"Спортингтің" құрамы "Астанадан" сегіз есе қымбат

"Спортингтің" құрамы "Астанадан" сегіз есе қымбат
Фото: Vesti.kz

Футболдан Еуропа лигасының 1/16 финалында "Астана" Лиссабонның "Спортинг" клубымен кездеседі. Бірінші ойын елордада өтеді.  

Немістің Transfermarkt басылымының мәліметі бойынша, "Спортинг" футболшыларының жалпы құны 165,65 миллион еуро екен. Ал "Астана" футболшыларының құны 20,65 миллион еуроға тең келеді. Осылайша лиссабондық клубтың футболшылары елордалық команданың құрамынан сегіз есе қымбат. 

Лиссабондық клуб сапындағы ең қымбат футболшы - Вильям Карвалью. Португалия құрамасымен бірге 2016 жылы Еуропа біріншілігінде топ жарған жартылай қорғаушының трансфер нарығындағы бағасы - 25 миллион еуро. 

Екінші және үшінші орынға Желсон Мартинс пен Бас Дост орналасқан. Олардың бағасы - 20 миллион еуро. Төртінші орында "Спортингтің" қақпашысы Руй Патрисио тұр. Ол 16 миллион еуро тұрады екен. 

Қазақстан чемпиондары сапындағы ең қымбат футболшы - Дмитрий Шомко мен Патрик Твумаси. Олардың футбол нарығындағы құны - 2 миллион еуро. 

Айта кетейік, "Астана" мен "Спортинг" арасындағы бірінші кездесу 15 ақпан күні Астана қаласында өтсе, екінші кездесу 22 ақпан күні Лиссабонда өтеді. 

О. Сансызбай