«Тараз –Қазақстандағы ислам тарихының бастауы»

«Тараз –Қазақстандағы ислам тарихының бастауы»
жеке
блог

Бүгін біз қойнауын ақтаратын Тараз қаласы өзінің екі мың жылдық тарихында өркендеу мен құлдырау кезеңін, жойқын соғыстар мен қайта өрлеу кезеңін бастан өткеріп, талай атауға да ие болды. Көне мен жаңаны байланыстыра білген ежелгі қала рухани орталыққа айналып отыр.

Грек тарихшыларының дереккөзінде қала туралы алғашқы жазбалар біздің заманымыздың 568 жылынан басталады. Онда Талас өзенінің аңғарындағы Ұлы Жібек жолының бір қаласы ретінде Толоса, яғни Талас деп жазылса, X-XIII ғасырлардағы өркендеу дәуірінде Тараздың қазіргі атауы «таразы», «сауда қаласы» мағынасында пайда болған. 751 жылы қала маңындағы Талас өзенінің бойында дәуірлік шайқас болып, онда Аббасид халифатының атты әскерлері Таң Қытай мен Қарлұқ жалдамалы әскерлерін толығымен жеңіп, Қытайдың батысқа қарай кеңею жолын жауып тастады.

VII ғасырдың ортасында омейядтық халиф Муавии ибн Суфьянның басқару кезінде Самарқанд, Бұхара, Шаш, Насаф, Кеш, Хорезм, Мерв, Ходжент, Үргеніш, Ниса қалалары орналасқан қос дария Аму мен Сырдың арасы – Мауренахр аумағы жаулап алынды. Халифат құрамына Мауренахр кіргеннен бастап, дін ислам Орта Азияда салтанат құрды, онан соң Қазақстан жеріне қадам басты десе де болады.  Саманидтер династиясы дәуірінде (IX-X) ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланып, өзге діндерді ығыстырып, өз беделін жоғарылата түседі. 893 жылы Исмаил Саманид Тараз қаласына жорыққа шығып, қаланы берілуге шақырады. Осыған орай, тарихшы Нершахидің айтуы бойынша Тараз қаласының әмірі көптеген дихандарымен қала сыртына шығып, исламды қабылдаған екен. Мәселен, қаланы жаулап алғаннан кейін, Тараздағы үлкен ғибадатхана мешітке айналдырылған. «Бұхара тарихы» атты кітабында осы автор Бұхарадағы христиандық шіркеудің орнына Бани Ханзала мешіті салынғанын жазады. Автордың білуінше, осындай жағдай Мерке қаласында да болған. Яғни, ескі шіркеу орнына жаңадан мешіт салынған. Сол сияқты осындай көрініс Саманид мемлекетінің шығыс шетінде де орын алған. Мервте де шіркеу орнына мешіт салынған. Дей тұрсақ та, бұл кездері Орта Азия қалаларында зороастризм дініндегілер және христиандық қауым мұсылмандармен қатар өмір сүріп жатты.    

Сөйтіп, жазба тарихтың деректеріне сүйене отырып, тарихшы мамандар қазіргі Қазақстан территориясына ислам дінінің алғашқы келу кезеңін УІІІ-Х ғ.ғ. байланыстыра қарастырады. Бұл ретте еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында орын тепкен әулиелі жерлер қосымша дәлел ретінде ұсынылады. Атап айтқанда, Әулие Қарахан, Айша Бибі, Бабаджа Хатун, Исхақ Баб, Әбд әл-Әзиз Баб, Хорасан Ата т.б. әулиелі жерлер түркілер арасына ислам дінін алғаш әкелген тарихи тұлғалардың аттары деген болжамды зерттеушілер бірауыздан бекітеді.

Б.Сейдахметов, «Аспара» колледжінің оқытушысы