Жүректің жиі лүпілі (әңгіме)
жеке
блог

Жүректің жиі лүпілі (әңгіме)

               F1 = -F2

                                                                                                                                 Ньютонның үшінші заңы

   Көзіндегі жастық отынан көңіліндегі мұң басым түскен сүреңсіз күндер өтіп жатты...    Әр ісің ертеңінде қайталанатын, әйтеуір тірімін деп қана айта алатын сұрқай тіршілік. Қаланың қасқырдай жұлысқан қарбаласы. Жанталас.

   ...Ол автобус жайлы бәрін біледі. Қайткенде, солай ойлайтын. Себебін бақса, тәулігінің ширегі соның ішінде өтеді екен. Таңның атысынан көзін тырнай сала, алып көлікке асығады. Оқуына шейін – екі сағаттық жол. Сабақтан үйге қайтуы да...

   Динозаврға ұқсап денесін зорға қозғалтқан автобустар да адамдар секілді әрқилы. Бірі үсті-басы шаң-шаң бола тұра, сонысынан қысылмай зырылдаса, екіншісінің іші-сырты мұнтаздай. Студент жігіт оларға таңдай, талғай міне жүріп кейде бес теңгесін, кейде бес минутын үнемдейді.

   Ең жиі отыратын көлігі – қырықыншы бағыттағысы. Бұның таңертеңгі аялдамасында автобус мүлде бос болады (қаланың шеткі ауданында тұрады). Әйткенмен, жолай төртінші, әлде бесінші аялдамада орнын босатуына тура келеді әркез, неге десеңіз, анасына ерген науқас бала терезе жақты сүйеді. Ал Асыл дайым сол орындыққа жайғасатын. Өзінің ақылын есі кем ұлдың жүрегіне айырбастағысы келуші еді...

   Күндегісінен кешігіңкіреп қалды. Киіне сала аялдамаға қарай зулады. Екі өкпесін қолына ұстап жетіп, жабылып бара жатқан есіктен шапшаң кіріп кетсе, ең аяғы мұндай әрекетке де «әлі келмеген» бір қысқа бойлы қыз автобус артынан жүгіріп келеді. «Тоқтаа!» – деп айғайлады шоферге бұл.

– Ы-рахх-меет! – деді нәзік дауыс ентіге, езуін жия алмай.

  ...Оқудан қайтқанында «қырықыншы» лық толып, консервідегі майшабаққа ұқсап қатты қысылады. Шырыны шығып кете жаздайды. Сондай күндердің кезектісінде екеуі бір көлікте тағы кездесті. Қыз басын изеп есендескендей болды ма...Жігіт аса мән бермегендіктен анық аңдамады. Жұмыстан үйге асыққан жолаушылардың қарасы көбейген сайын аралары бұрынғыдан бетер жақындай түсті. Бойжеткенге көз тастаса – қараторының әдемісі екен! Қап-қара қолаң шашы беліне дейін жетеді. Жіп-жіңішке қабағы жарты ай пішіндес. Қыз бұған қырымен тұр. Таяулығы сондай, Асылдың төменде бос тұрған қолы сүйріктей саусақтарға тиіп кетті. Ұстап алыпты! Кіп-кішкентай қол жұп-жұмсақ және тастай суық. Әлдебір ойлардың әлемінде жүрген қыз жалт қарады. Әлі күнге дейін осы әрекетінің себебін түсіндіре алмайтын жігіт екі беті алаулаған күйі жалма-жан қолын босата берді. Күлімкөз ару Асылға қарап кеңпейіл жымиды да қойды...

   ...Қоңыр күздің көңілсіз күндері еңсесін баса ма,  жоқ әлде ағзасының жазғы ұзақ демалыстан кейін күрт өзгерген «тәртіпке» үйрене алмауы ма, алып көліктің бос орындықтарының біріне жайғасса болды, жайланған денесі дел-сал тартып, маужырай ұйқыға кетеді. Жолдың ұзақтығын арқаланған алаңсыз «қорылда» еді, періштесі оятқан болар, көзін ашып қалса – түсетін аялдамасы. Адамдарды киіп жарып, есікке жандәрмен жетіп барса, қалың топ арасынан жіңішке дауыс:

– Асыыл! Студенческиіңіз! – десе, білегіне шейін көрінген әдемі қол студенттік билетті бұлғайды. Жігіт қапелімде дәнеңе түсінбей аңтарды. «Мәссаған!»
– Ол сізде қайдан...  – Артындағы кісілер қоймай итерген соң сауалын аяқтай алмай сыртқа шығып қалды.
– Үшінші корпус, БО-11... – Осы сөздер есік жабылғанша үлгеріп, бұның құлағына талып жетті. Қайырыла жалт қараса – анада өзі қолынан ұстаған қыз екен, міне қызық!

   «Қалай түсіріп алғам? Еее, орын ауыстырған екем ғой. Ай, мен де бір!..» Өзін-өзі сөгуі емес, қайта риза болғаны сияқты.

     * * * * *

– Кімді іздеп келдіңіз? Мені емес пе?

   Қалтасындағы азын-аулақ «жиған-тергеніне» алған жалғыз тал гүлін қолына ұстаған күйі ҚарМУ-дың үшінші ғимаратының бірінші қабатында бағанадан жадында қалауынан тыс жаңғыра берген «БО-11» деген екі ауыз сөзді дұғадай күбірлеп, тапқан соң сол топтың сабақ кестесін қарап тұрған. Ту сыртынан шыққан тосын дауыстан селт ете қалғанын қарашы!

– Шошып кеттіңіз ғой!Ұрлығыңыздың үстінен түстім бе?! – Ал кеп күлсін.Ойнақы жанары – көзге сүйкімді, сыңғыр күлкісі – құлаққа жағымды сондай!

– А-ы...Иә-і...Сізге келдім! – депті сасқанынан.

– Ма-ғаан?! Мағам келдіңіз бе, не?! – дейді қыз қулана.Бұнысы өзіне одан сайын әр бере түседі. – Қалжың ғой! Мінекиіңіз.

– Мынау – сізге! – Гүлді манадан бері енді ғана сыйлағанына қысылғаны-ай!

– О, рақмеет! Несіне әуре болдыңыз?! – өзге қыздардай аса майысып жатпай, қыр мұрнына тақап құшырлана иіскеді де, кеудесіне баса түсті. Осы қимылының өзінен еркелігі қылаң бергендей.

   «Қылықты қыз!»

   Арудың есімі Айсәуле, биолог мамандығының бірінші курсында оқиды екен. Қыздың өтінішімен оған облыстық кітапханаға апарар жолды көрсететін болып, жаңағы мәліметтерді сол жолда алды.

– Қалай, қайдан таптыңыз студенттік билетімді?
– Отырайын дегенімде...Орындықта жатыр... Жүзіңіз нұрланып тәтті ұйқыға еніп кетіпсіз: оятқым келмеді.
   «Жүзіңіз нұрланып» дегені ішін жып-жылы қылды-ау!
–   Үлкен қиындықтан құтқардың! Көп рақмет саған!..
– Қойыңызшы... Бұл тек қарызымның өтеуі ғана. Автобусты тоқтатқаныңыз есіңізде ме? Мен сонда өөөте қатал мұғалімнің дәрісіне кешіге жаздағам...
– «Сен» деп сөйлесейік, қалай қарайсың?!
– Ағамдайсыз ғой...

  «Аға» дейді!» Мұны естіген жүрек сыртқа секіріп шыға жаздады. Қыз жігіттің жасын әлпетінен шамалап, студенттік билетінен көріп білген болар.

   Бұдан кейін де ол қызды талай кезіктірді. Тіпті әңгүдік мына жалғанды уақытша болса да тәрк етер тұнған жан жарасымы әңгіме әлеміне  ене, оқуға екеуі бірге барып- қайтады. Автобус сабазың жолаушыларды ғана емес, тағдырларын да ауырсынбастан арқалап-артып жүре береді екен ғой...

   Қарым-қатынастары – аға мен қарындастай  сыпайы сыйластық.

– Аға.., – деді бір күні. – Сіздің... қызыңыз бар маа?.. – Қымсынғанын жасырмақ болса да, екі беті алаурап, өзіне опасыздық жасады. Күтпеген сауал дегенмен, жігітке майдай жағып кетті.
– Жооқ.., – Жылы жымиып отыр. «Сұрай түсші!»
– Болмауы мүмкін емес...Сіздей...

