Ұрлық тәрбиесі

Ұрлық тәрбиесі

Неге жарататынымды білмесем де, шешемнен үнемі ақша сұрайтынмын. Үйдегілердің бәрі шырт ұйқыда жатқан бір күні таңертең мен ғана ерте тұрып алыппын. Үстелдің үстінде қатар-қатар тізіліп, қалың ақша шашылып жатыр екен. Ойыма бір жаман ниет сап ете түсті. Теңгенің жартысын жинап, сөмкемнің түбіне сүңгітіп жібердім. Мектепке жөнелдім. Сол сәтті мұның ұрлық екенін біліп, көңілім аласұрып, орныға алмай тұрса да, ешкімнің көрмегенін ойлап бұл қорқынышым лезде ғайып болды. Сонымен мұны күнделікті әдетке де айналдырып алдым. Араным күн сайын ашылды. Ақыры әшкере болдым. Үстелдегі ақшаны енді сыпырып ала бергенімде шешем жетіп келді. Алғанымды сезіп қойды. Қалтамды қағып алды. Шешем аз-кем үнсіздіктен кейін: «Мұны неге жаратасың?» деп сұрады. Еңкейген қалпы: «Үстел теннисін алайын деп ем» дедім тұтығып. «Мұның ұрлық, алдамшылық екенін білесің бе? Мектебіңе бар, қайтып келген соң сөйлесеміз» деді. Кеш батты. Қорқынышымда шек жоқ. Ерте жатып қалдым. Кірпігім айқасар емес. Мазасыз күй кешіп жатырмын. Әкем шешемнен: «Ұйықтады ма?» деп сұрағанын естідім. Шешем: «Ұйықтап қалды.» деді. Әкем: «Мынаны сол жерге қойып қой, оған ақша бермей қойғанымыз жоқ, ұрлық істегені несі?» деді қатқыл үнмен. Мен әлі де ұйықтаған болып жатырмын. Шешемнің қасыма келіп, жастығымның астына бір нәрсені еппен қойғанын сездім. Таңертең ерте оянғанда жастығымның астындағы қобдиша қолыма іліне кетті. Ашып қарап ем, өзім күмілжіп өтініш еткен үстел теннисі тұр...

Содан бастап әке-шешем, әжем де бұл істі ауыздарына алған жоқ. Мен де ақша ұрлайтын әдетті қойдым.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: arkalyk-kostanay.kz 

M. Auelkhan