Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Қазақ ақындарының қаламындағы Есенин

Қазақ ақындарының қаламындағы Есенин

Қазақ ақындарының қаламындағы Есенин

3 қазан (ескіше 21 қыркүйек) - орыс халқының біртуар ұлы Сергей Есениннің туған күні...

Рязаньның топырағынан қуат алып жолға шыққан бала ақын Ғаламзаттың дара ақынына айналды. Ол туған халқын сүйді, сол арқылы әлемді сүйді. Ол қаламды сүйді, сол арқылы Ғаламға ғашық болды. Ол аруды сүйді, сол үшін де сүйікті болды...

Ол Пушкинді «өлеңнің құдіреті» деп білді. Оған өлең арнады. Және Блокты қадір тұтты. Блок жайлы: «...Алғаш рет тірі ақынды көргенде, менің жон арқамды тер басты»,- деп тебіренді.

Ерзат досым жазғандай:

«Ақын үшін нағыз бақыт -

Жырлау, тағы жырлану», - болатын болса, Есенин жырлады һәм өзі де сан жырдың арқауы болды. Әрине орыс ақындары өз «Хулиганына» талай жыр тарту еткені күмәнсіз. Бірақ ол бөлек әңгіме. Ал біздің айтпағымыз, бұйра шашты «алтын» ақынмен қазақ шайырларының да сырлас болуы. 

Еламан Хасен

Мұқағали Мақатаев

СЕРГЕЙ ЕСЕНИНГЕ

Әй, Сергей!
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!
Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей.
Аулаққа тым аулаққа кеттім білем,
Жаны ашып, ақыл берген елге сенбей.

Мен дағы сол жақтанмын,
Ауылданмын,
Ауылдың ауруымен ауырғанмын.
Өзіңді Мәскеу қалай қабылдаса,
Алматы мені солай қабылдады.

Менің де өкіндірер өткенім көп
Атқа міндім, алысып теппедім доп.
Мен дағы малды сүйем, итті сүйем,
Інімнің маңдайынан шерткенім жоқ.

Шаршағанда ширығам шарап ішіп,
Саған ұқсап менің де жанады ішім.
Құлағыма сыбырлап «құран» оқып,
Иектейді мені де «қара кісі».

Мен де сендей, Серега, күмәндамын,
Жыр азабын тартамын, тіл азабын.
Туған ауыл, туған жұрт қайда барсам,
Қайда барсам- қасымда Рязаным...

Әй, Сергей!
Сергей,Сергей,Сергей,Сергей!
Бір ауылдан екенбіз мен де, сен де.
Басым сынып барады, басым сынып,
Жөндесем де болмайды емдесем де.

***


Есенғали Раушанов

«Жаңа ашылған кіші планеталардың біріне  С.Есенин есімі берілді»

Газеттен

Планета боп Есенин айналып жүр,
Есенғали ауылда қой бағып жүр .
Есенғали ауылда қой бағып жүр,
Есениндей болсам деп ойланып жүр. 

 
Ойланып жүр,
кетсем деп толғанып жүр,
Зіл табан боп өтті, әйтеу, зорға бұл жыл.
Мырзашөлді қимауы - бір хикая,
Мырзашөлге сыймауы - ол да бір жыр.


Астанаға қимайды ол осы маңды,
Қимайтындай, япыр-ау, несі қалды?!
Есенғали қалаға көше алмай жүр,
Есенин көк төріне көшіп алды.

 
Жігіт емес секілді ед жолы шұбар,
Көше  алмай жүр,
мұнысы, онысы бар . . .

Мырзашөлге  бір дастан жазсам дейді,
Мырза жұртқа болса да борышы бар.

 
Айту ғана оңай ғой борышты деп,
Тоқсан шешым басына тоғысты кеп .
Перзент тілеп құрдасы егіліп жүр,
Желігіп жүр біреулер соғыс тілеп ...

 
Көкке кетті Есенин серілікпен,
Есенғали мұнда жүр көп үмітпен .
Аспан жақты әзірге қойды-ау деймін,
Жерде өйткені жұмыс көп оны күткен .