   Әдейі сыбырлай айтылған сырды естімей қалған Асыл сұрауды жөн көрді:
– Не дейсің, Айсәуле?
– Жай әншейін...
– Білесіз бе, – Сәл үзілістен кейін сөзін жалғады. – Мен сізді бұрыннан көріп жүретінмін сыртыңыздан. Тағы осы «қырықта».

   Бозбала таңданыспен қарады.
– Қарттар мен әйел кісілерге, қыздарға... ұшып түрегеле орын беретінсіз.
 Таңданысы арта түсті.Алдыңғы мен соңғы сөйлемдердің арасында нендей байланыс барын ойлады.
– Ұнатқан қызыңыз шее? Бар ма дейім.

   Ойнақылана. – Қалай ойлайсың? – дейді
– Ммм... – Еркелігін білдіре ернін бұртитып. – Білмейм ғой енді! Жоқ сияқты. Солай маа?
   «Ақымағым! Оны қайдан білесің?!...»
– Дәл таптың, сүйкімді қыз! – Қыздың сүйкімді мұрнын ауыртпай тартып қалды.
–   Міндетті түрде таныстырыңыз! Болашақта... – Сұқ саусағын көтерді.

   Аялдамадан пәтерге шейін көңілді әндете жетті Асыл.

  Осы күндерден бастап ойының көгін көптен бері қаптаған қою бұлт қабаты сетінеп-сейіле бастаған еді...

  ...Араларындағы сыйластық достыққа, достық туыстыққа ұласқан.

  ...Назары бір нүктеге қадала тұңғиыққа тереңдесе-ақ, қылығымен қызықтырған, еркелігімен еліткен сол бір қарындастың әсем бейнесі көз алдына келе қалатын болды. Түсінде көрсе – қуанады, өңінде кезіктірсе, жолыққан сәттен қасынан ұзағанынша, неге екенін қайдам, екі езуін жия алмай есалаңдай ыржыңдай береді. Сабақта отырғанында дәріс жазбауы бар, – соның есімін дәптеріне әдіптеп түсіреді.Осысын күнде және қайталайды. Сонда қыздың атын қағазға емес, жұп-жұмыр жүрегіне өрнектей оймыштағанын қайдан білген...

  Бір күні альма-матердің бас ғимаратында маңызды конференция өтетін болып, Асыл мен Айсәуле үлкен залдағы сансыз орындықтың қатар екеуіне жайғасты. Әзілдері жарасқан. Қыздың күлкіден «қолы босар» емес. Жігіт қалжың айтып күлдіріп, өзі жай ғана жымиюда. Жиналыс әлі басталған жоқ, студенттер топ-тобымен кіріп, отырып жатыр. Бойжеткен ығы-жығы адамға көз жіберіп:

– Мынау сіздердің факультеттеріңіздің студенттері емес пе? – деп сұрады.
– Иәә... (?)
  Үнсіздік.
– Сіздің көңіліңізді жаулаған қыз қайсы, ағаа? – Қызара төмен қарады.
– Тап осында деп кім айтты?! – Жанға жайлы езу тартты.
–  Аа, анаа қыз ғоой! Сол ма? Жарасар едіңіздер... – Бір сәтке қабағы түсіп кетті. – Ол да әдеміі!

  Асыл құлағына сенер-сенбесін ойланды. Жанарынан жылу төге қарады. Шын көңілмен айтылған сөздің әсері ме, қызды қатты қатты құшақтағысы келгені! «Қарындасыым!»

  Жиын аяқталып, екеуі екінші қабаттан төмен түсіп бара жатқан, жігіттің назары киім ілменің жанындағы айнаға ауды. Миына өзінің сол мезеттегі бағалауы бойынша тәп-тәуір деген ой сап ете қалғаны! Сараптап жатпады.

– Саған оны сыртынан ғана көрсетейін бе? – деді Айсәулеге кенет.
– Әриине!Көргім келеді!
– Қазір түседі. – Қасақана баспалдаққа қарады.

Сағаттың ұзынырақ тілі бірнеше рет тық етті.Алдарынан студент қыздар көп өтті.

– Қашан енді? Қайдаа оол?
– Сәл шыда.

  «Іске кіріс, іркілме!» Сыртынан тұрған күйі екі иығынан екі қолымен қапсыра ұстады да тура артындағы айнаға бұрып қалды:

– Міне, осы қыз!
 Минут бұрын әлденені іші сезген сұлудың жүзі өрттей жанды.
– Мұныңыз қалай!!! – Бетін баса солқ-солқ жылап тысқа жүгіре жөнелді.

  Тағдыры басына жасын түсіргендей, сегіз өрім қамшымен қақ маңдайдан осып жібергендей, сегіз пұт тасты төбесінен тастай салғандай күй кешірді Асыл...

   Маңдайын тасқа ұрса да, келешекте бәрі де оңалар деген әлсіз сәуле алға жетелеген еді...

  Сондай үмітті арқаланған қоңырау соғылды қыздың қалтафонына келеңсіз оқиғадан арада бірнеше күн өткенде.Бұл алғашқысы емес-тұғын, жауап берілгеннің біріншісі-тін.

–  Алло, Айсәуле?
– Иә...
–  Хал жағдайың қалай?
– Жаман емес...Өзіңіз?
–  Жа...
– Аға, кейінірек хабарласыңызшы, ренжімесеңіз. Қолым бос емес.
–  Жақсы.

  Басталуынан бітуі тез әңгіменің бұдан кейінгілерінің де жуық арада әрлі, нәрлі бола қоюы екіталай секілді. Осынау күдік «ұялы агентте» де өзін-өзі талай мәрте ақтап алды. Тұмсығына хат қыстырған қанша көгершіні қайтпай қалып жатты.

  Автобуспен қара қыз мінетін аялдамаға жеткенде екі көзін есіктен алмай отырады. Тіпті, орнынан атып тұрып, көңіліндегі күлімкөзге ұқсатқан бойжеткенінің қасына жетіп барады. Сөйтсе ол емес болып шығады. Әйнектен тысқа көз тастап тұрып Айсәуленің «қырықыншыдан» басқа көлікке отырып жатқанын көріп қалды.

  «Елу үш» көп айналады емес пе?!..»

  Жан әлемінде дауылдатып-жауындатқан қап-қара қара күз туды. Кешке үйге келгенінде ештеңеге зауқы соқпай, күй шертіп төсегінде жатып алады.Жанындағы жолдасы не болғанын сұрайды. Ал бұл жауаптың орнына домбырасында күйдің бірінен соң бірін тартады. Әсіресе қайталап келе беретіні Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны». Досы әзірлеген асты да жарытып ішпей, шұқылап жейді. Түнде кереуетінде ойымен оңаша қалғанында математик табиғатына сай (филфакта оқығанымен әкесі де, шешесі де математик болғандықтан ба, кішкене кезінен есепке бейім) қазіргі жағдайға анализ жасамақ.

   «Сонда... ол мені сүймей ме?! Мен оған мүлде ұнамаймын ба?! Ана ерке қылықтары ше?.. Мен оны ұнатқанымдай ол да мені ұнатады екен деп ойласам. Солқылдап жылағаны несі?! Қуанғанның орнына. Әлде қателестім бе? Өз-өзіме тым сенімді болдым ба? Артық кеткендеймін. Сірә, ол сені ағасындай көріп жүрсе керек, шынымен. Ал сен!!! Үүйй!!!

   Жоқ, мүмкін емес... Неге бұлай? Осымен тәмам ба бәрі? Ғашық болуым осы еді...

  Ұлы Ньютонның айтқандары ақиқат-ау! Не дейді, «F1=-F2»? «Әрбір әсер етуші күшке тең шамалы, оған кері әсер етуші күш бар.» Үйдің қабырғасын «итерсең», ішіне кіріп, құлап кетпейді, тіп-тік тұрады: қарсы күшті іске қосады. Физиканың заңдары махаббатқа да жүреді екен ғой! Сен біреуді өлердей сүй, оған ұмтылып бақ, алайда ол сені жек көреді, жақсы көрмек түгіл. Міне саған, керек етсең! Дінде айтылатын «взаимность» адамдар арасында да болса, шіркін!»

   Айсәулені қояр да қоймай жүріп кездесуге шақырды. Кезектісі дегенмен аса маңыздысы.

  «Соңғы мүмкіндігімді жіберіп алмайын.»

  Жүз көріспегелі айдан асқан: бірін-бірі сарғая сағыныпты – кең құшақ, ыстық ықыласпен есендесті. Жігіттің құшағын босатқысы келмей қалды.

  «Қолаң қара шашыңнан нәрестенің иісі аңқиды ғой, жаныым!»

