Бесбұлақтың басында

 

(әңгіме)

    Біздің ауылға Құдай қарт Қаратаудың сиырқұйымшақтана сүйірленіп, түгесілер тұсын бұйыртқан. Сырт көзге жатаған көрінгенімен жуан таудың басына шығып айналаға көз салсаңыз - бүкіл аймақ алақандағыдай көрінеді. Жусаны мен жуасы, қаратарысы мен кәрегі, тарақбозы мен арпабозы, шағыры мен раңы, шиесі мен алмұрты, ебелегі мен селеуі, жантағы мен жалбызы Бетпақты ен жайлаған жан-жануар, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейінің атамзаманнан бергі арда азығы. Құзында - құлжасы, қырында - тырнасы, суында - перісі, нуында - бөрісі, ойында - тарғағы, сайында - сайғағы сайран салған әлемнің еш жерінде жоқ көрікті мекен. Жылдың кез-келген мезгілінде мейірім толы даладай құшағын айқара ашып, айналасын: анау аңқиған аңқау аспанды, мынау маңқиған жалқау даланы баладай бауырына басып, анадай аймалайды да жатады.

    Сонау тау төсіндегі бес емшек - бес бұлақтан бал еміп, бүйірі томпайған біздің ауыл, ежелден "Бесарық" атаныпты. Ал анығында, қазір ағалы-інілі екі ауыл - Ноғай мен Шегірді қақ жарып ағып жатқан - бір-ақ арық су. Бір арық болса да, ірі арық. "Бұрын бұл жерде бес өзен ағып жататын" деседі көнекөздер. "Бесарық" атауы содан қалған екен. "Бесарық" бұрын өзінен-өзі шертіліп, шартарапқа саз төгіп жататын, бес ішекті, көп пернелі саз аспабындай болса, бүгінде замананың сан қилы қылбұрауымен ішегі үзіле-үзіле бір-ақ ішегі қалған сыңар ішекті домбыра дерсің. Сол домбыраның өзін бес бұрап шертсеңіз, "Бесбұлақ" күйі, тақалып кетсеңіз, "Бесарық" күйі күмбірлей жөнелетіндей.

    Тоғызыншыны тауысқан жылы жазда ауылға сыймай тауға тарттым. Жайлауда аталас ағайын Ақжігіт көкем қой бағатын. Сонікіне барып, кекілік атып, бірер күн жатып қайтпақшымын. Астымда - шайтанарба. Ауылдан түс ауа шыққан мен қалың тауға күн екіндіге еңкейе әзер іліктім. Жалаң көзге жазық көрінгенмен, тау жолы шайтанарбашыға өрлік қылады екен. Тепкіні баса-баса қарасаным түйіліп, белім бүгіліп қалды. Жуан тауға дендеп енгенде, тіпті, діңкәладым.

    Айналам - айдала! Жайнаған жалғанда жападан жалғыз қалғандаймын. Айранның көк суындай көгілдір ауаны төкпей ұстап, тайқазан-аспан тұр төбемде төңкеріліп. Тайқазан-аспанға қапелімде түсіп кеткен құмырсқа секілді, қанша ұмтылсам да шыға алмай тайғанақтап мен келемін. Не көрмеген Қаратау бұл! Құлағыма ықылым замандардың зарлы ызыңы кеп, көзіме Қаратаудан құлаған көш елестегендей болды. "Қаратаудың басынан көш келеді..." Біздің ауылдың адамдары сол көштен аман қалған ата-бабаның балалары болды ғой. Көшпен бірге құлаған бес арықты бойлап келіп, қазіргі жерұйыққа тұрақтап қалған. "Көшкен сайын бос келе жатқан бір тайлақ" мен болармын, сірә... Жалғыздық - ойдың бұлағы. Осындайда ойыңа не болса, сол келіп, сансыратып жібереді-ау. Басы бар аяғы жоқ болымсыз бір қора ой да, тосылар аялы жоқ өнімсіз сүр қара жол да қажытты.

    Қара жол - жайуат жер іздеп, жай ыққан қара судай жыра-жыраны қуалай қанша қашқақтағанымен, кейбір бедірейген кесір беткейлер кесекөлденең жатып алғанда; лажсыз өрге тік шапшиды екен. Мұндайда шайтанарбаны мінбек түгіл, жай жетектеп шығудың өзі мұң. Өзім өстіп сілелеп келе жатқанда көк желкемнен бір есексона шағып кетті. Уытының зәһәрін-ай. Ұстай алмай қалдым. Қолыма іліккенде шайтанарбаға жегіп, жайлауға жетіп алар ма едім. Шөл қысқан, қарын ашқан, маза қашқан. Өзіме де сол керек!

    Әр төбенің ұшар басына шыққанда бір жан шақырып аламын. Бейне бір мәшінмен шыққандай, айран алмай шыға салғанымды айтам-ау. Тым болмаса, қалтама бір-екі түйір құрт сала салсамшы... Алайда, тау-ана аштан қатырып, шөлден өлтірсін бе пендесін! Тырбиған қарақошқыл кәрі бұталы таушиеден таңдайға тастап жіберіп шөл басамын. Туған жердің дәміне не жетсін, шіркін! Көзмоншақтай майда демесеңіз, балмұздақтай бал татиды!

    Тау жолының бір рақат жері - төмен қарай түскені. Жол теріп, дөңкиген қой тастардан қойқаңдай өтіп, тек тежегішті сүйеп қана отырсаңыз болғаны. Ал енді тепкіні бастыңыз бар ма - зулаған күйі О дүниенің қақ төрінен бір-ақ шықтым дей беріңіз! Ол жақта сізді не күтіп тұр: жұмақ па, тозақ па? Оны тағдыр тәлейіңіз білер. Қалай ирелеңдесе де, мына жол мені жіліншік өзенді жағалай, бұл жалғанның жайлау деген жұмағына жетелеп келеді. Бұл өзендер - ықылым заманнан бері "атам атын суарған, анам талай су алған" Қаратаудың қан тамырлары. Қартайған сайын суалып барады-ау.

    "Бесбұлақтан" бастау алып билей аққан бұраңбел өзен бейне бір менімен қуаласпақ ойнағандай; - бір түртіп, бір үркеді. Қара жолмен де солай: бірде түйісіп, бірде сүйісіп, енді бірде ит тигендей керісіп, екі айрыла қашады. "Бесбұлақ" - жан-жағын қалың жабайы жиде мен нарқамыс басқан, бес қайнарлы бұлақ атауы. Жиденің орта шенінде өте көне қорым бар. Өткен-кеткендер құран оқымай өтпейтін киелі жер деседі жұрт. Міне, мен сол жерден күн батқанша әрі өтіп кетуім керек. Әр асудан асқан сайын Күнге бір қарап қоямын; ол дағы ыстық ұясына ынтығып, қырғидай құйылып барады. Балбалтастай төбе-төбеде шошайған тау шоқылары ұры аңдыған қарақшыдай біртүрлі үрейлі көрінеді. Күн батса болғаны тіріліп, мені келіп бассалатындай.

    Қанша безектегеніммен "Бесбұлақтың" басына намаздыгер-намазшамда әзер жеттім. Көне қорымға кішкене кідіріп, "жатқан жерлерің жайлы, топырақтарың торқа болсын" деп бет сипадым. (Құдайлығын айтайын: "Фатиханы" анам өмірден озғанда бір-ақ жаттадым, ол кезде білмейтінмін.) Жермен-жексен тегістеле бастаған төмпешіктердің орта шенінде басына ақ шүберек байлаған кәрі ағаш тұр. Ақ мата күнге күйіп күйреген, кешкі қоңырсалқын жаяу леппен баяу ғана қозғалақтайды. "Қайтарда жаңалап байлап кету керек екен-ау..." Содан су ішіп, бет-қол шайып алайын деп бұлаққа беттедім. Суға тас лақтырып, су патшасы Сүлейменнен су сұрау рәсімін де жасап жібердім. Үлкендердің айтуынша түнде рұқсатсыз су ішуге болмайды...

    Дәл осы кезде жоғарғы жақпар тас жақтан бірбәле тасыр-тұсыр ете қалды. Бала кезден естіп өскен дағды бойынша "бісміллә" деп барып басымды көтердім. Астапыралла! Маған қасқая қарап бір құбыжық тұр! Тайсалмай қарауға дәт жоқ; бірден көзімді тайдырып әкеттім. Естімей қалды-ау деген оймен даусымды кенеңкіреп "бісмілланы" тағы айттым. Емін-еркін қимыл жоқ, көздің астымен ғана ұрлана қараймын. Кететін ол емес, әр қимылымды жіті бақылап, тапжылмай тұр! Ұсқынын сипаттасам - шамамен түрегеп тұрған сасық текеге келеді. Кенет, тағы да тасыр-тұсыр етті де, жоғарыдан домалаған тастың бір-екеуі шолп-шолп етіп суға түсті. Жалт қарасам құбыжығым бері қарай бір адым аттапты. Қол-аяғым дірілдеп, қалшиып қаттым да қалдым.

    Жидемен жағаласа өскен, бойы бұлғаң нарқамыс та құбыжыққа көттақыланып қарадай суылдайды. Бақалар бақылдап, шегіртке шырылдайды. Байғыз да зәрлі уілімен үрейімді үдетті. Бағанағы ақ байлаған кәрі ағашқа жан бітіп, бері қарай жылжығандай болды. Тырп етсем, қақ басымнан тарс еткізердей. Қасқарайып барады. "Тірі тұрғанда мына арадан құру керек" деп жүрейін десем, қаққан қазықтай қозғала алмаймын. Өстіп тұрғанда әлгі бәлем "бә-ә-ә-ә..." деп бақырмасы бар ма?!!

    Мен де "аа-а-а-а" деп бір бақырдым да қашып кеп бердім. Жүретін бағытым - өр! Соған қарамастан құлағымда "тасыр-тұсыр, бах-шах..." деген дыбыстар жаңғырығып, жазық жердегідей жосып келемін. Шыбын жан не деген тәтті еді. Ойлануға мұрша жоқ. Дегенмен, жан үшін жандалбасалап жанұшырып келе жатқанымды сеземін. "Шайтан" да қалды жайына, шайтанарба да қалды жайына! Соңымнан бүкіл Қаратаудың бір қора шайтаны жалаңдап қуып келе жатқан сықылды... Қашқаннан-қашып, қарқындаған күйі Ақжігіт көкемдікіне жетіп бір-ақ тоқтадым-ау. Түннің бір уағы. Келе жеңгеме таңдайымды бастырып, мұздай су іштім. Сол сәт, таңдайымда, сумен бірге жұтылмай, шикі қаймақ аралас ыстың дәмі қалып кетті. Ыс татыған сол қаймақ-дәм таңдайымда әлі жүр. Дәм ғана емес, Қазақтың ғажап иісі ғой ол!

    Түн - ойлануға таптырмайтын тылсым. Әсіресе, туралған Жұлдыз-құйрықмайды шыжғырып, Ай-пиязбен тұщытып жатқандай, тас төбеңнен төңкерілген - тайқазан тау түні. "Мына қазанға салып, жалғыз көзді Диюға әлгі мені қорқытқан пәлекеттің терісін тірідей сыпыртып, санын - сан, бұтын - бұт қылып бұтарлатып, өкпе-бауырынан қуырдақ қуыртып, Жалмауыз кемпірге асатар ма еді, шіркін! Әй, бірақ, ол мені қорқытқан жоқ, өзім емес пе айдаладан қорқып қашып жүрген? Маған оның қылаудай зияны жоқ шығар. Бәлкім, онымен ым-ишара арқылы ұғынысып, достасып, шайтанарбаға мінгесіп үйге келер ме едік? Үрейімнің мәні неде сонда? Ауылда жүргенде батыр сияқты едім, неге үдердім сонша? Мүмкін, ол менен  қаймыққан болар.  Жікшіл көзқарасымыз бойынша, жабайы адамның жаманы емес, жақсысы шығар ол. Ақкөңіл ақынжандысы, пәк көңіл имандысы болмаса кетті..." Осындай өнімсіз ойлармен арпалысып жатып, ұйықтап кетіппін.

