- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Қазақстан құрамасы Азия...
Қазақстан құрамасы Азия ойындарында төртінші орынды еншіледі
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII Жазғы Азия ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы барлығы 84 медаль (28, 23, 33) жеңіп алып, жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады. Осылайша, ел құрамасы өз тарихында ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп, жаңа рекорд орнатты.
Қазақстан құрамасы осыған дейін 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарында барлығы 79 медаль (24 алтын) алған болатын. Ел құрамасының бұл рекорды Инчхонда бұзылып отыр. Ал, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен соңғы Азия ойындарында жерлестеріміз 18 алтын, 23 күміс, 38 қола жүлдеге ие болып, жалпы командалық есепте 5-орыннан көрінген еді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей Инчхонда жерлестеріміз 28 алтын медальға ие болды. Азия ойындарының алғашқы алтынын зілтемірші Маргарита Елисеев алды. Маргаританың жеңісті жолын дзюдошы Елдос Сметов жалғастырды. Одан кейін траптан әйелдер құрамасы (стендтік оқ ату) алтыннан алқа тақса, жүзуден Дмитрий Баландин екі мәрте жеңімпаз атанды.
Азия ойындарының бесінші күнінде теннистен Қазақстан ерлер құрамасы (Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Александр Недовесов) алтыншы алдынды сыйлады.
Жетінші күні жетінші алтынды 50 метрден үш орында тұрып нысана көздеуден Ольга Довгун алды. Бұл күні Дмитрий Баландин үшінші мәрте Азия ойындарының чемпионы атанды.
Сондай-ақ, велошабандоз Алексей Луценко жекелей сында жеңіске жетті.
Одан кейін бір күнде бес бірдей алтын жүлдені қанжығаға байлап, тағы бір ерледік. Бұл жолы жағажай волейболынан ерлер құрамасы жеңімпаз атанса, байдарка және каноэдан Евгений Алексеев және Алексей Дергунов, Михаил және Тимофей Емельяновтар, Наталья Сергеева және Ирина Подойникова, Инна Клинова алтындар санын еселеді.
Одан кейін су добынан ерлер құрамасы алтынан алқа тақса, жеңіл атлетикадан Маргарита Мұқашева, Ольга Сафронова, Ольга Рыпакова сынды саңлақтарымыз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелді. Грек-рим күресінен Нұрмахан Тінәлиев спорттық мансабында екінші рет Азия ойындарының жеңімпазы атанып, алтын медальға қол жеткізді.
Азия ойындарында ең үздік нәтиже көрсеткен боксшыларымыз болды. Қазақстандық боксшылар алты бірдей алтынға ие болып, Азия ойындарының рекордын жаңартты. Ел құрамасы сапынан Ілияс Сүлейменов (52 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Антон Пинчук (91 келі) және Иван Дычко (91 келіден жоғары) алтыннан алқа тақты.
Сондай-ақ, каратэден Андрей Ақтауов пен Гузаль Гафурова жеңіс тұғырынан ең биік сатысына көтеріліп, алтын жүлдеге ие болды.
Күміс медальға ие болғандар (23): Зульфия Чиншанло, Алмас Өтешов, Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Максим Раков және ерлер құрамасы (дзюдо), Екатерина Руденко — 2 (жүзу), Светлана Германович және Мария Васильева (академиялық ескек есу), Ришат Ливеншо (ушу), Расул Қалиев, Гюзель Манюрова, Есболат Нұржұмабаев, Дәулет Шабанбай (бәрі — еркін күрес), Наталья Сергеева, Сергей Емельянов, Евгений Алексеев және Алексей Дергунов (бәрі — ескек есу байдарка және каноэ), Жайна Шекербекова, Біржан Жақыпов (екеуі де — бокс), әйелдер құрамасы 4×400 м (жеңіл атлетика), Ринат Сағандықов, Сабина Захарова (екеуіде — карате), Нұрсұлтан Мамаев (таэквондо), Екатерина Хуповец (карате);
Қола медальға ие болғандар (33): Александра және Екатерина Немич, әйелдер құрамасы (синхронды жүзу), Андрей Могилевский (стенд бойынша ату), Бахтияр Ыбраев, әйелдер құрамасы, ерлер құрамасы — 2 (бәрі — ату), Ленария Мингазова, Азамат Мұқанов, Мариян Ордабаева (бәрі — дзюдо), әйелдер құрамасы, ерлер құрамасы (екеуі де — фехтование), әйелдер құрамасы (теннис), Нұрсұлтан Тұрсынқулов (ушу), Екатерина Артемьева және Виктория Чепикова, ерлер төрттік (бәрі — ескек есу академиялық), әйелдер құрамасы (су добы), Татьяна Аманжол, Мамед Ибрагимов (еркін күрес), Ольга Сафронова, Ирина Эктова (екеуі де — жеңіл атлетика), әйелдер төрттік, Юрий Березинцев (бәрі — ескек есу байдарка және каноэ), Алмат Кебіспаев, Досжан Картиков (екеуі де — грек-рим күресі), Марина Вольнова (бокс), әйелдер құрамасы (гандбол), көркем гимнастикалық команда (гимнастика), әйелдер құрамасы (регби), Қайрат Сарымсақов (таэквондо), Қайрат Ералиев(бокс), Халид Халидов (карате).
Айта кетейік, Азия чемпионы атанған спортшы 10 мың доллар көлемінде сыйақы алса, екінші орын алған спортшыға 5 мың доллар беріледі. Ал, үшінші орынға ие болған спортшылар тиісінше 3 мың АҚШ долларына қол жеткізеді. Сондай-ақ олардың жеке бапкерлеріне берілетін мемлекеттік сыйақы мөлшері: І орын – 5 мың доллар; ІІ орын – 3 мың доллар; ІІІ орын – 2 мың долларын құрайды. Бұл тек мемлекеттік сыйақы. Бұған қоса конфедерацияның, әр федерацияның, аймақ басшыларының да өз алдарына бөлек сыйақы беретіндіктерін ескерте кетеміз.
Орын | Елдер | Алтын | Күміс | Қола | Жалпы саны |
---|---|---|---|---|---|
1 | Қытай | 151 | 108 | 83 | 342 |
2 | Оңтүстік Корея | 79 | 71 | 84 | 234 |
3 | Жапония | 47 | 76 | 77 | 200 |
4 | Қазақстан | 28 | 23 | 33 | 84 |
5 | Иран | 21 | 18 | 18 | 57 |
6 | Тайланд | 12 | 7 | 28 | 47 |
7 | Солтүстік Корея | 11 | 11 | 14 | 36 |
8 | Үндістан | 11 | 10 | 36 | 57 |
9 | Кытайлық Тайбэй | 10 | 18 | 23 | 51 |
10 | Катар | 10 | 0 | 4 | 14 |
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vesti.kz
Н. Айдархан