Қысқы ертегі

- Сен осы менің жылы-жұмсағымды жата-жастана жеп, қоңыр қонжығыңды құшақтап, қос танауыңды пысылдатып ұйықтағаннан басқа нәрсе білесің бе? – деген әжемнің ас үйден дауысы естілді. Дауысынан ашудың ізі де аңғарылмайды. Ары-бері аунақшып, қайта ұйықтай алмайтынымды білгесін тұрмаққа бекіндім.

«Балапаным-ау, ұйқың қанды ма? Демалыста дұрыс тыныққаның абзал» деп әлгінде ғана «тұр да тұр» деген әжем айналып-толғанып қоя берді. Бір өзіме арналған тәтті тағамға тойына тамақтанып болған соң, күндегі әдетімші төргі үйдегі теледидарды қостым. Атыс-шабыс, жылаңқы мелодрама, даңғаза әуен. Тетікті басып экрандағы жыпырлаған тіршілік иелерін жым-жырт тыныштыққа аттандырдым. Ермек ететін бірдеңе табылып қалар деген дәмемен бөлмеме оралдым. Негізі менің бөлмем тұп-тұйнақтақтай жинақы тұрады. Тек әдемі суреттермен безендірілген журналдар мен мерзімді баспасөз газеттері әр жерде шашылып, кейбір кітаптардың сапырылысып жататыны болмаса. Әрине, мұнда азды-көпті атамның да үлесі бар. Менің кітаптарымды ақтарып-төңкеріп, қызықтырған кітабын оқып тауысқанша қызғыштай қориды. Майн Рид, Фенимор Купер, Кришан Чандар, Карло Коллоди, Ганс Христиан Андерсен – барлығын бір-бір парақтадым да, кітап оқуға зауқым жоқ екенін түсіндім. Өзім күннің көзі екінтіге таянғанда жылы төсектен жылыстағаннан кейін айналысатын екі кәсібім бар. Оның бірі - жұмсақ төсегіме қайта еніп, кезекті бір кітаптың қызығына бату болса, енді бірі – теледидар алдындағы жұмсақ төсекке жайғасып алып, күнұзақ көгілдір экранды тамашалау. Алайда, бүгін осы екі кәсіптің бірін де дөңгелете алмай, санаулы сәт ойланып отырдым да, далаға шықпақ болып киіне бастадым.

- Ботақаным-ау, далада күн суық. Тұмауратып қаласың ғой. Үйде отырып, кітабыңды оқи бермедің бе? – деп сыртқа шығуға ұмтылған мені көрген әжем мазасыздана бастады.

- Жоқ, мен тоңбаймын. Міне, қырыққабаттай оранып алдым. Көздерім мен мұрным жаурап қалатыны жаман болды, - деп өтірік-шыны аралас әзілдеп далаға жүгіре жөнелдім. Шеті де шегі де жоқ жазық дала. Аппақ қармен көмкерілген қара жер біздің көзімізден ұзаққа таса болған. Ағаштар да аппақ сиқырға малынған. Ауылдың сыртына жетелейтін жалғыз аяқ жолмен жүріп келемін. Жеті-сегіз түтіні будақтаған ауылдан едәуір алыстап кетіппін. Тап осы жерлерді табанымның баспағанына бірнеше айдың жүзі болыпты. Жаздың жаймашуақ мезгілінде бұзауларымды іздеп, талай жайдары кештерде осы төңіректе асыр салғаным есімде. Даланы сағынып-ақ қалыппын. Құлағыма таяу маңнан  аттың шабысы естілді. Аттың тұяқ дүсірі маған бірте-бірте жақындай берді. Кенет менің алдыма пәуеске келіп, тоқтай қалды. Пәуескеге жегілген арғымақтарға қарап тамсанып тұрғанымда іштен:

- Тентек қыз мінгейсің, - деген өктем дауыс естілді. Бағанадан қызық қуған маған бұл тосын жағдай «іздегенге сұраған» еді. Жылдам басып пәуескеге кірдім. Шашының бұйралығы көз сүйсіндірерлік өзім құралпылас қыз басын изеп, күлімдеп қойды. Содан соң отты жанарымен қадалып ұзақ қарады да:

- Таныдың ба? – деді. Өзім күтпеген оқиғаға кезігіп, аздап абыржығаныммен, ғажайып әлемге сүңгіп кеткенімді сезініп үлгерген едім.

- Жоқ, - деген дауысымның бейтаныс қызға естілген-естілмегені белгісіз. Қыз қарқылдап жан-тәнімен күліп алды. Маған ебедейсіз көрінген ерсі күлкіге көміліп жатқанда мен оның қасындағы жанды қуыршаққа назар аудардым. Басындағы қызыл қалпағы да үйлесе қалған кішкентай ғана жанды қуыршақ. Күлкісін доғарғанымен, езуінен әлі күлкі табы кетпеген бейтаныс қыз:

- Мені танымауың мүмкін емес. Мен сенің балалық шағыңдағы досыңмын ғой. Әйтсе де, досың болмауым да ғажап емес, - деді.

- Мынау қуыршағың кім? – дедім мен оған жанындағы құртақандай қызды нұсқап.

- Бұл қуыршақ емес, бұл – Қызыл телпек, - деп ол кішкене қыздың басынан ықылассыз сипап қойды.

- Қызыл телпек?! – дедім мен таңдана.

- Иә, Қызыл телпек. Жаңа арғымақтарымды асау желмен жарыстырып жүріп кездейсоқ жолықпағанымда қасқырдың жемтігіне айналар еді байғұс қыз, - деп басынан тағы бір сипап қойды.

