Қызыл көпір

Екпінді ауылындағы Бөген өзеніне салынған жұрт аузында «Қызыл көпір» аталатын көпірдің өзіндік тарихы бар. Осы кезге дейін көпірдің тірегі өзеннің табанынан өрілген қыштары еш үгітілмей сол қалпында (қыштың мұрты бұзылмай) сақталған. Көпірдің қаңқа бөлшектері болат темірден жасалған. Бір ғажабы оны құрастыруда бірде-бір болт немесе гайка пайдаланылмаған. Ыстық, суыққа есептеліп салынған күрделі инженерлік құрылыс. XVIII ғасырдың екінші жартысында Орта Азияда феодалдық Қоқан хандығы құрылып, Оңтүстік Қазақстан оның құрамына енгендігі тарихтан белгілі. Бұл дәуір Ресейдің де Қазақстанды өзінің отарына айналдыра бастаған кезеңі еді. Патша үкіметі бұл өңірді тез игеру, Шымкентте қатынасты жақсарту үшін жол және өзендерге көпір салуды қолға алған.

Бұл шежіреге суы мол, көктемде өткел бермес Бөген өзеніне көпір салу туралы қабылданған (Уз. ССр, фонд 17, опись1, ед. Хр. 25477 «О престройке моста через Бугунь» - 1879г.) құжат дәлел болады. Аталған көпір Самара-Шымкент жолынан 80 метр жоғары Бөген өзеніне 1886 жылы кіші инженер Петровскийдің басшылығымен, бұрынғы ағаш көпірдің орнына салынған, - деп көрсетілген жоғарыда аталған құжатта. Жібек жолы күре тамырының керуендері үшін бұрын өзеннен ағаш көпір болған сияқты. Ал кейінгі темірден көпір салдыру, патшалық Ресейдің қазақ елін отарлау мүддесінен туындаған. Оған дәлел: Леонтьевка, Орловка, Китаевка, Глинково орыс селоларының пайда болуы. Оларға патша үкіметі тұрақты көмектесіп отырған. Міне, сондықтан жол қатынасын жақсарту мақсатында өзендерге көпір салдырған. Осы көпірді 1962 жылға дейін игілігімізге жаратып келдік. 1962 жылы қазіргі күннің талабына сай жанынан темірден жаңа көпір салынды. Болашақ ұрпағымызға XIX ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде, дені темірден құрастырылған ұзындығы 34 метр көпір сол күйі сақталуы қажет.



Бөлісу: