Түркістанның туризм әлеуеті қай деңгейде?

Түркістанның туризм әлеуеті қай деңгейде?
жеке
блог

Түркістанның тек түркі халықтарының ғана емес,  шығыс халықтарының да ақ ордасы болғаны мұқым елдің барлығына аян. Мақаламыздың осы санында Есімхан мен Әз-Тәукенің, Рабиға бегім мен Қаз дауысты Қазыбек бидің, ақылына қарашаны тоқтата білген би-шешендердің, сұлтандар мен батырларды түлеткен қасиетті Түркістан қаласының  туризм әлеуеті жайында халық қалаулылары мен қоғам белсенділерінен алынған сұхбаттарды назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын,  Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Ильхам», «Молда Бағыш», «Юнус Эмре» сыйлықтарының иегері: Ұлы даламыз туристердің ұясына айналуы керек!

Әлемге назар салатын болсақ, экономиканың үздіксіз дамуына ілесіп және техниканың  жаңалануына байланысты Халықаралық туризм күн өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Көлік-коммуникациясы  қолайлы болған сайын қарым-қатынас, жүріс-тұрыс қарқын алып келеді. Адамдардың табысы жоғарылай бастаса, бірдеңе ойлай бастайды. Яғни дүниені кезіп, саяхаттау екінің бірінде болатын арман. Кәсіпкерлер мен тұрақты капиталы бар байлар онсызда әлемді шарлауды күн тәртібіне қояды. Осылайша туризм бүгінгі күннің жаңа өрлеуі болып отыр. Құрлықтарды кесіп, теңіздерді кешіп бөтен ел мен бейтаныс жерлерді көру  адамдардың көксегені. Жер шарындағы саяхат ежелден бар екені анық. Әскери және ғылыми экспедиция ретінде қалыптасып өмірге келген. Алайда, ол  ішінаралық қана болып келген еді. ХХІ ғасыр басталғалы саяхат пен туризмнің дәуірі туды деуге болады. Ақшасы бар адам материалдық жақтан қанағаттанып ылғида қарап отырмас еді. Ол үшін өзге дүниеден рухани ләззат алу керек болады. Сол сәтте ішпегенді ішіп, көрмегенді көріп рақаттануды ойлаған адам туризмге ден қояды. Ғаламшарға зер сала қарасақ, туризмнің заманы жүріп жатыр, оның өсу жылдамдығыда зор. Тек кезектегі «індеттің» тосқауыл болып, жұрттың қол аяғын байлап қойғаны болмаса, дүние қалыбына келіп, сабасына түссе туризм саласы дүр ете қалайын деп тұр.

Қазақстандықтар жөнінен айтар болсақ, сыртқы туризмге деген ынта жоғары. Ішкі туризмге деген қызығушылық бәсең. Ал, шетелдіктер үшін Қазақстан әлі де болса жабық, белгісіз өңір есебінде қаралады. Олай болатыны біз тәуелсіздік алғанымызға енді ғана 30 жыл болды. Кеңестер одағының құрамында қалтарыста қалып келгендіктен жабық болдық . Үгіт-насихат, әлемдік ақпаратқа шығу енді ғана қолға алынып жатыр. НЕГІЗІ Туристерді тартатын екі үлкен нәрсе болады. Біріншісі, табиғаттың таңғажайып кереметтері. Тылсым дүниенің құпиялары, жаратылыстың сырлары. Таулары мен көлдері, құмдары мен орманы, даласы мен аң-құсы турис шақыратын бірінші нысан. Екіншісі, тарихи құнды жәдігерліктер дер едім. Мемлекетіміздегі сақталған ежелгі қалалар, ескі жұрттар, адамзат өркениетінің бастаулары. Осы екі нәрсе бар екені анық болса, үшінші болып, жол, көлік, қонақ үй секілді қызмет көрсету деңгейі қосылады. Яғни елдің «Сервистік» әлеуеті қаншалық? Ол да шешуші рөл атқарады.

