- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Инчхон-2014. Ауыр атлет...
Инчхон-2014. Ауыр атлет Маргарита Елисеева алғашқы алтын жүлдені еншіледі
Оңтүстік Кореяда басталған ХVІІ Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына екінші жүлде түсті. Ауыр атлетикадан 48 келіде сынға түскен қазақстандық Маргарита Елисеева қоссайыс қорытындысы бойынша 194 келі нәтиже көрсетіп, ел құрамасына алғашқы алтын жүлдені алып берді.
Маргарита Елисеева жұлқа көтеруде 88 келіні бағындырса, серпе көтеруде 106 келі нәтиже көрсетті. Бұл салмақта екінші орын индонезиялық Сри Вахьюни Агустианиға бұйырды. Оның нәтижесі – 187 келі (80 + 107). Ал, қола жүлдені Өзбекстандық атлет Мальо Тогоева еншіледі. Мальоның толық ұпайы - 187 келі (81 + 106).
Қазақстандық тағы бір ауыр атлет Галина Момотова 3 мүмкіндігінде 70 келі зіл темірді көтере алмай, ұпай жинай алмады.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Қазақстан құрамасы сапында синхронды жүзуден апалы-сіңілі Александра мен Екатерина Немичтер қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: egemen.kz
Н. Айдархан