    Ертеңіне Ақжігіт көкем екеуміз қойды "Бесбұлаққа" қарай қаптата өргізіп, өзіміз торжорғаға мінгесіп, бұлақтың басына беттедік. Жолда көп сөзге жоқ жан көкем:

- Көнекөз қариялар "Қаратауда кісікиік бар, кез-келген кісіге көріне бермейді" деп айтып отырушы еді, - деп әлденені іздегендей төңірекке жайбарақат  көз тастады, - жарықтық тобылғы да пісіп қалыпты-ау, қайтарда қамшысапқа ала кетейікші бір-екеуін.

Түндегі қорқыныш ізім-қайым. Бүгін мен Ер Төстік батырмын. Көкемді арқа тұтып, шайтанның басын шауып алғалы келе жатырмын.

- Өгіз таспадан тіліп, бір дырау қамшы өріп беріңізші, көке! Тобылғымен өзім саптап аламын. Түндегі шайтанды қамшының астына алып, қуып жүріп сабайыншы бір! - дедім. Көкемнің сәл жымиғаны байқалды.

    Деуін десем-дағы бар ойым түндегі "шайтанда", екі көзім сай жақта. "Шайтанарбамды мініп кетпесе қайтсін? Үңгірдей аузымен бір үрлеп қап, шайтанарбаны қисапсыз көбейтіп, бүкіл Қаратаудың шайтандарына бір-біреуден таратып берсе... Соғыстағы немістер құсап, тұс-тұстан өріп, көкеме қой бақтырмай жүрер. Мен болсам ауылға кетемін. Жеңгемнің, інілерімнің күні не болмақ, ойбай? Қой, құрысын..." Жақындап-ақ қалғандаймыз. Алайда, тау тіршілігінде тесірейген төбелер, кекірейген жыралар, тау-ананың төсін емген тұмалар дәл қасыңда көрінгенімен, итіңдетіп жеткізбей қоятыны бар. Бір кезде бұлақ жақтан бізге қарай қыбырлап келе жатқан бірдеңе көрінді. "Түндегі шайтан болса жарар еді. Ит болса да, бетпе-бет бір жүздесіп, тілдесер ме еді... Қорқақ көзіме албасты боп көрінген, мүмкін, ол тағдырдан безген Адам шығар..." Кім болса да, көруге деген ынтығым артып, ағаммен бірге атты тебініп, алға қарай ентелей түстім. Алаңсыз аяңдап келе жатқан атымыз әлгіге құлағын шаншып қадала қалды. Қарайғанға қарай қалған ағам да:

- Жарықтық, мынау әнәугүні жоғалған ортекем болмаса неғылсын... - деді жамбасынан дүрбісін алып жатып, - қасқыр тартып кетпей қалай тірі қалды екен жануар?..

    Кісікиік-ғұмырым мені кісілікке жаратпапты. Ешкімнің қолына да қаратпапты. Құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнаған мынау сатпақ дүниеде, ірі болмаса да, тірі болып, көптің бірі болып, жай ғана жүре берсін деген болар жаратқан ием. Оған да шүкір! Шайтанарбам бүгінде төрт доңғалақты темір қорапқа айналған. Сонда да, сол баяғы "Бесбұлақтың" басындағы көне қорымдарға қарай, жападан-жалғыз әлі зырғып келе жатқан сияқтанам. Күн батпай, одан әрі өтіп кетуім керек...

Ердос ҚОНЫС



Бөлісу: