Қашаған - жырдың сүлейі
жеке
блог

Қашаған - жырдың сүлейі

Қашаған-жырдың сүлейі

Елім десе емешегі езілген, елінің мақтан етер тағы да бір дарынды баласы 1840 - жылы хорезім обылысына қарасты Ташауыз деген жерде дүние есігін ашқан болатын. Дүние есігін ашар-ашпастан тағдырдың қатал сынағына түсіп, бесікте асқар тау əкесінен айырылған қазақтың біртуар азаматы Қашаған Күржіманұлы. Онжасында шешесінен айырылып немере ағасы Сәрсенбайдың қолында тәрбиеленеді. Қашағанды осындай қатал тағдыр мен қиындық ерте есейткен еді. Он бес жасынан жұмысқа араласып, оз бетімен еңбек етуге мəжбүр блаған. Солай бола тұрса да зерделі де зерек бала ешқашан жасыған емес. Сол елдегі əнші–жыршыладың (Ақтан, Мұрат, БалаОраз, Қоспақ, Құрманғазы, Ораз, Қоспақ, Құрманғазы, Нұрым, Өмір, Ығылман) өлеңдерін аса зерделілікпен тыңдап өзіне үлгі тұтқан. Көкжарда болып,сол көкжар базарына жер-жерден келген саудагерлер мен көпес байларға жалданып қара күшін сатып күн көріп жүрді. Солардың малын айдасып, Түзтөбе, Орал, Орынбор қалаларында болады, дүние көріп жер таниды. Мұның бәрі сезімтал, көкірегі ояу жасқа ой салмай қоймады. Ол әр көрген нәрсесінен үлгі алуға тырысты. Күндердің күнінде жұмыстан əбден қалжыраған бала түсінде бір қара кісіні көреді. Әлгі қарт кісі Қашағанға: «Саған өнер бердім соны жұртыңа тарат»,- деп батасын беріпті. Сол түстен кейін Қашаған да шабытын қолға алып өзі де өлең айта бастаған.
Болам деген баланың бетін қақпа белін бу дегендей өзі жұмыс істейтін Сергей деген көпес қашағанның талаптылығына көзі түсіп оған бағыт сілтейді. Ол жұмысын жақсы аяқтап еліне келе жатып бір қазақ ауылында болып жатқан сауық-кешке қатысады. Сонда түні бойы жырлаған жас ақын жұрттың көңілінен шығып ризашылықтарын алады. Міне, сол сапардан кейін ақынға «аруақ қонып», ақындық жолға түскен көрінеді. Оны бала ақынның алғашқы мына өлеңдерінен байқауға болады:
Қадір білер ағалар
Құлақ салды сөзіме,
Көңіл бөлді өзім
Балалықты ойламай,
Аяққа шарық байладым.
Теке деген қалаға
Сергейдің қойын айдадым. – деп, өнер жолындағы өлеңінің іргетасы осылай қаланған еді. Міне осыдан бастап бала ақынның өмірге деген құлшынысы мен өлеңге деген құштарлығы ақынды тайғақ кешулерден алып шыққандай.
Ақынның:
Абыл мен Нұрым, Ақтаным,
Осылар еді тапқаным.
Осылар маған үйреткен,
Тарихтың ескі ақпарын, - деген жыр шумақтарынан Қашағанның сол замандағы ақындарды жақсы білетіні және Нұрым мен Абылды өзінің ұстазы ретінде бағалайтынын аңғаруға болады.
Сыпыра жыраудан бастап тек аса зерделілері ғана жадына тоқи алған, көлемі қырғыздың «Манасынан» да асып түсетін «Қырымның қырық батыры» ерлік дастандарын жатқа біліп, атақты Мұрын жырауға үйреткен осы қашаған жырау еді. Қашаған зерделі жырау ғана емес, атағы алты алашқа мәшһүр болған арқалы ақын.
