«Тіл жанашыры» құрмет белгілері табысталды

«Тіл жанашыры» құрмет белгілері табысталды
Фото: massaget.kz

2015 жылғы 6 қарашада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Тіл жанашыры-2015» құрмет белгісін табыстау рәсімі өтті, – деп жазады Massaget.kz тілшісі ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Құрмет белгісіне мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіруге, оны дәріптеу мен насихаттауға зор үлес қосып жүрген ұлтжанды азаматтар ие болды. 

Үміткерлерді белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен меценаттардан тұратын арнайы комиссия іріктеді. Оған «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының міндетін атқарушы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков төрағалық етті. 

«Тіл жанашыры» атану – зор мәртебе. Беделі биік бәйгеде жеңімпаз болғандарыңыз – ұзақ жыл төккен тер мен ерен еңбектің жемісі. Туған өлкелеріңіз бен қызмет істейтін орталарыңыз енді сіздерді мақтаныш етеді, – деді М.Қасымбеков шараның ашылуында. 

«Тіл жанашыры» құрмет белгісі 2015 жылы бесінші рет табысталды. Биыл оған 21 номинант қол жеткізді. Олардың қатарында Қазақстанның Астана мен Алматы қалаларынан және елдің түкпір-түкпірінен жиналған тіл жанашырлары бар.

М. Бисембаева