ЖАНБОТА (әңгіме)
жеке
блог

ЖАНБОТА (әңгіме)

Жанбота кеткен Түркістан жаққа қарағыштай берем. Жанботаның елесі де көрінбейді. Қаршадай қыз түгілі, Түркістанның төбесі көрінсе де қалай. Көрінбейтінін білемін, бірақ қарағыштай берем. Онымды ешкім байқап қоймасын деп те қуыстанатыным бар. Абырой болғанда, жанымдағы жігіттердің ешқайсысы мұнымды аңғарған түр көрсетпейді. Аңғармайды-ау сірә, сезіп қойса мазақ пен қалжыңның астына алар еді ғой.

Шымкенттің шетіндегі жаңа құрылыс алаңында жүргеніме екі айдан асты. Әке-шеше дегеннің кім екенін ұмыттық. Құрылыс басталғанда 15 шақты жігіт едік, Жанбота оқиғасынан соң азайып кеттік. Бәріміз де шетімізден сақырлаған бойдақпыз. Жастық дегенді қойсайшы, күндіз жұмыстан қалжырап келудің орнына, кешке қаланы аралап кетеміз. Қалтамызда түк ақша жоқ болса да, Шымқаладай алып шаһарды аралағанымызға мәзбіз. Мектепте жүргенде Шымкенттің атын ғана естуші ек, міне қазір ой-шұқырын түгел дерлік жаттап алсақ та мүйіз шыққан жоқ.

«Жанбота кім? Сен кімсің? Қайдағы құрылыс алаңы?» деп түсінбей отырған шығарсыз, оқырманым? Жоқ, осы үш тақырып бір арнаға тоғысады, бір-бірімен байланысы бар болғасын баяндағалы жатырмын ғой. Бәрін бірден екі ауыз сөзбен түйіндей салсам проза бола ма?

Біздің жұмыстың айлық төлеу әдісі қызық-ақ. Жұмысқа шыққан күніңе ғана төлейді. Әй-шәй жоқ, жұмысқа келмей демала салсаң да болады. Бірақ ол күніңе айлық жазылмайды. Содан шығар, күн сайын кемі 3-4 жігіт жұмысқа келмей қалады. Онымен жұмыс өне ме? Бригадир де ақылды адам екен, құрылыс басына аспаз қып екі жас қызды әкеліп қойды. Қыздарға үйір болғысы келді ме, сол күннен бастап бәрінің төрт көзі түгел келетін болды. Жұмыс дөңгеленіп ала жөнелді. Әй бригадир-ай, ақылыңа құрық бойламайды-ау.

Түс мезгілі болғанда әлгі қыздар қоңырау қағып, түскі асқа шақырады. Қоңырау даусын есіткен сәттен асханаға ағыламыз. Балға, балта, шелек секілді заттар қоңырау шалған кезде қай жерде тұрсақ, сол жерде қап қояды. Ал біз асханаға лап қоямыз. Бірінші күні қыздардан ұялдық па, әлде мәдениетті көрінгіміз келді ме, сып-сыпайы бола қалдық. Екі қыз әрқайсымызға тамақ әкеледі де, «ас болсын» деп нәзік дауыстарымен сыңғыр ете қалғанда, асханадағы жігіттердің жартысының жүрегі орнынан бір қозғалып түседі.

— Қарындас, атыңыз кім? — дейді қылжақбастау Барат дарақылығымен елдің алдында жүретін ежелгі әдетпен. Ол атын оңайлықпен айта салушы ма еді?

— Тамағыңызды ішіңіз де, жұмысыңызды істеңіз. Қызбен танысқаныңыз үшін емес, жұмыс істегеніңіз үшін айлық төлейді сізге, — деп еді, ана «пысық жігіттің» аузына құм құйылды.