Қашаған жырлары əділеттілік пен адалдықтың түйіскен символы.Ол сол замандағы əділетсіздік пен озбырлықтарға жаны қысылып, қанжардай өткір тілімен адам сүйегінен өткізіп жырлайды. “Оразалы байға айтқаны”, “Есқали сопыға айтқаны” дейтін сықақ өлеңдерінде от мінезділік орып түсетін ересен өткірлік бар. Қашаған сонымен қатар келешекке үлгі - өнеге ретінде нəрлі өлең - жырларын халқына арнайды. Ақынның жыр- толғауларында адамның тіршілігіне, іс-әрекеттеріне, рухани болмысына кәміл жетілуіне қатысты ой-тұжырымдары жеткілікті. “Бұл өмірдің мысалы” деген лебізінде адам өміріндегі философиялық ой-тұжырымдарды жеріне жеткізе отырып:
Өпірем болу не керек,
Бақ-базарың ауған соң.
Бәсеке ету не керек,
Бастан билік кеткен соң.
Бұлаң-сылаң не керек,
Ақ бетіңнен нұр тайып,
Жер ортадан асқан соң.
Елең-селең не керек,
Жас елуден кеткен соң.
Жалтаң-жұлтаң не керек,
Жігітікке жеткен соң, - деп, жырлаған екен.
Қашаған жырларының көркемдік əлеміндегі қайталанбас теңеудері, лағыл ойлары мен маржан сөздері жаныңа шуақ, көңіліңе медет ұялатады. Оның қай шығармасын алып қарасақ та тереңнен терілген гауһар жырлары санаңды бір толқытатыны анық. Оның отты жырларын оқығанда, көз алдыңа дауылдан туған толқындары көк жүзімен астасқан телегей теңіз елестейді. Өлеңдерінің рухтылығы сондай жандүниеңді бойлай өрлеп, солған жүректі қайа жандандыратындай.
Ақын сонымен қатар өлеңдеріне қазақтың салт-дәстүрін сіңіре отырып, “Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасында” оюлы да ойлы орамдар мен тағлымдық, тәлімдік тәрбие өсиетін айта келіп,
Ұзартып жүрме тіліңді,
Ұстатып жүрме мініңді.
Ақыл ойлап пікір ет
Құдайың шүкір ет, - деп өлең мен өмірді ұштастыра білген. Сонымен қатар дәстүр көрнісі Қашағанның Аралбай деген ақынға келіп оның өлген баласына көңіл айтқанынан байқалады.
Тәуекел хаққа шүкір ет,
Аузыңа алма жаманды-ай.
Құдайым бізге тап қылды
Бұл сықылды заманды-ай.
Басқа түссе, амал жоқ
Көтерер жүкті адамға-ай
Жылағанмен не пайда,
Қайырын берсін артына-ай, – деп, бұл дүниенің мәңгілік емес екенін толғаған.
Заманың қалай болса, бөркіңнің солай болатыны ежелден белгілі. Қашаған сол замандағы қарапайым халықтың күйін күйттеген алаш арысы болған десек артық айтқандық болмас. Ол қылыштай қиып түсер алмас тілімен тоқсан ауыз сөздің тоқ етерін айтып, елдегі өзім деген өркөкіректермен қатар сужұқпас залымдардың қисық қылықтарын тайсалмастан беттеріне басып, келеңсіз жағдайлардың алдын алып отырған. Ол өзінің “Бекес байға” деген өлеңінде:
Айдаған малға мас болған,
Кедейлермен қас болған.
Біртүрлі неме екенсің,
Ақылың жарым-екі есті, дей келе байлықтың буына мас болып, бір жұтым суға зар блған қарапайым кедей халыққа қалтасынан соқыр бақыр бермейтін, ал әкімдер келсе алдына құрдай жрғалап арын сатқан шық бермес шығайбайды өлтіре сынайды. Ақын осылайша адамгершіліктен, қайырымдылықтан жұрдай байлардың образдарын сомдап көрсете білген. Және де ол әділеттілікті жырлай отырып жәбір көргендерге көмек қолын созған. Мысалы: Бай ауылының есер жігіттері жалғыз атын тартып алған,кедей жігіттің арыз айтып баратын биі осы зорлықшылардың ағайыны. Би қайтсе де сол ағайындарын жақтайтыны анық екенін біліп, көмек сұрай келген кедей жігітке:
¬- Шырағым ныспың кім? – дейді.