Біздің мемлекетімізде, табиғат тылсымы мен жаратылыстың таңғажайыбы жеткілікті. Жеріміз кең, климаты әр түрлі болғандықтан, бір тамыз айының өзінде төрт маусымның элементтерін бір мезгілде көре аласың.  Қақаған аяз керек пе? Алатау мен Алтай бар. Ұшы-қиыры жоқ құмды дала керек пе? Қызылорда мен Атырау бар. Теңіз керек пе? Каспий, Балқаш, Алакөл бар. Тарихи құндылығына келсек, жарты әлемді жаулаған Шыңғысхан мен оның ұлдары Жошы мен шағатай хандық құрған ұлы дала бізде жатыр. Азия мен Еуропаны қалтыратқан Алтын орда осы өлкеде. Оның қоныстары мен іргесі көмілген мекен бізде. Жер бетінің жеті ықылымын бағындырған Әмір Темірдің табаны тиген тағдырлы жері осында жатыр. Қолтаңбасы басылған ТҮРКІСТАН әне тұр. Енді біз сол шахбаз шаһардың халықаралық деңгейдегі туризм орталығы болуына жұдырық болып жұмылып, ел болып ерен күш салсақ, туристер шоғыры өздігінен қаптайын деп тұр. Бұл өз кезегінде еліміз бен жаңа қаламыздың экономикалық-әлеуметтік дамуының теңдесіз, тамаша үлгісі болмақ деген ниеттемін. Түркі әлемінің бесігі саналатын қасиетті Түркістанның өркендеуіне үлес қосу арқылы өркениетті елдердің санатына жақындай түспекпіз. Ол үшін мүмкіндік те жоғары. Ұлы даламыз туристердің ұясына айналарына сенімім кәміл.                                                                         

Мырзагелді Кемел: Қаймағы бұзылмаған қазақтың қасиетті қарашаңырағы!

Кәрі құрлыққа қара шаңырағының қазығын қаққан қаймана қазақтың рухани астанасы болған Түркістанның туризм әлеуеті жайлы профессор, экономика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел ой бөлісті

– Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?

– Бұл миллионнан аса халқы бар қала өз бетінше жеке өмір сүрсін, қалғандары да біртіндеп жетіліп кетер деген сынды жай ғана жеңіл мақсатпен жасалған жаңалық емес әлбетте. Керісінше, одан әлдеқайда ауқымды, үлкен мақсатты көздеген шешім деп айтар едім. Түркістан ежелден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала, киелі шаһар. Біз бұл жаңалықты тек осы оймен, яғни тек сыртқы форма үшін жасалды деп ойламауымыз керек.  

Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда аса ауқымды жұмыстар басталып, ірі-ірі жобалар қолға алынып жатыр. Көрші мемлекетпен қатарласып, біздің шекара бойында жатқан облыс та одан әрі қарқынды түрде дамуы тиіс. Оған мүмкіндігі де, әлеуеті де әбден жеткілікті. Осы жағынан алғанда, бұл жаңалық біздің еліміз үшін, жаңа атауға ие болған облыс үшін тиімді болады деп ойлаймын. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы болғанына қуаныштымыз, әрі қарай жан-жақты дами беретініне сенеміз. Сонымен қоса, Шымкенттің де бұрынғы биігі аласармай, бұрынғы бағасы кемімей, одан әрі дами түспек. Бұл өңірдің халқы еңбекқор, саудаға бейім, бәсекелестікке қабілетті екенін онсызда білеміз. Облыс орталығы ауысты деп өкініп жатпағанына сенімдімін. Әрине, аздаған қиындықтар болуы мүмкін. Мәселен, Мақтаарал ауданынан Шымкентке дейінгі қашықтық бұрын 200 шақырым болса, енді жаңа облыс орталығы Түркістанмен арада 400 шақырым жол жатыр. Орталықтан қашықтай түскені сәл қиындық туғызғанымен, оған да біртіндеп бейімделіп кетеді деп санаймын.

– Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Осы бағыттар жөніндегі пікіріңізді білсек?

