Қараша айы суық бола ма?

Қараша айы суық бола ма?
Фото: oboihd-plus

Қараша айында ауа-райы жауын-шашынды, жел күшейіп, тұман түсіп, көктайғақ болады.

Қарашаның бірінші онкүндігінде еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде қар жауады. Ал батыс пен оңтүстік-шығыста қарашаның соңғы күндеріне қарай қар түседі. Бұл айда суықтың үш толқыны келіп жетеді. Ол — бірінші және екінші онкүндіктің басында, сонымен қатар, үшінші онкүндік ортасында.

Синоптиктер мәліметінше, қараша айының үшінші онкүндігі ортасында қатты аяз болады. Ол кездері Қазақстанның солтүстігінде түнгі ауа температурасы 20 градусқа дейін төмендейді, күндіз 12 градус суық болады. Ал еліміздің оңтүстігінде түнде  10 градус, күндіз 5 градус суық болады.

Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер 3-5 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктер болжауынша, 3-5 қараша аралығында Қазақстанның солтүстік бөлігінде қар жауып, боран болады, ал оңтүстікте тұман түсіп, жауын жауып, жолдар көктайғақ болады.

"Оңтүстік-батыс желінің күшеюіне байланысты республика бойынша аяздың беті қайтады: еліміздің басым аумағында түнде 0-5 градус суық, күндіз -3 пен +3 градус аралығында жылы болады, ал оңтүстікте түнде 0-5, күндіз 3-10 градус жылы болады", - деп хабарлады метеорологтар.

Дереккөз: kaz.tengrinews 

С. Ерсін