- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- ҰБТ. Сынақ алдындағы...
ҰБТ. Сынақ алдындағы сегіз сезім
Оқу ордасын тарыдай болып аттаған оқушы бала он бір жыл сөмке асынып, білім алып, соңында таудай болып ересек өмірге алғашқы қадам жасайды. Алдында күтіп тұрған сынақ тек білім сынағы ғана. Ұлттық Біріңғай Тест бүкіл өмірді өзгерте алатын күшке ие емес. Мектеп бітіруші түлектің психологиясын зерттеу нәтежиесінде, олардың ҰБТ сынағын тапсырғанға дейін бойындағы сегіз сезімі мен қасиетін анықтадық.
Үміт. Осы уақыта дейін тек үйге берілген тапсырманы ғана орындап, сынып жұмысын ғана шешіп жүрген оқушы он бір жылдың қалай өткенін, ҰБТ сынағының қалай жеткенін де аңғармай қалады. Олардың бәрі де сынақ барысында жоғары дәрежеге жетіп, тегін оқудың тізгініне қол жеткізгісі келеді. Олар үміттенеді. Өйткені «үмітсіз – шайтан» ғана. Үміт оты тек оқушының көкірегінде ғана емес, ата-ана мен сынып жетекшінің де жүрегінде тұтанады. Үміт оқушыны алға жетелейді. Ешқашан жақсылықтан және сәттіліктен үміт үзбеген дұрыс.
Қорқыныш. Бұл сезім барлық түлектің бойында бар десем асыра сілтегендік болмас. Өйткені сынақтың аты – сынақ. Бітіруші оқушы «Төмен баға алып қалам ба?», «Бір жерден сүрініп қалам ба?», «Грантқа түсе алмай қалам ба?», «Дайындалған сұрақтарым келмей, керісінше өмірі естімеген сұраққа тап болам ба?» деп қорқынышқа жиі бой алдырады. Баласымен қоса үйдегі ата-анасы да қорқып, түн ұйқысын төрт бөледі.
Сенімсіздік. Оқушы баланың өз біліміне сенбеуі жақсы емес. Өз-өзіне сенбеген адамнан дұрыс нәтежие көру қиын. Сенімсіздік бар жерде шатасу да орын алады. Өз біліміне сенбеген оқушы жалтақ та болып жүреді. Сенім атты туды желбіретіп, ашық «ұрысқа» шыққан адамда жеңуге деген мүмкіндік көп.
Арман. «Армансыз адам қанатыз құспен тең» деген сөз бар. Қанатсыз құс болғаннан таудай арманы бар талапкер бол. Өзіңе, біліміңе, күшіңе сен! Сонда аяқты аспанға көтеріп жатып-ақ армандай бересің. Арманы бар адамның болашағы зор. Санасында сан арманы бар жан түбінде бір жерді тесіп шығады. Оның үстіне, арманы көп адам үмітсіздер мен сенімсіздерден он саты жоғары.
Бейжайлық. Шамамен айтқанда жиырма шақты оқушының арасында кем дегенде бір оқушы кез келген сынға бейжай қарай алады. Ондай жандарға «екі қойың – бір сом». Олардың бойында жоғарыдағы сезімдердің бірі де болмайды. «Болса болар, болмаса бордай тозар» деп жалаң аяқ жер басып жүре береді. Әрине, кей қарым-қатынастар мен кейбір жағдайларда бейжайлық күйге енудің пайдасы да болып жатады. Бірақ он бір жылдық білімнің сұралар сәті келген кезде бейжайлық таныту жауапсыздықпен тең.
Шыдамсыздық. ҰБТ өтетін күнді бәрінен де асыға күтетін оқушылар да болады көптің ішінде. Өйткені олардың жоғарыда айтылған сезімдерден шаршап, шыдамы таусылады. Сондықтан келетін дауыл тез келіп, жан-жағын тезірек жалмап кетсе екен деп күтеді. Иә, дәл сол күнді шыдамсыздана күтеді.
Батырлық. Бұл – оқушының жеңіске жетуіне көмектесетін сезімдердің төресі. Бойында батырлық қасиеті бар бала бейжайлықты да, қорқынышты да, сенімсіздікті де жеңе алады. Сөйтіп, арманмен дос болып, мақсатпен бірге болашаққа арналған үлкен жоспар құрады. Батырлық қасиеті бар оқушының бәрі білімді емес. Әйткенмен олар ешқандай сыннан қорықпайды.
Жалқаулық. Арманы мен мақсаты жоқ оқушының бойынан табылатын жалқаулық қасиеті адамға абырой әпермейді. Оқушыны жардан құлататын да, көзінің жасын ағызып жылататын да осы қасиет. Бітіруші түлек ҰБТ кезінде жалқаулықты ешқашан жанына жолатпағаны жөн. Тек ҰБТ кезінде ғана емес, басқа уақыттарда да осы қасиеттен бойын ары ұстағаны дұрыс.
Оқи отырыңыз:
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #2
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #3
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #4
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #5
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?#6
А. Әбілхан