– Түркістан облысын қаймағы бұзылмаған қазақтың қасиетті қарашаңырағы, берекесі ұйыған киелі мекені деп санаймын. Осы қастерлі де, қадірлі мекеннің даму даңғылы ретінде саналатын аталмыш бағыттарды өз кезегінде ұсынылған тамаша бастама дер едім. Енді, ол жердегі: «Түркістан - қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы; Әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы; Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы;  Қожа Ахмет Ясауи - рухани тұлға сынды» төрт бағыттың айналасындағы атқарылар жұмыстар нәтижесін берсе, қаланың одан сайын қарыштап дами түсетіні уақыт күттірмейді.

– Түркістан облысын түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін алтын көпірге айналадыра аламыз ба?

– Меніңше, айналдыруға тиістіміз және оған әбден қауқарлымыз деп санаймын. Енді Орта Азия елдері мен Түркия мемлекеттерінің жалпы съездері, мәдени-рухани бас қосулары, түркі мемлекеттерінің саммиттері Түркістан шаһарында жалауын көтереді. Экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағытта жұмыстар жандана түспек.    

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы.  Енді, облыста туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылымның дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді.  Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады. 

Қайрат Сәдуақасов: «Түркістанда туристерді тартатын жағдай жасау қажет»

Әлем жұртшылығы Қазақстанда демалу мүмкіндіктері жайлы енді ғана біліп жатыр. Жалпы бізде динамика өте жақсы деуге болады. Орта есеппен 10% деңгейіндегі келушілер туризмі бойынша біз жыл сайын өсіп келеміз. Мұндай пікірді «Kazakh Tourism» ҰК АҚ төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов білдірді.

– Қайрат Серікұлы, туристік саланың жалпы беталыстары қандай? Қандай жаһандық өзгерістер орын алады деп күтілуде?

– Жалпы әлем үздіксіз даму үстінде. Туризм көптеген елдерде басымдығы мол сала. 2030 жылға қарай жалпылама көрсеткіш бойынша 1,8 млрд-тан астам адам ағылады күтіліп отыр. Яғни, бұл дегеніңіз, осыншалықты адам халықаралық шекаралардан өтетін болады деген сөз. Ал, Қазақстанда келер болсақ, бізде бұл үдеріс енді басталып, біртіндеп қолға алынып жатыр. Қазақстандағы демалу мүмкіндіктері жайлы әлем жұртшылығы ақпараттанып жатыр. Біздегі динамика көрсеткіші өте жақсы. Орта есеппен 10% деңгейіндегі келушілер бойынша бізде жыл сайынғы өсім байқалады. Соңғы 5-6 жылдағы ішкі туризм бойынша динамика 10-15% деңгейін құрап отыр. Бұл дегеніңіз көңіл көншітерлік нәтиже.

Бір қуантарлығы, біздің азаматтарымыз барынша көбірек Қазақстандағы демалыс орындарын таңдауда. Өзінің демалысын Отандық демалыс орындарында өткізуге өткізуге ниетті адамадар саны көп. Шетелге жылына үш рет шыға алатын адамдар бар, бірақ олар кемінде бір демалысын Қазақстанда өткізеді. Туризм түрлері бойынша беталыстар туралы айтатын болсақ, әлемде этнографиялық және саяхатшылық туризм кеңінен танымал болып келеді. Егер эко және этнотуризм әрқашан қызықты болса, онда аdventure-туризмге деген сұранысты жыл сайын 46%-ға дейін артуға болады. 

– Қайрат Серікұлы, соңғы уақыттарда тарихи жерлерді аңызға айналдыру туралы көп айтылып жүр. Мысалы, Түркістан қаласы Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүкіл түркі әлемінің тарихи-мәдени ортасы ретінде дамытылуда. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл нысанға жыл сайын қанша турист келетіні туралы болжам бар ма?