Ұлықбек Есдәулет

ПЕТРОГРАД. ПУШКИН МЕН ЕСЕНИН

Қақпасын қоймаған соң тақылдатып,
Ақшасын болмаған соң жақындатып.
Фотограф,
Әрең ерді Есенинге,
Айта алмай алабұртқан ақынға түк.

«Жынды ма...»
«Иә, жындымын! Есенин-мен!»
«Есенин... екеніңдң, бәсе, білгем.»
Петроград. Таңсәрі уақ. Сирень иісі.
Бос жатыр жүргіншісіз көше мүлдем.

Ескі бақ. Орындықта- Пушкин. Қола.
Есенин
Ескерткішті құшсын бара:
«Біз доспыз. Басшы бізді суретке, шал!»
«Келмейді милицияға түскім, бала.

Бұл үшін екеумізді қамайды әлі...»
«Қорықпа, құтылармыз қалай- дағы».
«Жарайды, қоймадың ғой, тәуекел!»,- деп,
Қиқаңдап көнген болды шал айлалы.

«Қалайсың қозғалмауға бір азырақ,
Жарық аз, түсіремін ұзағырақ».
«Жарайды, мен шыдармын.
Ұшқалақ ед -
Сашадан қозғалмауын сұра, бірақ.»

«Ендеше түсіремін, шыда, кәні...»
Әккі шал аппараттан сығалады.
Қос ақын құшақтасып қатар отыр,
Суретке де түспек боп сыбағалы.

Таңсәрі. Ұйқыда әлі бүкіл халық,
Молайып келе жатты, шүкір, жарық.
Қола ақын мен бала ақын...
Екеуара -
Соғып тұр жалғыз жүрек лүпіл қағып.

Ғалым Жайлыбай

СОҢҒЫ ӨЛЕҢ


В этой жизни умирать не ново,
Но и жить, конечно, не новей.
С.Есенин

Ей, Есенин,
Бала кезден дос едің,
Шайыр едік шарап ішкен көшенің.
Тіршіліктің шығара алмай есебін,
Басың қатты,
Басым қатты неше күн.
Қайран, Сергей Есенин...

Қыстай екен,
Құстай екен соңғы өлең,
Көк аспанның көркі болып көлбеген.
Көкпар- жырда көк атты жүр көлденең.
...Сені сырлас көріп едік,
Соңғы өлең!
Қадір түні қабіріңді тербеген.

Тағатыңнан айырғанда
Сағатың.
Әйнегіңді әйбәт тамшы қағатын.
Соңғы өлеңді сыбырлады қара түн...
Мына жалған орманы емес орыстың-
Рязаннан жолға шыққан бала ақын.

Маңайында мезет сайын мың дүбір,
Мың дүбірден мұң ішеді мұңлық ұл.
Көздеріңді көктем көміп...
Тұнды гүл.
Соңғы өлең боп басталады бір өмір,
Соңғы өлең боп үзіледі бір ғұмыр.

Ей, соңғы өлең!
Тамырларда тулашы,
Сен де, мен де сол ауылдың тумасы.
Шағаласы шабытымның, шулашы!
...Өмір өмір өлең бола алмайды,
Өлең деген өмір екен турасы...
...Ей, соңғы өлең!...


Серік Ақсұңқарұлы

БҰЙРА ШАШЫН МАҢДАЙЫНА ТҮСІРІП


"До свидания, друг мой, до свидания..."
С.Есенин


Бұйра шашын маңдайына түсіріп,
Ойға шомыр тұрған жұмбақ- мүсіні.
Ең алғашқы сүйген қызым секілді,
Еске жиі алам осы кісіні.

Туған жерім... Көгілдірде- тау, шыңым,
Туған елі еді шопан, малшының.
Тез түсінді Қызыларайдың қыршыны,
Рязаньның баласының жан- сырын.

Жүрегімнен сиқыр әуен дір етті,
Өн бойымды өмір- Күннің нұры өпті.
Ешкім де енді тоқтата алмас деп білем,
Есениндер оятқан сол жүректі.

Жалғасы бар...

Топтастырған: Еламан Хасен

Дайындаған: Шерхан Талап

Сурет: Massaget.kz

Қосылған күні: 03 қазан 2014, 14:08

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.