Қаскелең музейінен тапқан құнды қазынам

Қаскелең музейінен тапқан құнды қазынам
жеке
блог

Саяхатты жаным сүйеді. Біраз жерде болдым. Бармаған жерім де көп. Бірақ табаным тиген жердің көбі Қазақстаннан тыс жерде екен.

Көпшіліктің ойынша, саяхат деген – шетелге шығып, алыс жерге аттану секілді. Қызықтың бәрі сол жақта секілді.

Бұл сөзге түбегейлі қарсымын!

Экзотиканы іздесеңіз, шетелге ұшып барсаңыз болады. Ауа-райы, табиғат, тағам, киім, тіл, дәстүр дейсіз бе, бәрін табасыз. Бұның бәрі теңіздің ар жағында бар шығар.

Бірақ елімізде де сіз білмеген, біз білмеген жауһарлар жетіп артылады. Тіпті, жанымызда тұр.
Тек үйден шығып, бала кезден көз таныс мекендерді бір шарлап қайтсаң болғаны. Жаның қалаған рахаттың бәрін табасың.

Мен де өзіме мүмкіндік беріп, бір демалыста Қаскелеңге саяхатшы ретінде барып-қайттым. Өзім ғана емес, саяхаттың рахатын сезіне білетін серіктестерім де Қаскелеңнің қазыналарын қызықтауға барды.

Бұған дейін Қаскелеңде бірнеше рет болғанмын. Бірақ саяхатшы ретінде алғаш рет барып тұрмын.

Кез келген саяхатқа аттанарда кітап пен картаны жаныма серік етіп, ғаламтордан сол мекен туралы ақпаратты оқып аламын.

Бұл жолы дайындығым нашар болды. Қаскелең туралы кітапты үйден таба алмадым, ал ғаламтордан өзіме қажетті ақпаратты алу қиын болды. Дегенмен ғаламторды қазып-қазып, Қаскелеңде музей бар екенін білдім әрі ол музей жексенбіде де жұмыс істейді екен!

Қандай ғажап! Көптеген музей біз жұмыста болған күні ашық тұрады, ал демалыс күндері олар да демалады. Сөз орайы келгенде біздің музейлердің жұмыс күндері жұмыс істейтін адамдарға лайық емес екенін атап өткім келеді, жұмыстағы адам өзі демалған кезде музейлерді аралай алмайды.

Бұл сөзімді негізсіз айтып отырған жоқпын. Жаркентке барғанымда Қастеев атындағы галереяға екі рет кіре алмай кеткен едім, Таразда да академик Скрябиннің музей-үйін аралай алмай, ішім күйіп қайтқанмын. Басқа да кішігірім ауылдардағы, үлкен қалалардағы музейлерге барып тұрып, табаным тимеген. Өйткені сенбі-жексенбі күндері олар жабық тұрады.

Ал Қаскелеңде музей ашық тұрды!

Музейді (ресми атауы – Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейі) бір сағат аралағанның өзінде Қаскелең мен оның тарихы туралы бұрын білгенімнен он есе көп ақпаратқа қанық болдым.

Музей шағын, жайлы, бірақ, сыйымды. Бірнеше залы бар, экспонаттардың саны мыңнан көп.
Археология залында палеолит дәуірінен келе жатқан пышақ, қырғыш, темір дәуірінің куәсі болған бұйымдар болды. Мыс қазан, ортағасырлық қыш ыдыстар, ортағасырлық монеталар, садақ пен жебенің сынықтарын көзім шалды.

Экспонаттың біразы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған. Таңғаларлық олжалар да бар.

Мысалы, мына балбал тас. Экскурсовод бұның аяқ астынан табылғанын айтады: аудан тұрғыны үй салып жатып, құрылысқа қажетті бір машина тас алдырған. Ал оған осындай сирек кездесетін археологиялық тас әкеліп берген... Тұрғынның өзі тарихты жақсы білетін адам болып шыққаны қандай ғажап десеңізші, әйтпесе, бұл тас музейде тұрмас па еді! Өкінішке орай, қазынаның құндылығын түсінбей жай ғана зат деп қарайтын адамдар да бар. Қаншама құнды қазбалар жай ғана үйлердің іргетасы болып кетті екен!..

Батырлардың қару-жарағы, қазақтың тастан түйін түйген хас шеберлері жасаған зергерлік бұйымдар "Өлкенің ортағасырлық тарихы" залында тұр. Бұл жерде асықтан жасалған жылқы да бар. 

Бұл – аудандағы мектептердің бірінде оқушылар мен ұстаздар бірігіп жасаған туынды. Сырт келбеті айрықша сұлу деп айта алмасақ та, құрастырушылардың қиялына тәнтіміз. Осынша асықты жинаудың өзі үлкен еңбек емес пе?!

Бүтін бір бөлме еліміздің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған. Оның суреттері, табельдері, мүсіндері, Назарбаевқа ел-жұрт берген сыйлықтар өте қызықты. Оған танымал адамдар, саясаткерлер, спортшылар, басқа да ірі компаниялар небір сыйлықтар сыйлаған екен. Соның ішінде металлдан жасалған сорпа ішетін ыдысты ерекше атап өтуге болады. Ғарышқа ұшқан қолғап та осында. Президентке оны ғарышкер Тоқтар Әубәкіров сыйлапты, ал президент ол сыйлықты музейге табыстаған. Кәрімов сыйлаған әдемі шапан да бар. Бұл шапанның әдемілігі көздің жауын алады. 