-Ныспым Шоңқара.
- Ендеше, сен бидің алдына барып арызыңды айт. Ол билігін бастамай тұрып, мына бір ауыз өлеңді айтарсың:
Менің атым Шоңқара,
Қырың келмей оң қара.
Төрелікті түзу бер,
Туғаныңа соң қара, - деп бағыт сілтеген екен. Кедей жігіт осы өлеңді айтып өз атын қайтарған. Міне осынадай өлең-шумақтары арқылы тығырықтан шығудың жолын көрсеткен болатын.
Оның табан астында тауып айтар төкпелігі мен сөз мергендігі қосылғанда алдын ораған ақын болмаған, яғни ол жүзден жүйрік мыңнан тұлпар жыр дүлділі еді.
Қашаған ақынның бойыңа рух берер өлеңдерін оқып, танысып, зерделеп зерттей келе өз басым екі топқа бөліп қарағанды жөн көрдім. Біріншісі арнау өлеңдері, оған: «кедей жігітке айтқан ақылы», «Оразалы байға айтқаны », «Есқали сұпыға айтқаны», «Аралбайды жұбатуы», «Томпы байды тілдеуі», «домбыраның қақпағы», «Сақыпқа айтқаны», «Берекет ақынға айтқаны», «қартайған шағында айтқаны», «Бекес байға айтқаны», «сараң сұпыға», «ұзатылып баражатқан қызға берген батасы» сынды өлеңдері белгілі бір адамға арналып, оны жақтап немесе даттап немесе өз ақыл – кеңесін бере отырып айтқан олендері тікелей бір немесе бірнеше адамға арналып айтылғандықтан бұл өлеңдерін арнау өлеңдеріне жатқыздым.
Екінші, философиялық терең ой, мән - мағынаға ие толғау өлнңдері. Оған: «бұл дүниеде не жетім?», «жұттан кейін», «осы күн жолдас болдым сексенменен», «қартайған шағында айтқаны», «бұл дүниенің мысалы» сынды өлеңдері жатады. Бұл өлеңдер ақынның өмірінің көбі кетіп азы қалған шағында өмірден түйген ғибыратқа толы, үлгі – өнегелік мәнге ие өлеңдері еді. Мұнда адам өмірінің философиялық, психологиялық жағынан терең толғай отырып, адамгершілік, тұлғалық, мәдениеттілік, жақсылық пен жамандықты терең үңіле ұғындыра отырып, байлық, мәнсәп бәріде бекер бос бір- ақ кунде қалатынын, адамдарға өсиет етіп айтып кеткенін осы өлеңдерінен көреміз.
Жоғарыдағы арнау өлеңдері айтылу мақсатына қарай тағы да өз ішінен үш топқа бөлініп қаралады. Бірінші: Қазақтың ата – бабалық салт – дәстүрлерін, әдет – ғұрыптарын ардақтай отырып жырлаған өлеңдері. Оған: «тойбастар», «Аралбайды жұбатуы», «ұзатылып баражатқан қызға берген батасы» сияқты өлендері. Екінші: Сыншыл ойлы, азаматтық сарындағы сатиралық сипатты арнау өлеңдерінде сараң байлар, жалған діндәрлар, бас пайдасын ойлаған пайдакүнемдер, халқын қанаған қанды ауыздар, санасыз сайқымазақтар, отанын сатқан опасыздар, қайырымсыз сұпыларды сынға алған өлеңдері жатады. Олар: «Оразалы байға айтқаны », «Есқали сұпыға айтқаны», «Томпы байды тілдеуі», «домбыраның қақпағы», «Сақыпқа айтқаны», «Берекет ақынға айтқаны», «Бекес байға айтқаны», «сараң сұпыға» сынды өлеңдері. Үшінші: Өзін медет тұтқан өзгелерге берген ақылы жайлы өлеңдері: «кедей жігітке айтқан ақылы», т.б өлеңдері кіреді. Қашаған сынды сөз дүлдүлі, жыр сүлейінің өзінен кейінгілерге айтқан ақылы, жасаған жақсылығы санарлықтай дейсің бе? Әрине, олай емес. Осындай өзінен бұрын өзгенің жайын ойлайтын жанашыр ақынның жанынан шыққан өнегелі өлеңдері жетерлік деп білемін, алайда, тарихтың сүрлеу соқпағына түсіп, уақыттың таразысынан өте алмай, бізге жетпей қалғандары қаншама. Өкінішке орай бізге жеткен ақыл – насихат үлгісіндегі өлеңі осы-ақ екен.
