Жарқ ете қалған найзағай

Жарқ ете қалған найзағай
жеке
блог

          Бала бүркіт қанатын әлі қақпаған еді. Бірақ оның жылдам қатайып, есеюіне әкесімен болған оқиға әсер етті.

         Бойында батыр бабаларының қаны бар әкесі отарлаушы билік өкілдерінің әділетсіздігіне, олардың өзін қорлауына жол бергісі келмеді. Шыр айналдырған қиындықтан шаршаған адамды аса мәртебелі Яковлевтің тілдеуі Байтұрсынның шиыршық атқан ашуының шегі еді. Одан әрі мұндай қорлыққа төзуді ол жөн санамады. Сол үшін жұдырық

тасты, ояз басшысын аттан құлатып, маңдайын жарақаттады.

         Жер аударылып, ауыр жұмысқа салынатынын білген әке туған жеріне қайтып келе ме, келмей ме белгісіз болса да, жалғыз  арманы – Ахметтің білім алғаны болды. «Жауыңды жеңгің келсе, тілін біл. Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген өсиетін әкесінің бауыры Ерғазы орындады. Ахмет әкесінің асыл арманын орындады. «Бүлікшінің» баласы болып, адамдардың қырына іліксе де мақсатынан бас тартпады.

         Өлімге айдалып бара жатқанда да еркіндіктегі күннің күркірі оның жүрегін жарып шыққан бостандықтың үніндей естілді. Оның халқы тәуелсіз ел атанғанға дейін бірнеше ондаған жыл өтерін білді. Бірақ түбі халқы білімге, жарыққа ұмтыларын сезді. Себебі ол сол үшін еңбек етті, маңдай терін төкті, басын қатерге тікті.

         Ахмет өзіне қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсаринді темірқазық етті. Өзі де Алтынсариннің көп жақсылығын, әкелік мейірімін көрді.

         Ахмет білім саласында көп адамдармен әңгімелесті. Сол пікірлесуші ғалымдардың ішінде оған ерекше әсер еткені Александр Ефимович Алекторов болды. Қазақ даласын жақсы білетін, жергілікті тұрғындарды терең түсінетін ғалыммен сөйлесу Ахметтің мақсатын айқындай түсті. Орыс тілінде білім алып, сауатты болу жақсы. Бірақ алған біліміңді өз халқыңның мүддесі үшін қолдану керек. Өз ұлтының баласы бола алмаған адам, ешкімге де пайдасы жоқ адам.

         А.Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» оқу әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығында болған өндірістік тәжірибе барысында оқыған аударма кітап А.Ахетовтің "Властелин духа" атты романында Ахмет пен орыс қызы Александраның шынайы, терең махаббаты сөз болады. Бұл алып-ұшпа сезім емес, әдемі жүректі тербейтін, жанға тыныштық беретін ересек адамдардың махаббаты еді. Басында бұл қатынасты қолдаған адам аз болса да, кейін Александраның бауырмалдығы, жанашырлығы үлкен-кішіні тәнті етіп баурайды. Ахметке күйеуге шығу үшін мұсылман болу керек болды, Александра ойланып жатпады. Ата-анасы берген әдемі есімін сүйгені үшін Бадрисафа Байтұрсынова қылып өзгертті. Сол есімді өмір бақи мақтанышпен алып өтті.

         Қостанайдан Қарқаралыға ауысу Ахметтің өміріне үлкен өзгерістер алып келді. Жол торабында орналасқан қала патшалық Ресейдің стратегиялық бекеті болды. Қазақ сахарасындағы алғашқы қала. Мұнда дәстүрлі Қарқаралы жәрмеңкесі өтетін. Бұл жерге байлар, саудагерлер ғана емес, халықты аузына қаратқан әншілер, ақындар, зиялылар жиналатын.

         Ахмет сол жәрмеңкелердің бірінде өзінің аға досы, жол бастаушысы хан ұрпағынан шыққан ғалым Әлихан Бөкейхановпен танысады. Ә.Бөкейханов сол кездің өзінде атақты тұлға болатын. Жастайынан алғыр, орысша білім алған. Олардың тағдырлары да ұқсас болып шығады. Әлихан Бөкейхановтың да жары орыстың қызы болатын.

          Халқы үшін қызмет еткен тұлғалардың пікірі мен ойының ғана емес, тағдырының ұқсастығы ойға қалдырады. Түрме күзетшілері денесін қамаса да, ойына шектеу қоя алмады. Жазу жазған саусақтарын сындырса да, жарыққа ұмтылған сындыра алмады. Жазылған кітаптарын өртесе де, жүректерде қалған ойларын құрта алмады. Еркіндік сүйген сөз иесінің ұлтына деген махаббаты тар қапастан бізге жетті.

 

Әлімбек Алтынай Нүсіпқызы

әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ

Филология факультеті

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті;

 

Имаханбет Райхан Сахыбекқызы

Ф.ғ.к., аға оқытушысы