Бутаковка сарқырамасына саяхат...

Бутаковка сарқырамасына саяхат...
жеке
блог

Түрген сарқырамаларын және оларды қоршаған көркем табиғатты кез келген Алматы тұрғыны біле тұрғанымен, орналасуының қолайсыздығына байланысты әркім бұл сарқырмаларға саяхат жасай бермейді. Бірақ, Түрген сарқырамаларынан кем түспейтін Бутаковка  сарқырамасы жайлы көбісі біле жатпайды. Астыңызда темір тұлпар болса, қала орталығынан бұл табиғат сыйына дейінгі жол уақытыңыздың жарты-ақ сағатын алады. Алайда, бұл мақалада мен ешкімге қызық болмайтын көлікте өткізген 30 минуттық жол емес, өз басымнан өткен жаяу саяхатты және оның бағдары жайлы мәлімет беремін.

Әдетте әрбір саяхат 2-3 күн бұрын алдын ала жоспарланады. Бірақ бұл саяхат әдеттегідей болмады. Біздің тауға шығу жоспарымыз және бағдарымыз бір күннің ішінде-ақ шешілген мәселе. Әрине, бағдарымыздың соңғы нүктесі ретінде Бутаковка сарқырамасы болып таңдалды.

Міне, саяхат күніне де жеттік, жоспарланғандай 11.30-да мен және 3 досым Қазақстан қонақ үйіне қарама-қарсы орналасқан аялдамада кездестік. Саяхат басталмай жатып шегіміз қатқанша бір күліп алдық. Оған себеп - аяғына "шлёпки" қыстырып алған, атын жазбай-ақ қояйын, бір досым. Бірақ ол саспай, "тауға шығатынымызды айтпайсыңдар ма" - деп жауап қайтарды. Міне, осыдан-ақ біздің саяхатқа дайындық деңгейімізді аңғаруға болады. Осы көңіл-күйде қоғамдық көлікке отырып, саяхат бағдарының бастапқы нүктесі - Медеу мұз айдынына жол жүрдік.

Саяхатымыздың алғашқы нүктесі: негізгі тас жолмен келе жатқанда Медеу мұз айдынына 50-60 метр жетпей солға бұрылыс. Бұл бұрылысты табу біз үшін қиынға соқпады. Бағдарымыздың алғашқы бөлігі салыстырмалы түрде оңай болды, оған себеп - тас жол. Осы жолмен жоғары көтеріле берсеңіздер, үлкен жеке меншік үйлерге табан тірейсіздер. Жолдың бұл бөлігі қысқа болғанына қарамастан біз шыдамай, орта жолда тамақтанып алдық

Солға бұрылыс

Тас жол аяқталған тұста жай жол басталды. Егер жол бір ғана жай жолмен жалғасса жақсы ғой, бірақ біздің алдымызда екі таңдау тұрды: оның бірі - жаңағы жолдың жалғасы, тағы бірі тау шатқалдарының арасына бағытталған.  Біз интуициямызға сеніп, бастапқы жолдың жалғасын таңдадық. Кейін бұл жай жол бірнеше жалғыз аяқ жолдарға тармақталып кетті. Осы аймақтағы тау шатқалдарын тамашалауға келушілердің көптігі болса керек, соқпақ жол анық көрінді. Бұл саяхатымыздың қызыққа толы бөлігі болды.

Жай жол

Жай жол

Соқпақ жол

Қайда қарамасаң көз тамсындырар әсем көріністер. Аспанға бой жүгірткен биік-биік қарағай-қайыңдар төбеңнен қарап тұрғандай әсер қалдырады… 

Бор

Тауды бойлай жоғары көтерілген сайын жүрісің бәсеңдей түсіп, тынысың тарыла бастайды. Бірақ, айналаға қарап, баурайын жасыл кілем жайлаған асқар биік тауларды көргенде жаныңа бір тыныштық келіп, екінші тынысың ашылғандай боласың

Тау

Соқпақ жолды жағалай өскен қызыл таңқурай жүрісімізді одан ары бәсеңдете түсті…

Таңқурай

Осындай әсем табиғат ортасында жүріп, жолымыздың 3/4-ін жүріп өткеніміз де, сол жолға 2-3 сағат жұмсағанымыз да білінбей кеткен. Басымызда дұрыс бағытта келе жатырмыз ба деген ой да жоқ. Бірақ, біздің дайындық деңгейімізге қарағанда бәрі болуы мүмкін. Осы сәтте жаңағы біз ентігіп, қиналып шығып келе жатқан тау асуында осы асудан түсіп келе жатқан екі орыс апаларын кездестірдік. Осындай биіктікте апаларды көріп, қатты таң қалдық. Осы кісілерден бағдарымыздың дұрыс-бұрыстығын сұрап, анықтап алдық. Өкінішке орай, саяхаттың басындағы таңдауымыз қате болып шықты. Қайтарға жол да жоқ, шамада жоқ, сонымен бастапқы бағдарымызға қайта жол табамыз деген оймен тәуекелге бет бұрып, қысқа жол іздедік. Әне-міне дегенше адасып та үлгердік. Бірақ ешқандай жағдай фотосурет түсіру процессін тоқтата алмайды...

Ағаш

Ағаш

Таулар

Ақырында, бір тауды ары-бері айналып, бастапқы жоспарлаған сарқырама шатқалына жол таптық. Бұл жолғы бағытымыздың дұрыстығының дәлелі ретінде сарқырмадан бастау алған шағын өзен бойында демалып отырған бір топ адамдар. Қалған сарқырамаға дейінгі 30 минуттық жол тасты бөгеттерді атаумен өтті. 

Тастар

Межелеген нүктемізге сағат 15.30-16.00-дерде жеттік. 

Сарқырама

Қорытындылый келе, саяхат қызықты сәттерге тола болды. Бір күнге болсын қалалық әбігерліктен қашып, табиғаттың көз тамсандырар әсем көріністерімен сусындап қалдық. Айта кететін жайт: "қолда барда алтынның қадірі жоқ" демекші, қолымызда бар табиғат ғажайыптарына жылына бір рет қана шығып тұратыныма қатты өкінемін. Сондықтан, сәті түссе табиғатқа шығуды әдетке айналдыру қажет деп ойлаймын.