Таяу күндері ауа райы тосын мінез көрсетеді

Таяу күндері ауа райы тосын мінез көрсетеді
Фото: telegraf

Синоптиктер 10-12 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады. Таяу күндері республиканың барлық аумағында қар жауып, көктайғақ болады. 

Синоптиктердің мәліметінше, Скандинавияда қалыптасқан циклондар бірінен кейін бірі Орал мен Батыс Сібір арқылы жылжып барады. Ол циклондармен байланысты фронттар Қазақстанның ауа райына әсер етеді.

"Осыған байланысты алдағы үш тәулікте республиканың барлық аумағында ала бұлтты болып, жаңбыр қарға ұласады. Сонымен қатар көктайғақ болып, кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді", — деп хабарлады синоптиктер.

Мамандардың айтуына қарағанда, еліміздің солтүстігінде боран соғып, ауа температурасы төмендейді. Алайда 12 қарашада күн қайта жылынады.

Еске сала кетейік, бұған дейін синоптиктер қараша айында ауа райының қандай болатынын айтты. Болжам бойынша, күздің соңғы айы қарашада ауа райы жауын-шашынды болады, жел күшейіп, тұман түседі.

Дереккөз: tengrinews

С. Ерсін