- Негізгі бет
- Ертегі
- Сәбіз туралы ертегі...
Сәбіз туралы ертегі
Көз көрмеген, құлақ естімеген ерте кезеңде сәбіздер жердің тереңінде өседі екен. Қазір оның жасыл сабағы жердің бетіне шығып, өзі топырақтың астында өсіп-өнеді. Ал бұрын бәрі басқаша болған екен...
Күндердің күнінде сәбіз балалық қызығушылықпен аңдардың қалай өмір сүретінін білгісі келіп, орманға жол тартады. Ұзақ-ұзақ жолдардан арып-талып, шаршаса да, мақсатына жетеді. Көз тоймайтын түрлі-түсті гүлдермен көмкерілген орманға келіп, табиғаттың тамашасына таңданады. Ол гүлдерді теріп алып, олардан шашқа тағатын әдемі әшекей өреді. Өзінің үлпілдеген жасыл шашына тағып алады да, өзінің шеберлігіне риза кейіппен ары қарай секеңдеп жүгіре жөнеледі.
Алдынан сылдырап аққан сұлу сыңғырлы бұлақ кездеседі. Бұлақтың суық суына жуынып, бой сергітіп алады да, ары қарай жүгіріп кетеді.
Орман жолдарымен жүгіріп-секіріп, ештеңеден қорықпастан өте береді. Батыл сәбіз аюмен, оның қонжықтарымен танысады, қасқырға қонаққа барады, тиінмен бірге жаңғағын бөлісіп жейді. Құстармен бірге қиқулап ән салып, түлкімен танысып, сәбіз бен түлкі екеуінің қайсысының түсі ашықтау екенін салыстырады.
Сәбіз қыдырып, серуендеп, қайта үйіне келе жатады. Жолда биік шөптің үстінде тұрған сүйкімді үйшікті көріп қызығады. Жақындап келіп, есігін қағады, бірақ ешкім ашпайды. Сәбіз сонда да өзі үйге кіруді ұйғарады.
Үйдің қабырғасында ілулі тұрған суретке қарап бұл қоянның үйі болар деп жорамалдайды. Үйдің ішін аралап, айналаны барлап шығады. Бір кезде үстел үстінде тұрған әдемі әшекейге көзі түседі де, қызығып кетіп, алғысы келеді. Нағыз той сәні деп ойлайды.
Шашына тағып алып, өз көркіне өзі тоймай, айнаның алдынан кете алмай тұрады. Кенет үй иесі қоянның кез келген сәтте кіріп келуі мүмкін екені есіне сап ете түседі. Сол сәтте есік жақтан аяқ дыбысы естіліп, жүрегі зырқ ете түседі.
Ұры сәбіз қорыққанынан қалтырап, қайтерін білмей қалады. Қоянның қасынан зыр етіп өтіп, зуылдай қаша жөнеледі. Қоян өзінің әшекейін ұрлап бара жатқанын көреді де, ізінен зымырай қуа жөнеледі. Сәбіз оған жеткізбей шапшаң қашып кетеді.
Зуылдаған бетімен жылдам-жылдам жүгіріп, өз бақшасына келіп, жер астына тығылып қалады. Қоян оның жасыл шашынан ұстап үлгереді де, ары-бері жұлқылай бастайды. Қоян өз әшекейіне қол жеткізеді. Ал сәбіз жер астына берік еніп кеткендіктен, оны жұлқылап шығара алмайды. Осы кезден бастап сәбіз топырақтың астында өсіп, сабағы жердің бетіне шығып тұратын болған екен.
Ал сәбіз біреудің үйіне рұқсатсыз кіріп, заттарын ұрлауға болмайтынын түсінді. Ұрлықтың арты жақсылыққа апармайтынын біліп, енді мұндай қадамға бармайтын болып шешті.
@. @assel_assanova