Ұзамай екеуінің де атын біліп алдық. Арнайы танысқан жоқпыз әрине, екі қыз бір бірінің атын атап шақырды да, «қыздың есімі кім екен?» деп жанымызды жегідей жеген атан түйедей ауыр проблемамызға нүкте қойылды. Біреуінің есімі — Жанбота, анаусы — Алмагүл. Бригадиріміздің балдыздары. Екеуі де мұғалім екен, бірақ жазғы демалыста осылай қосымша ақша табу үшін аспаз боп жүрген көрінеді.

Мұғалім екенін естіген соң жігіттер оларға тіпті жапырылды. Екеуіне ғашық болмағаны кем де-кем. Байғұстарға қиын болды, негізі, жүректері ауырып.

Менімен бірге плотник боп жүрген Ислам деген жігіт бар. Екеуміз азанды-кеш ажырамаймыз. Сонау көрші облыстан нәпақа іздеп келген. Менен гөрі пысығырақ. Өзін мәрт, жомарт жігіт қып көрсеткісі келеді, бірақ дүние десе өршеленіп кететінін білдіріп қоя береді. Құрылыс алаңында бір қағылып, лақтырып тасталған майысқақ шегелерді жинап, үйіне апарып, мал қора соғып алыпты. Жұмыртқадан жүн қырқатындар осындай-ақ болатын шығар деп қоям. Аттаған жерінен пайда тауып жүретін «жаңа қазақ».

Әлгі періштедей екі қызға осы Ислам да ғашық болып қалыпты. Енді баяғы пысықай Ислам емес, жүрегін от кернеген мәжнүн ғашыққа айналып шыға келді. Аһылап-үһілейтін әдет пайда болыпты. Оның мына өзгерісін қабылдай алмай жөн сұраймын.

— Саған не болған? Жүрегің жайында ма?

Ол не деп жауап берерін білмей, қолындағы балғаны жерге тастай салды да, темекі тұтатты.

— Мәке. Ана қыздар маған қарай ма, жоқ па? Қалай ойлайсыз? — деп сұрақты төтесінен қойды.

— Қарата алсаң қарайды ғой. Неге қарамасын? — деймін жігер бермек болып. Ал шындығында, үсті-басы шаң боп, екі күн қырынбаса бет-аузын түк басып кететін бұл «жабайыға» қарай қоятынына күмәнім бар еді. Ол да тура мен секілді ойлайды екен.

— Жездесі мынадай бригадир болса. Өздері мұғалім болса. Менің жүрісім мынау. Қайдам… Ұялып қалам-ау… — деді көңілсіз дауыспен.

Аһылап-үһілей беретін себебі осы екен. Баяғыдай шашылып жатқан шегені де жинауды қойды. Бар ойы ана екі қызға ауғасын тіміскілене беретін әдетпен уақытша болса да қоштасқан секілді. Иә, мынадай махаббат деген маңызды нәрсе тұрғанда шегені неғылады.

Бір күні бір күнінен аумайтын құрылыстағы күндер ақырын өтіп жатты. Бригадирдің туысы болған соң ба, жаңағы екі қызға жігіттердің ешқайсысының тісі батпайды. Оның үстіне Алмагүл дегені тым ашықтау, тілі де ащы, сөзбен меселіңді қайтарып тастайды да, қайтадан беттей алмайсың. Айтар сөзіңді абайлап айтасың. Өжет қыз. Сәл сөз таластыра қалсаң:

— Қазіргі жігіттер қызбен салғыласудан да ұялмайды! Сөз қуып кетеді. Ұсақталған деген осы шығар! — дейді де, аузыңды жауып тастайды. Болды, ары қарай өзің де «жігіт атаулының атына кір келтірмейін» деп тыныш жүресің. Бәлкім кіл жігіттердің арасында жүрген соң да солай батылырақ, сұстылау болғаны дұрыс шығар.

Жанбота керісінше, көп сөйлемейді. Ешкімді тілімен шақпайды да, артық сөз де айтпайды. Алмагүлге қарағанда мінезі ауырлау. Сөйлеуі де қиын. Алмагүлден гөрі әдемірек, ажарлылау. Бірақ сұлулығын бұлдайтын қызға ұқсамайды, тал бойынан болмысына жарасатын қарапайымдылық есіп тұрады. Жігіттердің бәрі аузынан суы құрып, Жанботаның мінезін, сұлулығын, әдептілігін жыр қылады да жүреді. Көздері өтіп кетпесе игі деп қоясың тамсанғандарын көріп.

