбала шақ бұғалықсыз жүріпті.
Шу асаудай жүргенімде шапқылап,
Өмір өзі салды уақыт- құрықты.

Жетер енді!
Жетті біраз шырқадым,
Көзімді ілмей қарсы алайын жыр таңын.
Өмірімнің өсу үшін егіні,
Көңілімнің бороздасын жыртамын.

Қасымхан Бегманов

КҮЗ
(Сергей Есенинді еске алу)


Жапырақтар арасында сап- сары,
Алтын шашты әдемі қыз ақ сары.
Ойламайды көгілдір көз асқағым,
Баспананы, астананы, ақшаны.

Ағаш біткен жатқан шақта шешініп,
Құстар кетті жылы жаққа кешігіп.
Алқа таққан қаз омырау жас сұлу,
Алтын күзге қарап қапты тесіліп.

Қараң қалып аппақ арман асқақ бір,
Қалтырайды жапырағын тастап гүл.
Бір топ торғай дүркірейді аспанға,
Жерден алып тоғай жаққа тас лақтыр.

Кеудемдегі сылдыраған бұлағым,
Белгісіз боп қалар ма екен тұрағың.
Ештеңені көрер емес көздерім,
Ештеңені естір емес құлағым.

Еске салды Есенинді сары Күз,
Сары күзді мәңгі сүйіп қалыңыз.
Көпке дейін көз алдымнан кетпеді,
Есі кете ғашық болған сары қыз.

Сары қыздың көздеріндей көкпеңбек,
Басымыздан өтеді әлі көктем көп.
Құстар қайта оралады, кеткен жоқ,
Есениндей сері ақын өткен жоқ.

Сереганың бауырында саздары,
Сары белдің жауырында қаздары...
Ой үстінде келе жатсам, көрші үйдің,
Мәшинесі қағып кете жаздады.

Светқали Нұржан

Сергей Есенин маскүнемдер мемлекетінде

Есениен, сені өлтірткен Бронштейн,
«Сұмырайлар елін» жазғасын.
Күнәңді санап тағы да тұрады ішкі ойым,
Ақындарға бірақ аз ба сын?!

Басқадай кінәң – орыстың мұжығын сүйдің,
Шұжығын сүйдің содан соң.
Қазды кабактың тұйғын боп қызығын шүйдің,
Кінәлі емессің оған сен.

Бес-алты адамның, әрине, тұмсығын бұздың,
Өздеріне ғана керекті.
Елемей кетің бес-алты қыңсылын қыздың,
Өздері емес пе кілттемей жүрген сенекті?!

Есігін ұрдың басыңмен түрменің барып,
Іс шауып кенет насырға...
Сен жаттың талай мас болып кірге былғанып,
Жалған атанда-тыңшы жөйіттің қасында.

Ресей – Отан 
болғанмен Бөтеннің құлы,
«Антисемит» деп сот жасап...
...Ұстар ма екен-ай маған да көкемнің жыны,
Осыларды айтып оттасақ.

«Ақ түндер» қайда?-
Кім жаққан түніне кірді?-
Жұқты ма, бәлкім, ақынның қанды наласы?-
Есенин, сені сол түні ұрып өлтірді
Ұзын патша мен қортық көкемнің қаласы.

Шығып ең, Сергей, сен аман мың төбелестен,
Отан жабылса, кетеді ме екен әл қашып?-
Қаңғы-мекерлер өз боғын бүркемелескен,
«Англетерде» мылжалап қойды дарға асып....

Пері ақындарын, қызық-ай, сүйеді ел де осы,
Жынына тиген Пешковтың.
...Сен қабақты, аға, мен жаққа түйе бермеші,
Білгеннен басқа не істеппін?!..

Ех, Сергей, әттең, келмедің біздің Кабакқа,
Бар еді нағыз Бал Шарап.
Қарайлап жүріп сен елде Құзғын Кабакка,
Желкеңді қиып тастады ма екен паршалап? 

Ергеніңде ғой қайынатаң Арыстан шалға,
Болмайтын еді дәл бұлай,
Пәруаналарын сол шақта жабысқан Шамға
Жарылқаушы еді Жан-Құдай.

Хайам мен Хахиз құлы еді шын таза тілектің,
Ене алмай кеттің бағына.
Сайрамда сайран сан құрған Құл Қожа Ахметтің
Елтімедің ғой зарына.

Нұр көктеп сонда райханның бүріндей жанда,
Бұзар ең Малғұн некесін.
Шайтанның уын қайтарып сіңірмей қанға,
Таза Мастықтың көрер ең нағыз көкесін!..

Шығысқа қарап, іздедің Шаганэні де,
Чагиннің қайттың жанынан.
Кіре алмай қойдың, қайтейін хақ әлеміне,
Торлы қоғамның тарынан.

Жеті қоғамда ақынсың ажалы піскен,
Айтылмай нағыз Өлеңің.
Жан екенсің, бірақ Алланың Назары Түскен,
Айтамын қазір себебін:

Бақи бұлбұлы, қанеки, бақтан жырла, тұр,
Жатпайсың көрде боза аңқып.
Білмей қап кәпір-Жәннатқа аттандырды ақыр,
Қаныңмен жуып тазартып!..

Жырға қарсылық бар жерде мұң да баршылық,
Менің де сол дүр басымда...
...Мас болып жүрген шығарсың
Нұрға малшынып,
Шын Отаныңда-
Хас шайырлардың қасында?! 

Мұрат Шаймаран

МЕН СЕНІ СҮЙЕМІН
(Сергей Есенинге)


Сергей Есенин! 
Мәйхана төрінде кемсеңдеп, 
қайғылы жыр оқып өзіңді, 
улы бір шараппен көмсең де,
Мәскеудің тәкаппар көшесін, 
шұлықсыз қыдыра берсең де, 
заманның зар толы әуенін, 
сен маған жетелеп келсең де, 
өмірді ескілік деп ойлап, 
жеңіңе асылып өлсең де,
мен сені сүйемін!

Сергей Есенин!
Өзектен өріліп жатты өлең...
тағдырдан несібе- бір саған, 
талақ боп даңқ пен бақ деген, 
кетсең де таң алды оралмай, 
қып- қызыл,
күп- күрең атпенен;
(Жан үшін жалтаңдап біреуге,
Табынбас талант... әттеген!)
Желөкпе желінді қыздарға
Бөлсе де жылуын от денең,
мен сені сүйемін!

Сергей Есенин!
Сыймайтын ғұмырсың ақылға.
Ғаламның ғаламат мұңы үшін, 
сор кешкен ақынға, 
бұл тірлік мақұл да...
Жоғалтып жеті жас күшігін, 
сол иттің сен айтқан қалпында, 
жаңғыртып Ресейдің даласын, 
әлі ұлып жатыр ма?!
Менің де кеудемде бір ит бар, 
уайымға шақырған...

Сергей Есенин!
Білемін, 
білемін, 
білемін!
Сен барсың, бар болса жыр елі.
Дауысың жаулайды әлемді, 
есімің аңыз боп жүреді.
Арнаған жырыңды оқиды, 
аруы Шираздың түлегі...
Білемін, 
ыңғай да осылай, 
тұрмайды, өзгерер күн өңі...
Мен сені сүйемін,
О, Сергей-
орыстың жаралы жүрегі.

Топтастырған: Еламан Хасен

Дайындаған: Шерхан Талап

Сурет: Massaget.kz

Н. Айдархан