Осындай жыр майталманының өмірдегі белесін тіптен асқақтатып тұрған сол дәуірдегі өзімен үзенгілес ақындардың ішінен Нұрым, Аралбай, Жаскелең, Ізім шайыр, Берекет, Күлзипа қыз сияқты өнер өрнегін айшықтаған нағыз жыр сүлейлерімен жыр додасына түсіп қатарластарына дес бермегендігі,оның өнер өрісінің кеңдігін дәлелдегендей.
Қашаған нағыз сегіз қырлы бір сырлылығы оның айтыскерлігімен айқындала түскендей. Ақын өзінің айтыстарында жалаң даттау мен үстірт пайымдаулардан аулақ,ол елдікті ерлікті, адамгершілікті айтты. Ақынның айтыстары («Нұрым мен Қашаған»,«Қашаған мен Ізбас») – дәстүрлі өнердің өзіндік мәнерлі үлгілері. Ауызша авторлық поэзиядағы шығармашылық психологиясының кесек бітімді болмысын танытатын ақандар айтыстарында халықтың көркемдік ойлау кеңістігі, материялдық және рухани мәдениет тарихын жан- жақты қамтитын білімділік деңгейлері қамтылған.Қашаған ақынның бойындағы шыншылдық пен сыншылдық қасиетін ақындармен айтысқан кездерінде де сақтап, өршілдігімен, турашылдығымен көзге түсіп отырған.
Қашағанды нағыз ақын ретінде елге танытқан, оның есімін бүкіл батыс өңіріне таратқан – оның сол кездегі мықты ақындармен айтысып жеңуі. Айтыс Қашағанның импровизаторлық өнерін шыңдады, ақындық шеберлігін көтерді, тақырып аясын биіктетіп, ойлау шеңберін кеңейтіп, азаматтық өресін өсірді.
Қашағанның Нұрыммен айтысы бір-бірінің білімін тексеру болса, Ізіммен, Ізбаспен айтыстары – әдептілік, көрегенділік, салт-дәстүрді сыйлау тұрғысында болған. Қашаған діни үлкен сауатты адам екендігі Нұрыммен айтысқанда белгілі болады.Негізінде бұл айтыстың ерекшелігі кәдімгі айтыс емес, Қашағанның Нұрым ақыннан бата алу барысында туған айтыс еді.Нұрым ақын Қашағанның ақындық дарынын байқау үшін оған түрлі діни, философиялық сұрақтарын қояды. Бұған дарыны мен таланыты ұштасқан Қашаған іркілместен жауап беріп отырған.Мысалы,
Нұрым:
Дүнинің басы неден жаралған?
Жер мен аспан – бұл не зат?
Мақұлық қалай тараған?
Адам, Лаухы, Ғалам – баршасы
Неден жаралған?

Бұған Қашағнның берген жауабы:
Дүниенің басы әуел
Меруерт тастан жаралған.
Меруерт тас еріп су болған,
Аспан, жер содан жаралған.
Адам, Лаухы, Ғалам – баршасы
Сол заттан дейді жаралған.

Нұрым:
Өлең менен жырға азық.
Пайғамбардың кезінде,
Қанша қауым өтіпті
Өз пиғылынан өзі азып?

Қашаған:
Хазіреті Нұх пайғамбар:
«Тағат етің» - деп жылаған.
Айтқанына көнбеген
Қауымында бір адам.
