Ұлттық болмысты сақтау – рухани жаңғырудың ең басты шарты

Ұлттық болмысты сақтау – рухани жаңғырудың ең басты шарты
жеке
блог

Қазіргі таңда бүкіл әлем жаңаша даму үстінде. Әр ел өзінше жаһандану дәуірінде күй кешіп жатыр. Мұның басты себебі қоғамдағы болып жатқан барлық жағдайлар заман талабына сай жаңашылдыққа бет алуында. Алайда, жаһанданудың да барлық құбылыс немесе зат секілді оң және теріс жақтары, яғни, пайдалы және зиянды жақтары бар. Мысал ретінде, пайдалы жақтарына ақпарат алмасудағы жылдамдықты жатқызсақ, зиянды жақтарына ұлттық құндылықтарымыздың ұмытылып бара жатқанын жатқыза аламыз.

2017 жылы елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халыққа жолдауында Қазақстанның дамуында үлкен орын алатын бағыттар аталынған болатын. Солардың бірі – «ұлттық бірегейлікті сақтау». Бұл әрқайсысымыз үшін маңызды екені айдан анық.

Әлемдегі әрбір халықтың өзіндік ұлттық құндылықтары бар. Оған біз ана тілін, рәміздермізді, салт-дәстүрлерімізді, мәдениетімізді, менталитетімізді жатқыза аламыз. Бұл құндылықтар бізге сонау сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыздан мұра болып қалыптасып келе жатыр. Осы ұлттық құндылықтарды жаһандану барысында жоғалтып алмау біздің басты парызымыз деп санаймын.

Себебі ұлттық құндылықтарымыз сан ғасырлардан бері талай жан кешті жайттарды басынан өткеріп, бүгінгі күнге дейін жетті. Талай оқиғаны бастан өткерген кезде біз жаһандану дәуірі екен деп мұның барлығын бір-ақ сәтте ұмыта алмаймыз. Бұл біздің өткеніміз, бүгініміз және болашағымыз.

Ана тілі  ұлттық құндылықтардың ішіндегі бізге жеткен ең бағалысы деп білемін. Ана тілі – ұлттық құндылықтардың тірегі. Егер біз ана тілімізді жоғалтатын болсақ немесе ұмыт қалдырсақ біздің болашағымыздың болмағаны. Мұны мен Ж.Аймауытовтың «Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» деген сөздерімен дәлелдей аламын.

Қазақ халқы әр кезде де өзінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұмытпаған халық. Қазір де біз ұрпақтар сабақтастығынан жалғасып келе жатқан салт-жоралғыларды әрдайым есте сақтауымыз қажет. Бұл біздің тарихымыз. Ал тарихын ұмытқан ел ешқашан дамымайды. Яғни, тарихты мәңгі есте сақтау маңызды. Себебі, ұлт болып даму үшін ұлттық құндылықтарды білу, есте сақтау бірінші орында.

Жалпы айтқанда, жаһандану барсыныда құлдырауға жол бермеу үшін ұлттық құндылықтарымызды естен шығармауымыз керек. Әсіресе, «Қазақстанның болашағы – жас ұрпақтың қолында» деген сөзді біз, жастар әр кезде де ойымызда ұстағанымыз жөн. Кез келген сәтте ана тілімізде сөйлеп, тарихымызды айтып бере алатындай жағдайда болуымыз керек. Қазіргі таңда ана тілімізді, яғни, қазақ тілін ұмытып бара жатқан, қазақ тілінде сөйлеуге ұялатын жастар өте көп. Оны барлығымыз күнделікті өмірде көріп жүрміз. Осыған қарап «Қаның қазақ па, ендеше қазақша сөйле, қазақ тілін дамыт, әлемге танылуына үлес қос!» дегім келеді.

Осымен қорытындылай келсем, біз ұлттық болмысты сақтау арқылы ғана рухани жаңғыра аламыз. Ол үшін ана тілінде сөйлеп, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тарихымызды біліп, құндылықтарды есте сақтауымыз қажет. Болашақ жастардың қолында екенін біле тұра, оларға дұрыс тәрбие беруіміз маңызды. Сонда ғана еліміздің рухы жоғары болып, еңсесін нық ұстайды. Ал білімді, саналы, ұлттық құндылықтарын білетін жастар еш уақытта елінің намысын таптатып қоймайды, әр кезде елі үшін жанын берердей азамат, азаматшалар болады.