– Бүгінде Түркістан облысына, тікелей Түркістан қаласына көп көңіл бөлініп отыр. Түркістандағы бүгінгі келушілер ағымы Шымкент қаласынан есебінен орын алуда. Көптеген туристер күндіз келушілер немесе киелі орындарға бағыт алғандар. Сондықтан, негізгі міндет - адамдар Түркістанға түнеуге келіп, бірнеше күнге қалып, қаржыларын осында жұмсап, кәделі сыйлар алуына, мейрамханаларға баруына жағдай жасау болып отыр. Бізге осы жағына көп көңіл бөлу керек.

Қазірдің өзінде, әуежайдан басқа, қонақ үйлер де көптеп салынуда. Ендігі кезекте тұрақты темір жол мен автобус қатынасын жолға қою қажет деп санаймын. Біз Түркістан мен Шымкент қалалары қандай жағдайда да бірге дамитынын түсінуіміз қажет. Өйткені, мұнда үлкен ішкі нарық бар. Шымкент қаласында шағын және орта бизнестің шоғыры қалыптасқан. Дәл сондай нарықты Түркістанда да қалыптастыруымыз қажет. Бірыңғай маркетинг бағдарламасы мен бірыңғай инфрақұрылымдық даму жоспары қалыптасатын болса, түркі тілдес дүниеде де, ислам әлемінің басқа елдерінің арасында да Түркістанның алар әлеуеті зор болмақ.

Жанар Алчимбаева: «Туризм Оңтүстік үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр»

Түркістанның мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық дамуында алар орны ерекше. Мұндай пікірді Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Алчимбаева Жанар Галифулдақызы білдірді.  

– Түркістан өңірі әлмисақтан сауда-саттық пен ынтымақтың алтын ордасы болған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістанды облыс орталығына айналдыруы – ең бір ұтқыр да көреген шешім болды. Сіздің ойыңызша, ендігі кезекте Түркістанның Ұлы Жібек жолының бойындағы құндылығы қаншалықты арта түспек?

– Еуразия кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар соғылып, мәдени ошақтар салынды. Ғажайып сырға толы өзен-көлдер мен тау-тастар, ормандар мен шөлейіттер массиві тарихи кезеңдердің куәсі болып келеді. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар, ондағы ескерткіштер мен мәдени орындар, ескі ғимараттар өскелең ұрпаққа ұлағатты тарих болып қалары сөзсіз. Өз басым Түркістан облысының туристік әлеуетін жоғары бағалаймын. Жалпы, облыс орталығы мәртебесін иеленген Түркістан қаласы қашанда тарихи туризмнің алтын ұясы саналып келеді. Бұл жақта туризм кластерінің басым бағыты саналатын көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Қала басында қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театрлар, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, спорттық демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Бұл өз кезегінде туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын жағдай деген сөз.

– Түркістандағы тарихи туризм ошақтары мен шежірелі өлкелер жайлы не айтасыз?

– ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар мен Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі,  Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бәрі-бәрі осы облыста орналасқан. Бұл шежіреден сыр шертер орындарымыз әлі талай саяхатшыларға таңдай қаққызады деп сенімді түрде айта аламын. Өткен жылдың өзінде Түркістанға 1 миллионнан астам турист келген. Саяхаттаушылардың басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия азаматтары болып отыр. Бұл дегеніңіз қызығушылықтың өте жоғары екенін аңғартады Шетелдіктерден бөлек өзіміздің Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер дені көп. Туризм Оңтүстік үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы мәдени астана ретінде алдағы уақыттарда талай туристі қонақжайлықпен қарсы алатыны анық. 

 

Дәулет Жайлыбаев, жазушы, Этнограф, Еуразия ҒЗИ ғылыми қызметкері: Түркістан – Орта Азияның мәдени платформасы

Қазақстандағы туризм саласының дамуы жан-жақты жүргізіліп келеді. Соның ішінде мәдени туризмнің орны бөлек. Мысалы, Қазақстанға жылына 4 млн. 560 мың адам келіп, ЖІӨ-нің 5,3% туристік қызметтерден түскен қаржыдан құралады. Бұл көрсеткішті «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында» 8% дейін жеткізу көзделуде. Қазірге дейін ЮНЕСКО тізіміне Қазақстандағы 2 табиғи және 3 архитектуралық объектінің кіруі әлемдік статистикалық көрсеткіштерде еліміздің мәдени туризмді дамытуға қолайлы екендігін түсіндіреді.

