Есімі сөнбес ұлы тұлға

Есімі сөнбес ұлы тұлға
жеке
блог

                                          Кемел Тоқаев – 95 жаста

 

                                                  

 

                                                                                                                     Әбдіжәлел Гүлсезім, 

                                                                                                              журналистика факультетінің

                                                                                                            Баспасөз және электронды БАҚ 

                                                                                                              кафедрасының 1 курс студенті.

                                                                                           Ғылыми жетекші ф.ғ.к., доцент Ғ.Майкотова

 

 

                                                                                           Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,

                                                                                           Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.

                                                                                          Жүрегіңнің түбінен терең бойла,

                                                                                          Содан тапқан шын асыл тас тастай көрме!

 

                                                                                                                        Абай Құнанбайұлы

 

        Қазақтың қасиетті атамекені – Ұлы даланың қойнауы тұнып тұрған тарих. Осындай киелі жерде туып, топырағына аунап өскен перзенттердің ішінде қазақ елі үшін өз жанын қиып, тіліміз бен дініміз қор болмасын, туымыз аяқ астында қалмасын деп күллі ғұмырын туған халқына арнаған перзенттер де жоқ емес. Құдай қазаққа қырын қарамаған: жер де берген, кен де берген, ел де берген, сол елді қорғайтын ер де берген.

        Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпейтін, ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады. Олардың есімдері тарих атты тұнбаға түгелдей түсе қоймаса да, артындағы мұрасы өнегелі ұрпағының есінде мәңгі сайрап тұрады. Сондай біртуар тұлғалардың бірі қазақстандық белгілі жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері – Кемел Тоқаев. Кеңес үкіметінің темірдей мықты саясатының кезінде бас сауғалап жан-жаққа тарыдай шашылған қазақтардың ішінде Тоқаев әулеті де болды. Халқының қамы үшін репрессия құрбаны болғандар қатарында Кемел Тоқаевтың да жақындары бар еді. Балалық шағы сұм соғыстың уақытына тұспа-тұс келген Кемел Тоқаев қаршадайынан барлық қиындыққа төтеп беріп, толқынға қарсы жүзеді. Жазушының өміріне қызығушылық танытып «Солдат соғысқа кетті» атты кітапқа көз жүгірткенімде оның жантүршігерлік өмір жолына куә болдым. Ендеше, осы оқиғаны қысқаша баяндасам.

      Елді аштық жайлап, жуанның жіңішкерген шағында елдің бәрі Қытайға жол тартады. Алдындағы барынан айрылған Тоқаевтар жат жерде күнелту ауыр, әрі туған жерден жырақта болу қиын болады деп шешіп, Фрунзе қаласына бет алады. Қазақтарды қынадай қырған аштықтан құтылу үшін Фрунзе қаласында бір орыс үйін паналайды. Әттең, нағыз сұмдықтың осы жерде басталатынан сол мезетте ешкім сезбеді-ау,сірә! Үй йесінің есімі – Яков. Қазақша айтқанға қиын соққаны үшін уақыт өте келе ол «Жақыпқа» айналды. Иә, қасірет бұл үйді де айналып өтпеді. 1933 жыл. Қыс. Аш құрсаққа талғажау етерлік бірдеңе іздеп кеткен Кемел мен оның ағасы Қасымды жетім балалар екен деп милициялар қыңқ еткізбестен алып кетеді. Әкесі еңбекақысына алған етікті нанға айырбастау үшін қалаға жол тартып кетеді. Осы сәтте үйде таршылықтан төсек тартып жатқан кейуана мен кішкентай қызы жалғыз қалады. Қатты суықтан жылынғысы келген сәби жүрек абайсызда жанып тұрған отқа түсіп кетеді. Туған баласы тірідей өрт құшағына оранған қасіретті оқиғаны көзімен көруден басқа дәрмені жоқ ана жүрегі жан шошырлық көрініске шыдамай, сол сәтте көз жұмады. Екі баласының із-түссіз жоғалып, қызының өртке оранып, әйелінің бақилық болғанын білген отағасының одан кейінгі өмірі белгісіз. Екі бауыр қосақтасып жүріп, балалар үйінде тәрбие алады. Осы орайда оқырман ретінде өз ойымды қосқым келеді. Кемелдің болаттай мықты, қажырлы әрі қайсар болуының басты себебі өмірден көрген қиындықтарының нәтижесі деп ойлаймын. Себебі, балалар үйінде жүрген Қасым қашып шығып бар мән-жайды біледі. Сөйтіп, Тоқаевтар әулетінде тұяқ болып екеуінің ғана  қалғанын білгенде олардың өмір сүруге деген құлшынысы артқандай. Алайда, тоғыз жылдан кейін арқасүйер ағасы Қасым да соғысқа аттанып, одан соң оралмайды. Жазушының ең қиын кезеңдері енді басталады. Дегенмен, жастайынан батылдықты өн бойына сіңіріп өскен Кемел өз өмірінің кемел кезеңіне қадам басады. Уақыты келіп ол да соғысқа кетеді. Осылайша, Ұлы Отан соғысының I және  II дәрежелі ордендерімен марапатталады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, осыншама қиындықтарды өткеріп қана қоймай, еш жасымастан жоғары білім алып, орыс тілін жетік меңгеріп, тіпті артындағы ұрпағына шоқтығы биік шығармаларын тастап кеткен Кемел Тоқаевтың осындай табандылығына бас иемін. Тауқымет көріп, соғыс алаңында болып бейнет көрген соң ба жазушы шығармаларының дені: «Солдат алысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Түнде атылған оқ», «Соңғы соққы» деп аталады. Еңбектерінде үнемі ерлікті, елдікті, батылдықты жыр ете отырып, сатқындық пен дүниеқоңыздықты да сөз етеді. Жазушы Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» атты кітабы милиция өмірін көрсетуге арналған. Сондай-ақ, «Қастандық» повесінде милиция қызметкерлерінің алаяқтарды әшкерелеудегі айлакер әрекеттері тартымды өте шебер суреттелген.

                                      Тектіден текті туады,

                                      Тектілік тұқым қуады.

                                      Тектілердің тұяғы,

                                      Таңдайды құз-қияны, - демекші жазушының тәрбиесін көріп өскен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазіргі таңда елдің елеулісі, xалықтың қалаулысы. Ол адал қызмет атқарып, елге сыйлы болды. Ол - қоғам қайраткері және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы. Кемел Тоқаев өз ұрпағының тәрбиесіне ғана емес, көптеген білім алушыларды тәлім-тәрбиеге баулыған, тұтас елдің үмітін ақтаған азамат.

     Күні кеше ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете жаздаған ұлттық құндылықтарымыз көп-ақ. Сондай баға жетпес байлықтарымыздың сақталуы, оны келешек ұрпақтың санасына сіңіру жолында ерен еңбек атқарып, баға жетпес еңбектерімен сусындатқан Кемел Тоқаев нағыз құрметке лайық азамат. Осындай ерлерге арналған Бауыржан Момышұлының :

                                       Көш керуен сан қилы соқпақ көрді,

                                       Сан ажда жұтпақ боп таптап берді.

                                       Қаралы күн туғанда қайран елім,

                                       Елдігі мен ерлігін сақтар келді, деген аталы сөзі мәлім.

     Қазақстан егеменді ел болып, тәуелсіздіктің туын желбіретіп, бейбітшілік кемесіне мінгелі тек қана биіктерден көрінуде. Елбасымыз тәуелсіздіктің ақ кемесін ұстағалы, алашымыздың аспаны бір бұлттанған емес. Осындай дербес мемлекетте өмір сүріп, Кемел Тоқаевтай біртуар жазушының еңбектерімен сусындап жатқан біз нағыз бақытты ұрпақпыз. Ендігі тілек   Алаштың асыл азаматы Кемел Тоқаевтың еңбектері өз оқырмандарын тауып, әлемдік деңгейдегі шоқтығы биік шығармалардың  қатарынан орын тепсе деймін!