Ол сені өзі табады

Әкесі мен қызы

 – Әке, мен Сізге жақсы күйеу бала таппай жүрмін...

 – Қызым, оны іздеме...

–Қалай сонда, әке? Іздемесем қалай табамын?

–Ол сені өзі табады.

–Түүу, әкешім, бұл қалжыңды бір жерден естіген сияқтымын...

–Қызым, сен менің бақшамда өскен жеміссің. Мен сендерді дауыл соқса қорған болып, жауын жауса табиғаттың нұрына шомылдырып өсірдім. Енді қалқам, жемістің тәттісінен дәметкен жан жайқалған бақшаны өзі іздеп келмейді ме?!

–Олай болса... ол адам жол таппай, адасып кетпеді ме екен?

–Жүрегінде иманы, кеудесінде оты, санасында ақылы мен білімі бар кісі жол табуда еш жаңылыспайды.

–Әке, сол сәтте мен сабағымнан үзіліп, ол адамның уысына түскім келмесе қайтемін?...

–Қызым, ол бір қайталанбас сәт болады. Оны дайын олжа іздеген келім-кетімдерден айыру оңай.

– Мен оны қалай танимын сонда?

–Жүрегің нағыз жұмақтың бағына айналғандай, сезімдердің бұлақ болып тасыған дауысын естисің, қызым.

–Әке, мен онда Сізді қуантуға асықпын....



Бөлісу: