Жын жайлаған үңгір (Қанат Пошатаевтың әңгімесінен)

Жын жайлаған үңгір (Қанат Пошатаевтың әңгімесінен)
жеке
блог

Отағасы болып , ақыл тоқтатып , ес жиып қалған шағым.Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы көрші Қасқасу ауылындағы Куйбышев атындағы мектепте еңбек сабағынан дәріс беремін. Саяхатшылық пен аңшылыққа шығуды да жаным сүйетіні жалған емес еді. 

Бірде досым Қамыт пен аталас інім  Көшкінбай:

- Тауға барайық , киік аулайық,- деп қолқа сала кетсе бола ма. 

- Ааа, жарайды ,онда қамданыңдар , алдымыз демалыс , барып бой жазып қайтайық ,- дедім. 
Содан көп өтпей жиналып жолға шықтық. Мініске мінетін атымыз да жоқ , үшеуіміз үш есекті ерттеп мініп алдық. Бағытымыз Алатау баурайындағы Жетімтау, Жамантас сілемдері. Ауылдан түс қайта шыққан үш аңшы Жергентал өзенін бойлап Қапшағайға өрлеп келеміз. Ал енді күн де өз ұясына бата бастады. Астымыздағы есектерді арқандап, түнемектің қамына кірісе бастадық. Жанымыздағы ініміз Көшкінбай үңгірдің сырын аса біле бермейтін еді. 
Үш төрт адам ғана сиятын үңгірге төсек салдық. Үйден алып шыққан тамағымызды ішіп, шәй қайнатып әл жинап отырмыз. Інім Көшкінбай шаршап шалдығып қалыпты. Ұйықтағысы келіп отырғанын байқап отырмын. 

- Көшкін інім , сен ішке кіріп демала бер, шаршадың ғой , бауырым, біз отты өшіріп жатамыз,- дедім. 
Шаршаған бауырым ләм- мим демей үңгірге кірді де салынған төсекке жатып қор ете қалды.  Артынан Қамыт екеуіміз де үңгірге кіріп жайғастық. Біз ұйқыға кете қойған жоқ едік. Кенеттен Көшекең  қорылға басты да , артынан жуасып қолдары ербеңдеп билей бастады. Сықылықтаған күлкісін айтсаңшы. Тап бір ауылдағы би алаңында жүргендей. Бірдеңені айтады. Ернімен шөлпілдетіп біреулерді сүйіп жүр. Санаулы уақыттар өтті-ау дегенде басын үңгірдің тасына соқты да , оянып кетті. Аң таң күйде. Есін жияр емес . Ал , біз күлкіден құлап жатырмыз……(жалғасы бар)