  Бұрынғыдай емес, қыз салқындау сөйлеседі. Сабырлы, салмақты қалпын сақтай жай-күйді тәптіштеді.

– Асыл, – Көптен бері атын атамаған. – Мен сізге тек ағам деп қараймын. Одан өзге емес. Бәлкім сіздің қате ұғынуыңызға өзім кінәлі шығармын...

  Жігіттің кеуде тұсы шаншып кетті.

– Түүшш! – деді сұқ саусағын ерніне тигізе. – Жүрегімнің соғысын тыңдашы! Арудың бос тұрған қолын көтеріп, алақанын кеудесінің сол жақ тұсына тосты.Тук-тук, тук-тук...

   Қыз қымсына көзін төмен тайдырды. Алақанын соққылаған жұдырық жүректі өне бойымен сезіне еріп барады. Ұйқыдан кенет оянғандай есін жиып ала қойды да қолын лезде тартып алды; теріс бұрылып, аяғын тез-тез баса жөнелді. Айналасы секунд осы аламтапырықта «Кешіріңіз!» деген бірауыз сөзді ғана айтып үлгерген. Тағдырынан қашқанында қарақат жанарынан тамған жас сәбидікіндей бетін айғыздап жатты.»

  Хикая осылай аяқталады екен. Жанрын «романс» деп өзінше айдарлапты. Жан досымның қаламынан туған, сиясы кеппеген әңгімесі. Қолжазбасын оқып, қайтып беруге сұрап алғанмын. Тоқтай тұрыңыз. Тағы екі беті өз қағаздарыммен араласып кетіпті. Мынау мына жерге сияқты...Айна алдындағы оқиғадан кейін іле шала...

  «Не істедіңіз?!.. Неге бұлай еттіңіз?!!! Ағаа!..

  Өзім кінәлімін. Барлығы менің кесірімнен! Қыз бала сөйте ме екен?! Сезімін бірінші болып білдіре ме екен?! Сездірмеуге тиіс едім ғоой!!!

  Бүгін сіз мені қорладыңыз,аға! Ар намысыма қатты тидіңіз! Сүймесеңіз сөйтуге бола ма?!!! Қарындастың сезімімен ойнауға бола ма?!..

   Автобустағы сөзім есіңізде ме? Сыртыңыздан көріп жүрдім дегенім. Сізді студенттік өмірімнің алғашқы күнінде кезіктіргемін. Қашықтан байқап өзгермегеніңізге көзім жете қайран қалғам. Мектеп күніңіздегі ақкөңілдігіңіз бен мейірімділігіңіз, маңайыңызға шуақ шашар жайдары,жарқын мінезіңіз! Жоғары сыныптардағыдан да жақсарып кеткен келісті келбетіңіз!..

  ...Мен сізді сол кезден-ақ білетін едім. Сол шақтан бері ұнататын едім ғой. Ал сіз маған қарамайтынсыз! Тоғызыншы сыныптан соң ата-анамды әзер көндіріп әдейі қаланың мектебіне ауыстым.

  Ме-ен сіз-ді-і сү... Қыз қалтафонындағы жігіттің суретіне қарап, бір қолымен жастықты құшақтап жылап жатты.»

   Ал мына бет соңы секілді...

  «Күндегісінен кешігіңкіреп қалды. Киіне сала аялдамаға қарай зулады. Екі өкпесін қолына ұстап жетіп, жабылып бара жатқан есіктен шапшаң кіріп кетсе, ең аяғы мұндай әрекетке де «әлі келмеген» бір қысқа бойлы қыз автобус артынан жүгіріп келеді. «Тоқтаа!» – деп айғайлады шоферге бұл.

   Қыз кіріп бара жатып баспалдаққа шалынып, кіреберісте тұрған Асылға қарай құлады. Бозбала сүрінген бойжеткенді құлатпай ұстап қалған. Екеуі де шын мәз бола дауыстап күлді. Біразға дейін езулерін жия алмауға не себеп екен?!

    Біріне-бірі таяулықтары сонша: арудың сүйкімді құлағына жігіт жүрегінің жиі лүпілі естіліп жатты...»

  Шығарманы оқып тауысып,әйнектен сыртқа қарасам,менің түсетін аялдамам екен.  Әңгімемен әсерленген күйімде «Қырықыншыдан» шығып барамын...