АҢСАУ

АҢСАУ
жеке
блог

Кеше үйге кештетіп алыс туысқанымыз келді. Күтіп алдық. Таныстық. Өзінің ауылда, мектепте істейтінін айтты. Алдағы демелысты пайдаланып, азын-аулақ ақша табу үшін Алматыға келгенін айтты. Бүгін айлық алып, жігіттермен бірге бас қосқанын айтты... Менің бар ойым оқып жатқан кітабымда. Күндегі әдетпен түнгі он бірден таңғы беске дейін кітап оқушы едім. Уақытым өтіп бара жатыр. Соған дегбірсізденіп, алаңдап отырсам да, қонақтың алдында әдеп сақтап, сөзін тыңдап, бас изеп отырмын. Бір кезде үйдегі жеңгей төсек салып қойғанын айтты. Осы сәтті пайдаланып « ал, онда жатайық» дедім. Бейне бір ұйқым кеп тұрғандай аузымды ашып, өтірік есінеп те қойдым. Байқап тұрмын келген қонағым менімен әңгіме айтқысы кеп тұр. Бөлмеге келгесін көрпе-төсегімді, кітаптарымды жинап асүйге келдім. Күнде жатып оқитын құтты жерім. Қонағым ізімнен асүйге келді.

 –Сіз қысылмай жатып дем ала беріңіз, мен осында кітап оқимын, - дедім.

–Кі-та-ап,–деді.

–Иә, кітап,–дедім.

(Дедім де кесілген бөренедей жуан кітабымның алты жүз жиырма жетінші бетін ашып оқи бастадым)

–А-а-а, - деді де шығып кетті.

Кітап оқып жатып, анда-санда құлағым шалып қалады, қонағым телефонмен біреулермен күбір-күбір сөйлесіп жатты.

* * *

Күндегі темірдей тәртіппен таңғы бесте орныма кеп жаттым. Түсте тұрсам қонағым кетіп қалыпты. Кетпестен бұрын маған деген біраз өкпесін айтыпты. « Ол, өзі қандай жұмыс істейді...не кітап оқиды» депті. Үйдегі жеңгей де « әр түрлі...әдеби кітаптар...» – десе, «жын-ды-ма» депті (эмоциямен оқыңыз). Жеңгейдің айтуынша ауылдағы жүз пайыз адамдар (сондай сеніммен айтты) кітап оқымайды екен ( ол рас, баяғыда, өлеңді жақсы көретін ауылдағы бір досыма Маралтайдың «Кентаврын»  берсем, бір-екі өлеңін оқып, мынау не, осы да өлең бе деп қайтып  беріп кеткен).

Заман-ай десеңші... Баяғыда Мұхаң, Сәбеңдер ауылға барса халық қошеметпен күтіп алатын еді.

Шіркін... Мұқағали бір өлеңінде айтып еді « самалеттен түссем, халық бокалға шарабын құйып, күтіп тұрады» деп.

Сол халық қайда?! Әдебиетті сүйетін адамдар қайда?!

Дәурен-ай десеңші... Жүріп өткен жеріңнен із қалдырайын деп, жүздеген, мыңдаңан кітап ақтарасың, сыртыңнан бақылап тұрған біреулер сені есалаң дейді. Парадокс!!!

Бір кісі «қазіргі адамдар ақындарды сайқымазақ көреді» деп айтып еді. Осы сөздің растығына бірнеше мәрте көзім жетті.

Осындайа өткен шақты аңсап кетеді екенсің. Мұрат ағаның өлеңі еріксіз есіңе түседі:

«Өрте мені түннің қызыл кірпігі,

Жанып-сөніп күл боп тынам бір күні.

Заты бөлек безбүйрек бұл заманда,

Ақын болып өмір сүру күлкілі...»

Терезені аштым. Наурыз айы болғандықтан ба, көктемнің «жасыл мұрты» танауымды қытықтап өтті. Көк өскін көктеп, жалаңаш тал бүршік атам дегенше алда сәуір айы бар. «Сәуір болмай тәуір болмайды» дегені рас шығар...