— Нағыз келін болатын қыз екен, Жанботаға үйлену керек, — деп Исламның есі кетіп жүргені осы қыз.

— Жанботаға үйлену керек те, проблемадан құтылу керек боп жүр, Мәке, бұған не дейсің? — дейді.

«Проблемадан үйленіп құтылғысы кеп жүрген» әпендіні бірінші көруім. Бойдақ болсам да бағамдаймын, керісінше проблема біткен үйленген соң басталмай ма?

— Не проблема? — деймін жігіттің болашаққа жасаған «стратегиялық сарабдал жоспарын» білгім кеп. Сырын бір айтса маған айтады, басқа жігіттермен оншалық әмпей-жәмпей емес. Қанша пысық болса да, қыздың алдында сүмірейе қалғаны таң қалдырады-ақ. Әлде шынымен сүйе ме екен? Солай шығар, әйтпесе бұлай ала бөтен қиналмайды ғой. Бірақ аузынан мен ойлағаннан басқа сөз шықты.

— Осындай дипломы, жұмысы бар қызға үйленгім кеп жүр. Әйтпесе өзім оқымағам, оқымаған қыз алсақ қалай күн көреміз? Қалай, дұрыс айттым ба?

Бұл сөзіне таң қала қоймадым. Сынық шеге көрсе де пайдаға балап, қалтасына салып алатын жігіттің басқа қалай ойлауы мүмкін еді? Мұны махаббат емес, әлі құрамаған отбасының экономикалық мәселесі қатты мазалап жүргенін сезе қойдым. Бұл да қызық, «ғашық емеспін, жұмысы мен айлығына қызығып жүрмін» деп ашық айта салмай ма?

— Өзің неге оқымадың? — деймін сыр тартып. Әйтпесе өзім де оқымағанмын. Бірақ ешқашан «жұмысы бар, айлығы бар, отбасылық бюджетке пайда әкелетін дайын қызға үйлене салу» жайлы ойлаған емеспін. Жұрттың балалары шынында пысық-ей.

— Неге оқымадың дейсің бе? Оқығым келмегендіктен емес, үйдегілерді ойладым. «Сен еркексің ғой. Құрылыста жүрсең де өлмессің. Одан да ана қыздарды оқытайық» деген үйдегілердің айтқанын тыңдадым. Содан сол, құрылыста жүрмін ғой, — дейді Ислам отбасындағы саяси мәселелерді де жасырмай.

Таныс әңгіме. Өз басым да тап солай «әуелі қыздарды оқытайық, жігітке қайда да жұмыс табылады» деген отбаси саясат салқынының құрбаны болғанмын. Сөйтсек, бұл тұрғыда жалғыз емес екенмін. Көп екенбіз. Шүкіршілік қылайын ба, қайтейін?

Осылайша Исламның дағдарып, әрі-сәрі боп жүрген күндері еді. Бар қайғысы — ана Жанбота. Пысықай біреу іліп әкетпей жатып, әрекет жасап қалғысы келеді, бірақ қызға онысын айтуға батылы бармайды. Кейде түннің бір уағына дейін ұйықтай алмай бақырайып жатқанда, халін шын ұққандай боламын. Мына тоз-тоз боп жүрген жүрісінен ұялады да, өзін қыздан төмен санай береді. Кейде оқуға түсірмеген әке-шешесін кінәлап та алады.

*  *  *

Шымқалаға қатты үйреніп қалдық. Бұл кезде тамыз айы орталап, айналадан күз белгісі қылаң бере бастаған-ды. Жаздың күндері өзінің болмысына сай жайдары өтіп жатты. Бір қалыпты өтіп жатқан күндер де кейде жалықтырады. Мен болсам бір өзгеріс күтіп жүрдім. Бұлай кете беруі мүмкін емес қой. Бір күні болмаса, бір күні әлгі екі қызға таласып, жігіттердің арасына от түсуі де ғажап емес. Мен осындай бір дүрбелеңді күттім. Мына қарабайыр күндер сол дауыл алдындағы тыныштық секілді сезілді де тұрды. Жүрегім бір нәрсені сезеді.

Көп күтпей мен сезген дауылдың көкжиектен қарасы көріне бастады. Түс мезгілінде әдеттегідей асханаға жиналдық та, орнымызға жайғастық. Енді ана екі қыз бізге тамақ таратады. Жігіттер асыға күтетін, бірақ қас-қағымда зу етіп өте шығатын сүйкімді әрі лирикалық сәт бұл. Сондағысы — екеуі «ас болсын» деуден әрі аспайды. Соның өзіне мәзбіз. Ана қалжыңбас Барат секілділер «Неге күніне төрт рет тамақтанбаймыз, а?» дейтініндей бар.

Ислам екеуміз бір үстелге жайғасып, қарама-қарсы отырамыз. Құрылыс басталған бірінші күннен бастап солай келеміз. Міне үшінші айдың жүзі болды, егіз қозыдай ажыраған емеспіз. Біздің үстелге Жанбота келді де, Исламға тамақ ұсына берді. «Ас болсын» деген кездегі Исламның қандай сезімде болғанын іштей шамалаймын. Қызара бөртіп отырған түріне қарап, іштей арсыз күлкі қысты, бірақ өзімді ұстай білдім. Артынша Жанбота маған да тамақ әкелді. Көлемі екі-ақ уыс тәрелкеге салынған палауды ұстай бергенім сол еді. Қыз да мені ұстады деп ойлады ма, жібере салғаны. Тәрелке бетон еденге түсіп, күл-паршасы шықты. Палау тауыққа шашылған жемдей жерде айра-жайра боп қалды.

Мына тосын «апаттан» соң бұйығып отырған асханаға жан бітті. Жанбота маған аздап абыржыған, жартылай кінәлаған, жартылай таң қалған түрмен қарады да:

— Дұрыстап ұстамайсыз ба? Құрттыңыз ғой, — деді жәй ғана. Әдеттегі жылы жүзі түк те өзгермеді. Бәрін де түсінетін, ондай-ондай боп тұратынын, бір тәрелкемен дүние құрып кетпейтінін ұғынған кейіп. Мұндай сұлу мінез әркімде-ақ бола бермейді. Егер оның орнында Алмагүл болғанда, бір шағып алар еді. Әлде де бағым бар екен.

Асханада әр жерден сылқ-сылқ күлкілер пайда болды. Мұндайда дарақы Барат бірінші шымшып үлгереді.

— Мәке-ай, арамыздағы сау қалған сен шығар десек, сен де қатарымызға қосылып үлгеріпсің ғой! — деп қарқылдап күлді.

— Бір өзі бізден бөлініп қайда барады? Көппен көрген ұлы той! — деп екінші біреу қоштады.

Ондайларды үндемей жеңесің. Не болса да, асханадағылар бір жасап қалды. Мен далбасалап, жердегі ыдыстың сынықтарын, шашылған палауды жинап бердім. Айыбымды жуған түрім ғой. Бір жағы олақтығымнан да ұялып жатырмын.

Алмагүл басқа ыдыспен тамақ әкелді.

— Енді абайлаңыз, тағы сындырсаңыз, айлығыңыздың жартысы ыдыс төлеумен кетеді, — деп тілінің бізін сұғып үлгерді…

Бәрі осы қираған тәрелкеден басталады деп кім ойлаған. Соның артынша-ақ досым санап келген Ислам маған қыр көрсете бастады. Әңгіме ауаны да өзгере салды. Баяғы жартылай жайдары мінезінен ұшқын да қалмай, мен танитын Ислам емес, басқа бір жұмбақ, бейтаныс, қабағы ашылмайтын біреуге айналғандай. Асханадағы кішігірім, елеусіз оқиға бұған басқаша әсер етіпті. Біраз уақыт бітеу жара құсап түйіліп, сыздап жүрді де. Бұл сыздауы ұзаққа созылмады, тарс жарылып, маған тиісті.

— Досым деп жүрсем… Өзің барып тұрған сұм екенсің-ау! — деп орта жолдан төтелетті.

Мен түкке түсінбей, себебін сұраймын. Әзілі шығар деп қоям, олай емес екен.

— Не боп қалды? Тыныштық па?

— Не болушы еді? Жанботаға өзің де көз салып жүр екенсің ғой. Жер бетінде содан басқа қыз жоқтай, тап менің қызыма қарамасаң қайтеді?

— Оны кім айтты? Қой, жалаңды жаппа.

— Кім айтуы керек? Көрініп тұр ғой! Жасырмай-ақ қой! Мен саған адам деп сеніп, сырымды ақтарып… Өй, баршы ары! — деп менен біржола түңілген адамша қолын сілтеді.

Ақырындап осылайша қатты кетісе бастадық. Бұл қызғаншақтық дегенді қойсайшы. Оның ойынша, қыздың назарын өзіме бұру үшін, қызбен бір ауыз тілдесіп қалу үшін асханада тәрелкені әдейі сындырған көрінемін. Міне, мәселе қайда жатыр? Мынаның ойы қалай-қалай ей? Тәрелкенің сынғанын солай қабылдаған да, ол ойы балалап, дамып, күмәнға айналған ғой. Ал адамның өз ойы өзіне дұшпан. «Күмән иманнан айырады» деп бекер айтылмаған шығар.

Сол сәттен бастап Ислам тырысты да қалды. Арамыз да ақырындап алыстай түсе бастағанын сезе қойдым. Мен Ислам үшін бақталас біреуге айналып шыға келдім. Бәрін құртқан әлгі Бараттың әзіл-шыны аралас қалжыңы сияқты. Не болса да құрылыстағы жігіттердің арасына ши жүгірді, енді бұрынғыша бір үйдің балаларындай тату бола алмайтынымыз айтпаса да түсінікті еді… Көңіл де қираған тәрелке секілді. Сынса қалпына келмейді.

Ислам шынында да өзгерді. Ашылып сөйлесуді де қойды. Не жазып қалғанымды іштей сезем, бірақ кінәсіздігімді дәлелдеуге өзі мүмкіндік бермей жатса  қайтем?.. Сөзімді байыппен тыңдаса, бәлкім райынан қайтар ма еді, бірақ олай ететін Мәжнүн қайда? Байғұс жігіттің содан беті бері қарамады. Достығымыз осымен тәмам болды. Тәрелкемен бірге ол да құрдымға кетті.

Екі жігіт «арамыздан қыл өтпес доспыз» деп бір-біріне айтып жатса, тыңдап тұрған үшінші біреу «араларыңнан қыз өтсе көрер ем» деген көрінеді. Ислам екеуміз дәл сол анекдоттағы жігіттердің кебін кидік.

Сол күні кешке Ислам жоқ боп кетті. Кешкі аста бірінші рет үстелде жалғыз тамақтандым.

Ислам түнде жататын үйге де келмеді. Не жоспары барын білмеймін, зым-зия жоқ болды. Бірдеңені бүлдірмесе жарар еді.

Ертеңіне таңертең күндегідей ешкім ұйқыдан оятпады. Сеспей қатып ұйықтап қалыппыз. Күн арқан бойы көтерілгесін ғана Бараттың жас баланы шошытып жіберетіндей даусы ұйқымызды ашты.

— Оу халайық, жұмысқа бармаймыз ба? — деп дарылдап бөлмені басына көтергенде ес жинадық. Жұмысқа әкететін автобус та келмепті. Бүгін жұмыс болмайды, сәрі…

Бөлмеде жаттық та қойдық. Сәлден соң құрылыс жақтан хабар келді. «Бүгін-ертең жұмыс жоқ, демалып, тынығып, киімдеріңді жуып алыңдар» деп бригадир дұғай сәлем айтып жіберіпті.