Ал қолдан жасалған айдаһар мүсінінің авторы - суретші Нарынов. Бұл мүсінге ұзақ қарадым, мағынасы терең мүсін кез келген адамды толғандырмай қоймайды. Өйткені айдаһар ғана өз-өзін жей алады емес пе?!

Мен үшін ең қызықты бөлме "Қаскелең мен Қаскелең ауданының тарихы" бөлмесі болды. XIX ғасырда жасалған тұрмысқа қажетті заттар, төңкеріске дейін шыққан ақша, сирек кездесетін құнды құжаттар, ескі суреттер - бәрі осында. 

Экскурсоводтың сөзінше, Қаскелең - Жетісудағы ең ескі мекендердің бірі. Тарихты төңкерсек, бірнеше рет шабуылға ұшырап, қайта тірілген... XIII ғасырда Қаскелеңді моңғолдар қиратып кеткен. XIV ғасырда Тимурдың әскері басып кіріп, моңғол шапқыншылығынан соң бас көтере бастаған мекенге қайта шабуыл жасаған. XVII-XVIII ғасырларда Жоңғар шапқыншылығына, XVIII-XIX ғасырларда Қоқан хандығының шапқыншылығына ұшыраған. 

1857 жылы қала қайта бас көтерді. Басында пошта бекеті ретінде, кейін Любавинская стансысы болып аяқтан тұра бастады. 

Жоғарыдағы суретте қазіргі музейдің ғимараты көрінеді. Тіпті, осы үйдің өзі де музей экспонаты деуге болады. Ол 1899 жылы шіркеу мектебі ретінде салынған. "Оқу орнын ашуға көрнекті педагог, протоиерей Иосиф Зелинский мұрындық болды. Суретте мектептің алғашқы ұстаздары да тұр. Мектеп бағдарламасы бүкіл Түркістан епархиясына тараған. 1903 жылы мектепте 10 ұл мен 24 қыз бала оқыған", - делінген ғаламторда жүрген ақпаратта. 

Мені таңғалдырғаны – мектепте ұлдарға қарағанда қыздар көп! Сол заманның көзімен қарасақ, бұл – сирек кездесетін жайт. Өйткені ауылдарда қыз балаларды мектепке оқуға жібермеген. Өйткені "қыз бала сабақты не істейді, тұрмысқа шығып, бәрібір оқуды ұмытады" деген түсінік салтанат құрған. Бәлкім қаскелеңдіктер сол заманның өзінде білімнің мән-маңызын жіті түсінген болар! 

Шіркеудің өзі Кеңес үкіметі уақытында жоғарыдағы суретте көрініп тұрғандай қираған хәлде болған. 

Қаскелеңнің алғашқы шіркеуін тұрғызу үшін адамдар ақша жинағанын оқып қалғаным бар. Үлкен қаражатты сол кездегі Жетісу әскери губернаторының жұбайы Мелания Колпаковская берген. Ол қаражат иесіне қайтпаған, 900 рубль ақшаны қаскелеңдіктер қайтара алмады. Өйткені 1887 жылы жер сілкінісі болып, шіркеудің сау-тамтығы қалмаған. 

Шіркеуді басынан бастап қайта қалпына келтіруге тура келген. 

Жер сілкінісінің эпиорталығы өте жақын орналасқандықтан, 57 тастан жасалған құрылыс пен 170 ағаш үй құлаған. 

Ал бұл ғимарат 1900 жылы тұрғызылған. Шіркеу бұрынғы мектеп – қазіргі музейден жүз метрдей жерде орналасқан. Қазақстан Тәуелсіздік алған соң, ғимарат қалпына келтірілді. Тек тастан жасалған ескі іргетас қана ғимараттың талай тарихтың куәсі болғанына дәлел іспетті. Өйткені бұндай іргетастарды 1910 жылдары жасаған, кейін ғана құрылысқа жаңа технологиялар ене бастады. 

Ал мектептің өзі ұзақ қызмет атқарған. Шіркеу мектебі емес, жалпы білім беретін мектеп ретінде жұмыс істеген, төңкерістен соң мектеп бағдарламасынан діни бағыт алынып тасталған. 1937 жылы БКП (б) өңірлік комитетінің қаңтарда болған пленумы жаңа оқу орнының ашылғанын мәлімдеді. Жергілікті тұрғындардың құрамы ескерілгендіктен, ғимарат 1938 жылдың қыркүйек айында қазақ орта мектебі болып қайта ашылды. 

Музейде жүріп осында келген Алмас Кенжекеев есімді азаматпен таныстым. Ол Қаскелеңде туған, қазір Германияда тұрады екен, туған жеріне қыдырып келіпті. Музейдегі стендтердің бірінде Алмастың әкесінің суреті тұр. Ол 1937-1938 жылдары осы ғимаратта мұғалім болып жұмыс істеген. 

1945 жылы мектеп қазақтың ұлы ойшылы Абайдың 100 жылдығының құрметіне ақынның есімімен аталды. 1958 жылы мектепті бітірген түлектердің ішінде ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Кейін мектеп басқа ғимаратқа ауыстырылды, ал бұл жақ мектеп оқушылары орналасқан интернат болып өзгерді. Кейін мұғалімдерге арналған жатақхана болып қайта өзгерді. 1999 жылы ғимаратта музей пайда болды. 

Музейдің тарихы осындай. Әр заманнан сыр шерткен музей қабырғасы құнды қазынаға толы.