жеке
блог

Сайын Мұратбековтің "Жусан иісі"

Кейде кішкентай балаларды жасына жетпей ер жетті деп айтып жатады ғой, бұл кітаптың кейіпкері туралы да осылай тұжырымдауға болады. Бұл бала басынан талай қиындықтарды кешіргенімен, жастайнан ақылды, білімге алғыр, оқуға зирек, еңбекқор болып өседі. Соғыс үлкен-кіші демей, барлығына да өз ізін қалдырмай қоймады. Сондықтан кітап кейіпкерінің де кейде кішілігі басып, ойын қуғанымен, күнделікті өмірде даналығы басым.
«Жусан иісі» повестін мектеп кезде оқығанбыз, бірақ сәл ұмытыңқырап қалыппын. Сол уақытта әдебиет мұғалімі «кітап кейіпкерінің кейінгі өмірі қалай болады?» деген сұрақ қойған еді. Сонда міңгірлеп ештеңе айтпаған едім. Ал қазір, нық сеніммен: «болашақта үлкен азамат болып, өмірде өз бақытын табады және барлық мақсатына да жетеді» деп айта аламын. Болатын бала бастан дейді ғой, өз басым, бекер айтылмаған сөз деп ойлаймын. Талай қиындық көрсе де, бәрін жеңіп шығады!

Кітаптың бастапқы бетінде "Жусан иісі" қалай жазылды?" деген бөлім бар. Сол жерден басты кейіпкер прототипі өзінің ауылында тұрған Ұзақбай деген бала екенін білуге болады. Және де басты кейіпкердің көптеп ертегі айтатын тұсы Сайын Мұратбеков ағамыздың өзіне келетін тұсы екені де айтылады. Оқу барысында, тағы байқағаным, автор көбінде оқиғалардың соңын аяқтамай, оқырманның ой толғауына тастайтыны.

Кітап ішінде «Жусан иісі»-нен басқа «Өліарада», «Менің қарындасым», «Райгүл», «Алғашқы қар», «Кәментоғай» деген әңгімелер бар. Осылардың арасында келесі қатты ұнағаны «Кәментоғай» болды. Бұл шығармада, балқұрақтан басқа ештеңе өспеген батпақ жерден көк теректен бастап,қайың, үйеңкі, қарағаш, итмұрыны бар  тоғай жасаған Кәмен деген азамат туралы. Оқып, танысып көрсеңіз, өте өнегелі шығарма екеніне көзіңіз жетеді. Осыған сай, келесі өсиет әңгімені айтып кетсем деймін.

Бірде ыстық, шөл далада хан өзінің сарбаздарымен келе жатқанда жолда жерді терлеп-тепшіп қазып жатқан шалды кездестіреді. Айдалада қиналып жер қазып жатқан шал ханды таңғалдырады. Сонда хан шалдан сұрайды: "Не істеп жатырсың шал? Неліктен шұңқыр қазып жатырсың?"

Шал бойын тік көтеріп, тер-тер болған маңдайын сүртіп, жауап берді :"Армысыңдар, жолаушылар. Мен мұнда бірнеше алма мен алмұрт ағашын отырғызғым келеді."

Сонда хан: "Бірақ бұл сізге не үшін керек ? Сіз соншалықты қартсыз, не өз жұмысыңыздың жемісін көрмейсіз, еңбегіңіз босқа кетеді."
Шал: "Мен олай ойламаймын, себебі мен тек өзім үшін алма ағаштарын отырғызбаймын...бұл менің артымнан қалатын немерелерім және жол жүріп, шаршап, шалдықтан жолаушылар көлеңкеде жасырынып, демалу үшін." деп жауап береді.

Сол кезде хан өзінің сұрағының орынсыз екенін түсініп, өз халқының барлық егде жастағы азаматарына жер беріліп, бау-бақша, егін өсірілуін заң жүзінде қабылдайды екен. 

(сурет өзім түсірген, артқы фондағы шөп-жусан/инста:@bekmuratkyzy.altynay)

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Ана мен бала жағдайы
Ана мен бала жағдайы
Бауыржан Момышұлы келінінің кітаптары
Бауыржан Момышұлы келінінің кітаптары
Екі жүрек бірге қағуда
Екі жүрек бірге қағуда