«Бұл шаhардың жүзіне,
Алла, пәле жібер» - деп,
Шынымен де сұраған, - деп ұтымды жауап берген болатын. Нұрым Мен Қашағанның осы бір ғана айтысынан-ақ Қашағанның тарихтан да, жаратылыстану ғылымдарынан да, философиялық ой-пікірлерден де білімі терең екендігі айқын аңғарылады. Сондай-ақ ол ақынның ежелгі Грекия мен көне Рим ойшылдарының қағидаттарынан, мифологиядан да терң білімі бар екендігін көрсетеді. Бұл ауыз әдебиеті өкілдерінде көп кездесе бермейтін интелектуалдық әлеует пен биік парасаттың көрнісі.
Атақты Жамбыл Жабаев Қашағанды өзінің пірі Сүйінбаймен қатар қойып, оның жырларын өз бойына сіңіре отырып ерекше бағалаған. Ақынның осы айтыскерлік өнері бүкіл қазақ қауымы, алты алашты ғана таңғалдырып қана қойған жоқ, көршілес түркі қауымына да атағы дүркіреген өнерімен, өлеңімен .
Қашағанның дастандары да авторлы ауызша поэзиямыздағы эпикалық дәстүр қорының көрнекті үлгілері қатарында бағаланады. Қазақ сөз өнеріндегі тарйхи жәнекөркем шындық тұтастығымен жарланған эпикалық жырларда халықтық көркемдік ойлаудың көрсеткіштері қатарын құрайды. Оның «Атамекен», «Топан», «Қарасай-қазай», «Адай тегі» атты аңыз-хикаяларымен дастандары бар. Бұл шығармаларының қай-қайсысы болсын тарихилық пен, деректілік тән. Мысалы: «Атамекен» , «Топан» атты дастарында қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресі және XIX ғасырдың 90-жылдарыда Каспи теңізінің ғаламат тасқынына душар болған елдің трагедиясы тегеурінді жырланған. Осы «Топан » атты философиялық жинақта Қашаған дарақылық пен парықсыздықты, мастық пен желікті, тойымсыз құлұын мен тар пейілді дүниедегі бар кеселдің бағасы деп санап:
Етпеді ешкім қанағат,
Тап болмай қайтсін ғаламат.
Көп болды мұнда тасқандар,
Әлдерін білмей асқандар,
Пиғылынан солардың
Қабыса жаздады аспан жер! – дейді.
Адамардағы нысапсыздық пен сараңдық, имансыздық пен менмендік табиғат ананың өзінде ашындырып, «алтын көрсе періште жолдан таяды»-дегендей күнәhар пендесін тосын мінез көрсету арқылы тәубәсінә түсіретінін тағы да бір есіне салды.
Жырау осы дастанын да адамның азып, қоғамның тозып халқымыздың құдай сүйер қылығынан айырылып, халықтың азып-тозуынан қорқып, болашақ ұрпақтарымыздың келешегінен қауіптеніп, осы азған заманның азғыруына ерген адамзаттан түңілгенін жырлайды. Көп асқанға бір тосқан дегендей, азған халыққа тосқауыл ретіне жіберілген топан су деп бағалайды. Келешекте азғындыққа бармауын үндей келіп болашақ ұрпақтарының осы айтқанын өздеріне үлгі-өнеге ретінде алып, екінші қайтып қателеспейді деп сенді.
Жырау:
Кейіндегі бозбалалар,
Налымаңыз шырағым.
Күндердің күні болғанда,
Көк дәрия көл болса,
Бай мен жарлы тең болса,
Суда-балық, қырда-егін,
Бәле-бәтер жоқ болса,
Диқаншылық көп болса,
Талаптың күші сел болып,
Кетерсіз-дағы ел болып. Бұл да болса ақынның көрегендігін келер күнге деген, келер ұрпаққа деген зор үмітін көрсететіндей. Ақын айтса айтқандай бұл күнде сол кешегі бабаларымыз аңсаған азаттықтың ақ таңы арайлап атып тұр.
Ханғали Сүйіншәлиевтің зерттеуі бойынша, жырау «Қырымның қырық батыры» атты дастанын үйреткен атақты Мұрын жырау ол туралы: (ұстазы) «Қашаған ірі денелі қара кісі еді... өлеңді суырып салып айтатын. Ойын-тойда сөз бастап, айтысқа түсуге құмартатын... Қашаған мен көп жыл дос болдым. Ол 84 жасында, 1924-жылы дүниеден өтті. Қайтыс болардан 4-5 жыл бұрын көзінен айрылып қаріп болды»- дейді.