Улап-шулап қалдық.

— Жанбота мен Алмагүлді екі күн көрмей қалай шыдаймыз? Бұл қалай, жолдастар? — деп жар салды Барат.

— Жоқ, мен жұмыс істемесем болмайды, құр жата алмаймын деп құрылыс басына барып жатып алсам ба екен? Әрі бригадирге де жақсы көрінер ем. Қалай ойлайсыңдар? — дейді біреуі.

Қыздарға бой үйретіп алған жігіттерге мына демалыс ауыр соқты. Енді бір бөлмеде осылай топырлап жатамыз да қоямыз.

Ана Исламнан хабар жоқ. Ол шіркін де маған уайым бола бастады. Бірдеңеге ұшырап, кінәлі мен боп шықсам, қуырдақтың көкесін сонда көресің.

Қызықтың бәрі кешке болды. Тосын жаңалық төбемізге найзағай үйіргендей болып, сенер-сенбесімізді білмей бас шайқадық. Ислам бекерге жоғалып кетпепті. Ауылына барып, бір-екі достарымен келген де, асханада ертеңгі тамақты дайындап, қаннен-қаперсіз отырған Жанботаны зорлап алып қашқан. Қыз көнбей, ісі сотқа өтіп кете жаздап, әзер тоқтайды. Исламның ағайын-туысы ауыл боп жиналып келіп, қыздың үй-ішінен кешірім хатты зорға алады да, іс жабылады. Осылайша «байтал түгіл бас қайғы» болып, өз басының амандығын ойлаған Ислам байғұс махаббатынан баз кешеді. Бригадир сол істің әлегімен кетіп, бізге екі күн демалыс жариялаған екен.

Мұндағы жігіттерден шошынған әлгі екі қыз құрылыс алаңында енді істемейтін болыпты. Бұл жаңалық ешқайсымызға ұнаған жоқ. Көңіл-күйімізді түсіріп жіберді. Әншейінде бірдеңені айтпай қалмайтын дарақы Бараттың да көңілі біржола сынды, мына жаңалықты естігенде үнсіз тұнжырап отырды да қойды.

Осылайша Жанботадан көз жазып қалып ек. Ислам болса да жұмыстан біржола кетті. Мұнда қайтып келуге беті жоқ. «Мынау жаңа аспаздарың» деп бригадиріміз бір үлкен әйелді таныстырды.

*  *  *

Жанбота кеткен соң құрылыс алаңы құлазып қалғандай әсер берді. Бұрынғыдай жұмысқа да түк зауқымыз жоқ, бірдеңесі жоғалған жандарша міндетімізді селсоқ атқарамыз. Жанбота кеткен Түркістан жаққа елеңдеп қарағыштай беретін себебім осы-тұғын. Мына жердің бар қызығы мен сәнін өзімен бірге Түркістанға ала кетті. Енді ананы-мынаны айтып, ішіңді пыстырмайтын Ислам да жоқ. Өзіне өзі істеді. Қызғаныш деген қызыл иттің жетегінде кетпеуі керек еді. Бір жағынан «болашақ экономикалық жоспарының» күл паршасы шыққаны үшін де аядым. Оған бола мойымайтын шығар, басына түскен азырақ қиындықты көтере алмаса несіне жігіт болып жүр?

Күзге салым құрылысымыз бітіп, үйге қайттым. Бауырларымды, әке-шешемді көрмегелі үш айдан асты. Мұнда жаздың басында келіп ем, ала жаздай өмірім осы құрылыс алаңында өтті. Сол үш айдың ішінде көөп нәрсеге куә болдым. Махаббат деген қанша жерден ұлы сезім болса да, екі досты бір-бірінен айыратын да теріс қасиеті барына бірінші рет көзім жетті. Енді мен үшін бұл жарықтық бұрынғыдай идеал сезім емес, аздап көңілім де қалғандай. Осылайша өмірімде бірінші рет қалаға ұзап шығуым мені әлденеше жасқа есейтіп жібергендей еді…

Мықтыбек Оразтайұлы