Қоғамның жаңаруы – рухани жаңғыру
жеке
блог

Қоғамның жаңаруы – рухани жаңғыру

Елбасымыздың жаңғыруы өскелең ұрпақтың болашақта дамуына жаңа леп алып келген Елбасының соңғы жолдауы жаңа жаңғырық, жаңа бастама жаршысына айналғаны хақ.  Түп тамырыз тарихтан бастау алған рухани жаңғыру барлық айтулы кезеңді қамтып, бәсекеге қабілетті елге айналудың жолын бірізді жоспарға қойған. Еліміздің бағдарлы болашағы үшін басылып шыққан жолдаудың бүгінгі жас пен келешек ұрпаққа берері мол. Әлемдік дамыған мемлекеттермен тереземіз тең, керегеміз кең, шаңырағымыз шайқалмай, экономикалық, әлеуметтік тұрғыда талмай дамудың қыры мен сырын сарабдал саясатымен Көшбасшысымыз уақытылы бұқара халыққа дәл жеткізді.  Ықылым заманнан, қазақ тараған сақ тайпасынан бастап, тайға таңба басқандай ғасырлар бойы елдігіміздің тұтқасы, тамыры, түбі, тегі болатын тарихты толықтай тілге тиек ете отырып, тарихтан кеткен қателіктерге бой алдырмай, ғұмырлық сабақпен еліміздің азаттығын одан әрі асқақтата түсу жолында жасалған құнды рухани жаңғыру болып табылады. Тарихы, дәстүрі, салт-санасы жоқ ел болмайтыны сияқты, рухани құндылығымызды уақытылы қолда ұстап қалып, асылдың сынығы, көненің көзі болған жәдігерімізді жарты жолда қалдырмай, аумалы-төкпелі заманда жастарға мұра ету әрқайсысымызға азаматтық парыз. Сондықтан да барша Қазақстан үшін үгіт насихат етуге тұрарлық жаңа бастаманың айтары көп, тағылымы мол. Тәуелсіздікке қол жеткізу қиын, ал, оны орнында ұстап тұру одан да ауырға түсетіндіктен, жолдаудың әр тармағына жіті назар аударып, орындалуына орасан зор еңбек ету керек. Білімді дамыту, ең үздік жүз қазына кітапты шет елге аударып таныту, шет елдің алдыңғы шығармаларын, маржанға толы кітаптарын ана тілімізге аударып, жастар танымын кеңейтіп, біліктілігін жетілдіріп, жетістігіне куә, жемісін ұлт игілігіне арнайтын азамат тәрбиелудің жолына жолдау жеке тоқталған.

Тілің жоқ болса, ділің де, елдігің де болмайтыны анық. Тілсіз аңмен бірге аң болып, шаңмен бірге шаң болып, ұстағанның аузында, тістегеннің қолында кетесің. Қазақ тілінің мәртебесін асқақтату, дүние жүзіне таныту, тынысын кеңейту үшін латын әліпбиіне көшу шарасын жолдау аясында тоқталған. 2025 жылға дейін еліміздегі барша кітапты, жазуды латын әрпіне көшіріп, қазақ тілін, тұғырын сақтауға негіз болатын әрекетке нық қадам жасамақшы.  Ұлт үшін шырылдап, жанын беруге даяр аға буын қолдай кеткен латын әліпбиі әлемдік көзқарас пен қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыратын, дүбірлі дүниеге танытатын, табысқа жетелейтін жаңа бастама деп айта аламын. Еліміз үшінші  жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан шақта, Елбасының үшінші жаңғыруы, жаһандық жариялымға лайық бағыт. Алайда, мұқалмас мақсатқа жету жолында ойымыз ісімізден алда, еңбегіміз ауқымды, іргелі істерге ұйытқы болуы тиіс. Дүние жүзінде сана сезім өзгеріп, құндылықтар орны ауысқан заманда халық руханиятын қорғап, ұлттық кодымызды сақтасақ, еліміздің көсегесі көгеріп, кемелдікке қол жеткізетініміз анық.