Қазақстанның туризм саласының мәдени немесе этнотуризмге негізделуі оның көне көшпелі өркениет пен Жібек Жолы бойындағы қалалық мәдениеттің сақталуының нәтижесі болып отыр. Себебі Қазақстандағы табиғи және архитектуралық ескерткіштердің бүгінгі күнге жетуі халықтың этномәдениетімен тікелей байланысты.

Қазіргі кезде Түркістан қаласының маңындағы археологиялық ескерткіштердің саны 99-ға жетіп отыр. Бұл өңірдегі көне қалалардың мәдени қабатының тереңде екендігін көрсетеді. Түркістанның көне мәдениетінің соңғы кезеңдері Қазақ хандығымен тікелей байланысады және онда қазақ хандары мен билерінің пантеоны қалыптасқан (өз кезегінде қазақ халқы Түркістанға зиярат етуді «кіші қажылыққа» теңеген). Қаладағы бұл нысан- дар археологиялық және этнографиялық кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасындағы» ТОП-10 енген туристік нысандарға Түркістан облысы жылына 1,5 млн. турист тартуы қажет. Ал, осы бағдарламада Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне қатысты арнайы «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластері қарастырылады. Бұл кластер Қызылорда облысының орталық және шығыс бөлігін, Түркістан облысының оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс бөлігін, Жамбыл облысының оңтүстік-батыс бөлігін қамтиды. Сондай-ақ, «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластері кезең-кезеңмен кеңейтіліп, «Ұлы Жібек жолының жүрегі» ретінде сипатталатын болады. Жалпы алғанда, Түркістан облысының туристік кластеріндегі мәдени туризмнің орны ерекше. Оның келешекте даму әлеуеті жан-жақты дамытылатын болады. Бұл Қазақстанның тек туристік саласы үшін ғана емес, сонымен қатар, бүкіл Орталық Азияның экономикалық және мәдени платформасы ретінде қызмет атқаратыны сөзсіз. Сондай-ақ, облыс халқының әлеуметтік құрылымының өзгеруіне де оң ықпалын тигізеді.

Қорыта айтқанда

Қазақтың тарихы, ешкімге ұқсамайтын болмысы, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, дәстүрі кім-кімді болмасын қызықтыратын сөзсіз. Шет елден сапарлап келушілер өзге де өркениетті көргісі келеді. Еуропа, Азия елдерін айтпағанда, іргеміздегі жатқан Өзбекстан мемлекеті бұл жағынан бізден біршама алға адымдап кетті. Олар сан ғасырлық тарихы, қайталанбас шығыстық дара сәулеті бар Бұқара, Самарқан, Қоқан мен Хиуа секілді көне қалаларын туризм орталығына айналдырғалы біраз уақыт өтті. Жалпы, туристер қауымына заманауи қалалардан гөрі көне, тарихи қалалар көбіне қызығырақ екенін ескерсек, Түркістанға да туристер ағылатындай алғышарттар жасалынуы тиіс. Оның туризм әлеуетін қалыптастыруға толықтай мүмкіншілік те, жағдай да бар. Тек уақыттың еншісіндегі шаруа ғана...

Біз – тектіліктің тегеуріні мен ұлтжандылықтың ұстынын ұсақтатпаған дана халықтың ұрпағымыз. «Өткенін ұмытқан елдің – болашағы бұлыңғыр» деген тәмсілді ой зердесіне қонақтатқан жұрттың жалғасымыз. Мәңгілік мұратты мақсат еткен бабалардың асыл армандары мен мақсат-мұраттары – сіз бен біздің ардақты аманатымыз. Ендеше, сол аманатты арқалаған арда елдің алар асуы мен бағындырар белесі көп болсын!  

Тимур АТАБАЙ,

журналист