Қашағанды көрген қарттар көп. Олар ақынның өмірі туралы құнды деректерді беріп жүр. Бірақ ақынның туған, өлген жылын бәрі бірдей дөп басып айта бермейді. Мысалы, Қалмағамбетов Құдайберген деген қарт Қашағанды 1835-жылы туылып, 1925-1930 жылдары қайтыс болды деп болжаймын дейді де ол: «Қашағанды 1915 жылы өз үйімде қонақ еттім сонда 75 жастамын деген еді», - дейді. Бұған сүйенсек, ақын 1835 жылы емес, 1840- жылы дүниеге келген болды. Бұл Мұрын жырау берген мәліметпен сәйкес келмейді. Жәнеде Күнтуғанов Темірғали деген қарт 1921- жылы Қашағанды он күн қонақ етіп, бірнеше өлеңін өз аузынан жазып алған болатын. Темірғали: «Сонда, Қашаған сексеннің үстіне шығып отырмын деп еді. Әлі қажымаған, өлең айтудан қалмаған кезі болатын» - дейді. Бұл пікірде Мұрын сөздерін растайды. Сондықтан, Сүйіншәлиев Қашағанның өмір сүрген жылдарын Мұрын жырау дерегі бойынша, 1840-1924 жылдар арасы деп көрсетіп отыр. Яғни қазақтың кешегісі мен бүгінін, ертеңін қоса отырып толғаған, халқының қасыреті мен қамын ойлап күңіренген, тағлымды тарихымыздың тамырларының бірі осы Қашаған жырау еді. Ақын өзінің қаталдық пен қиындыққа толы ғұмырында ерлікке толы жырларымен жадында мәңгі қалмақ. Халқы қастерлеген ұлы тұлғаның есімі бұл күнде елеусіз қалған жоқ. Жыраудың отты жырлары мен өлеңдері, тарихы қазіргі таңда біршама жинастырылып XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің ортасынан ойып тұрып орын алатын ақындардың бірі, бірі емес-ау бірегейі ретінде көрніс тауып отыр. Қашаған ақынның ерен еңбегін бағалап, өзі арман еткен, өзі сенген ұрпақтарының есінде мәңгі қалғанының бір көрінісі ретінде 2011 – жылы, 25 – тамызда халқымыз ақынның 170 жылдық мерей тойын атап өткен еді. Сонда, Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қашаған Күржімәнұлы – ғибратты ғұмыр кешіп, өткір тіл, парасат және қара домбыра қару болған рух майданында жоғары адамгершілік құндылықтарды ту етіп көтеріп, халқымыздың мақтанышына айналған ерекше тұлға дей келе, күллі мәдени мұраларымызды, оның ішінде рухани құндылықтарымызды жинау, зерттеу мен зерделеу – уақыт талабы.Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ – даңқы да, мерейтойы да – кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі десек, Қашаған ақынның мерейтойын Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін баршамызға ізгілікті іс тындыруды міндеттейтін, ұрпаққа ұлағатты үлгі алуды аманаттайтын мерейтой деп білгеніміз жөн. Ұлттың рухани келбетін, халықтың мінезін айшықтайтын киелі сөз иесі Қашаған Күржімәнұлының 170 жылдық мерейтойы құтты болсын! » - деп, Қашаған ақынның бұл күнде біз үшін орнының қаншалықты орасан екенін көрсетіп берді.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» осы нақыл сөздің мән-мағынасын ұғына отырып, Ақынның еткен еңбегі мен бізге қалдырған жыр мұраларының өтеуін ешқашан мұндай мерейтоймен ғана өтей алмасымыз анық. Дегенмен, ақынның атын өшірмей өлең – жырларын бізден де кейінгі ұрпақтарға жеткізіп, аңыз – хикая, дастандарын санамызға сіңіріп өтсек, міне, сонда ғана ақынның еңбегі ақталғандай болар еді.

Мақаланы дайындаған: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Филология, əдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенті Үсейұлы Алым.