«Адам өміріндегі ең маңызды заттар – кереуеті мен аяқ киімі»

«Адам өміріндегі ең маңызды заттар – кереуеті мен аяқ киімі»

Атақты француз драматургы Марсель Ашар «Адам өміріндегі ең маңызды заттар кереуеті мен аяқ киімі: біз не ұйықтаймыз, не жүреміз ғой» депті. Аяқ киімнің адамзат тарихында о бастан келе жатқанын бәріміз білеміз. Бірақ осы уақыт аралығындағы оның тарихынан, сан түрлі құпиясынан хабардарсыз ба?  Ендеше, аяқ киім туралы қызықты деректер топтамасымен таныс болыңыздар.

♦ Америкалық археолог Эрик Тринкаус Чехиядан табылған, тасқа айналған адам қалдықтарына зерттеу жүргізіп, мынадай қорытындыға келген: башпайдың шынашағы өзге башпайларға қарағанда әлсіз. Археологтың айтуы бойынша, бұл үнемі аяқ киім киіп жүргеннен пайда болған. Демек, ең алғашқы аяқ киім 30000 жыл бұрын аң терісінен жасалған деген жорамалға тоқаталады. Ал дөп басып айтуға нақты дәлел ретінде аяқ киімдер табылмаған және ол мезгілдің адамдары жазу білмеген екен.

♦ Аяқ киім туралы факт алғаш рет Ежелгі Мысырдың жазба ескерткіштерінде жазылған. Аяқ киімді тек билік басындағы адамдар – фараондар мен олардың жақындары ғана киген екен. Ежелгі мысырлықтар жазғы аяқ киімдерді (сандал) Ніл өзенінің сағасында өсетін папирус өсімдігінен жасаса, ал ежелгі еврейлер аяқ киімдерді теріден, жүннен, ағаштан жасаған. Сондай-ақ, тек жазғы аяқ киімдер емес, сонымен қатар, кебіс, етіктер киген.

♦ Антикалық дәуірде тек қана үлкендер мен байлар аяқ киім киген, ал құлдар мен балалар кие алмаған. Ежелгі Грекия мен Ежелгі Римде аяқ киімге деген таңдау өзгерген. Қарапайым сандалдан басқа сірісі бар шолақ бәтеңке, бауы бар етік, тұмсығы жоқ етіктер жасалған. Ежелгі римдіктердің етік кигендері туралы нақты дерек: Гай Юлий Цезарь Август Германиктің лақап аты «Калигула» екен, аудармасы «кішкентай етік».

♦ Аяқ киімді оң және сол аяққа арнап тігу керектігін ең алғаш болып, гректер ойлап тауыпты. 

♦ Орта ғасырда Еуропада аяқ киім гильдиясы (орта ғасырда қолөнершілердің я көпестердің одағы) құрылған және тұмсығы ұзын аяқ киімдер жасалған. Бұл сәннің қыр-сырын білу үшін тарихшылар жылнамаға сүйеніп, мынадай қорытындыға келген: ағылшын королі Генрих ІІ Плантагенеттің үлкен башпайына артық томпақ ісік шыққан, сол себепті патша өзіне үлкен тұмсықты кебістерге тапсырыс берген. Кейін уақыт өте келе сарай қызметшілері де осындай кебістер кие бастаған, содан соң бұл сән үлгісі Ла-Манш бұғазына қарай беттеген екен...

Тіпті, кейіннен аяқ киім тұмсығының ұзындығы адамның дәрежесін де көрсететін болыпты. Ханзадалар мен князьдердің аяқ киімдері 2,5 футтық, барондар екі футтық, байлар мен қала тұрғындары бір футтық тұмсықпен тігілген. Ойда-жоқта сүрініп қалмас үшін тұмсықтарын аяғына жіппен байлап қойған екен. Бұндай аяқ киімдерді ескі кинолар мен ергежейлілер туралы ертегі мультфильмдерден көруге болады. «Жалғанды жалпағынан басу» («жить на широкую ногу») деген фразеологизм осыдан кейін барып, қалыптасса керек.

♦ Кейін «сиыр танауы» деген мысқыл атауға ие болған аяқ киімдер жасалыпты, бұндай аяқ киімдер жұмыс істегенде аяққа аса күш түсірмейтін әрі аяқты қыспайтын көрінеді. 

♦ Уақыт өте ерлер биік, шаршы тұмсықты ботфорт аталатын аяқ кимідерді кие бастады (тек мерекелік кештерден басқа уақытта киген). Әйелдер дәу тұмсықты аяқ киімдерді биік өкшелі, жібек, барқыт матадан тігілген сәнді аяқ киімдер киген. XVIII ғасырда ерлер аяқ киімінде бау, бант, иірілген жіптер пайда бола бастады, ал аталған ғасырдың соңына қарай Джеймс Смит есімді етікші аяқ киімдерге өлшем берді.

♦ Өндіріс дами бастаған XIX ғасырда аяқ киімдер фабрикаларда шығарыла бастады. Аяқ киімнің түрлі бұйымдары, әскери аяқ киімдер пайда болды.

♦ Содан бірнеше уақыт өткен соң, аяқ киімді тек аяқ өлшеміне қарай емес, сонымен қатар түріне қарай бөлінді: етіктер, бәтеңкелер, шолақ бәтеңкелер, туфли, сандал секілді түрлері шықты. 

♦ Ертеде аяқ киімдерді аң терісінен жасаған. Бүгінгі таңда да теріден жасалған аяқ киімдерді киіп келеміз. Тарихи деректерде өсімдіктерден де – папирустан, ағаш қабығынан жасаған, жоғарыда атап кеткендей, Мысырда папирустан, орыс ұлты қайыңның қабығынан, Францияда ағаштан шабата (сабо), Нидерландияда кломп сынды аяқ киімдер жасаған.

Оқи отырыңыз:

1. Аяқ киімді күту ережелері

2. Киімді әртүрлі түймелеудің себебі не?

3. Сізге қажетті белдіктің бес түрі

4. Екі минутта галстук байлау тәсілі (Видео)

Сурет: capitalshoes.ru

Е. Жұмабайұлы