- Ал қасқыр менің қан тамған қылышымнан қорықты ма, әйтеуір келген ізімен кері кетіп қалды, - деді тостағандай көздерін жыпылықтатып. Өзіне тапсырылған рөлді бар ынты-шынтысымен орындауға кіріскен әртіс секілді. Барлық қимылынан, барлық қылығынан жасандылық есіп тұр. Әлде, табиғи мінезі осындай ма екен? Көз ілеспес жылдамдықпен орнынан кілт түрегеліп, қасыма отыра кеткен ол:

- Бүгін неге көңілсізсің? – деп құлағыма сыбырлады.

- Жоқ. Бәрі жақсы, - дедім мен де баяу үнмен.

- Түсінікті! Кеше ұйықтар алдында Оле-Лукойе ертегі айтып бермеді ме? – деп ебедейсіз қарқылына қайта басты. Күлкісін тоқтата қойып:

- Әй, тентек. Сені сағынғанымды білесің бе? – деп құшақтап қойды. Бұйра шашты өжет қыз бір ысқырғанында пәуеске тоқтады, тағы ысқырғанында қайдан пайда болғаны беймәлім «қарқ-қарқ» еткен қарға пайда бола кетті.

- Сүйкімсізім менің, мына Қызыл телпекті әжесіне аман-есен апара қойшы, - деді қарғаға.

Жауап орнына қарғаның түсініксіз «қарқ-қарқ» еткен дауысы қайта естілді. Әрине, басқаша жауап қайдан болсын. Жол бойына аузын ашпаған Қызыл телпек топ етіп жерге түсіп томпаңдай жөнелді. Төбесінде мағынасыз қарқылдаған сүйкімсіз қарға ұшып бара жатты.

- Адасып кетпей ме, бір өзі? – дедім мен алаңдап.

- Менің сүйкімсізім адастырмайды, - деді ол алдымыздағы жолға көз жүгіртіп, сосын маған бұрылды да:

- Ал сен бұртия берме! Оле-Лукойе маған да ертегі оқыған емес,- деп жеңіл күрсініп қойды.

- Біз қайда барамыз? – дедім мен оған. Шамалы үнсіз қалған ол:

- Қайда деймісің? Дымбілмеспен айға саяхаттап қайтармыз. Бірақ оның жөнсіз қылықтары мен жүйесіз сөздері менің қытығыма әбден тиіп болды. Кішкентай ханзада өз планетасында болуы керек. Алайда біздің сезімтал ханзада біз секілді тентектерді аса жарата қоймас. Таптым. Біз Қар ханшайымының сарайына барамыз. Онда тап қазір ешкімнің көлеңкесі де таптырмайды, - деді көңілдене. Жүйткіген арғымақтар құйындай құйғытып бізді салтанатты сарайға жеткізді. Өжет қыз екеуміз сарайға кіргендегі менің әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұздан тұрғызылған Қар ханшайымының сарайының тамашасын жаза берсең, жаза берсең бір кітап болардай. Қар ханшасының емес, мұз патшалығында жүргендейміз, жан-жағымыздың барлығы тұтас мұз. Өз келбетіңді айнадан көргендей боласың, тіпті. Бір-екі қадам баспай жатып, сарай ішінде ырғақты әуен ойнап қоя берді. Бұйра шашты қыз қолымнан тартып:

- Қане, тентек билемейсің бе? Әне, раушан гүлдердің өзі тербелуде, - деді. Расында, мұз үстіне бүр жарған алқызыл раушандар әуен әлдиімен ақырын тербеліп тұрғанын байқадым.

- Қыстың күні мұзға раушан гүл шыға ма? – дедім мен таңданысымды жасыра алмай.

- Түбінде ізгілік зұлымдықты жеңеді, - деді ол күлімдеп. Сәлден соң жабығып, құмыққан үнмен:

- Менің қымбаттыларым қайда екен? Кай мен Герданы сағынып кеттім, - деді. Оның отты жанарларының жиегіне мөлдір моншақтар іркіліп қалыпты.

- Кай мен Герда?! Мен сені таныдым! Мен сені таныдым! – дедім мен қуанғанымнан шапалақтап.

- Эх, тентек, - деді ол да қуанып. 

- Өзің нағыз тентек! Андерсеннің «Қар ханшасындағы» қарақшы қыз емессің бе?

- Дәл таптың, - деп мені құшақтай алды. Қарақшы қызбен жарыса Қар патшайымының сарайында мәре-сәре болып асыр салдық.

 - Қар жауғанын қалайсың ба? – деді әлден уақытта. Жауабымды күтпестен-ақ қолымнан сүйреп сарайдың жоғарғы қабатында орналасқан Қар ханшайымының жатын бөлмесіне ертіп әкелді.

- Мына көрпе-төсектерді бар күшіңмен қағып-сілкісең болғаны, - деп қарақшы қыз мамыққа толы жастықты жұдырығымен төмпештеп ұрғылады. Бөлме аппақ мамыққа бөлене бастағанын байқаған мен де оған қосыла кеттім. Аз уақыттан соң, сарай ішінде, жоқ көзге шалынар барлық аймақта аппақ ұлпа қар жапалақтап, ауада баяу қалықтап жерге қонып жатты.

- Зеріккен кезімде осылай күллі дүниеге қар жаудырам, - деп ол маған көзін қысты. Қарқылдап күліп болып, қабағын түйіп:

- Тентек қыз, енді сен үйіңе қайта ғой. Менің маңызды жұмыстарым көп, - деді.

Қоштасып тұрып:

- Мені ұмытпағайсың! Және Оле-Лукойеге үлкен сәлем айтарсың, - деді.

- Әрине. Сені сағынатын болам, - дедім мен қолымды бұлғап. Үнсіз жымиған ол сарайға кіріп кетті. Алақаныма аппақ сиқырды уыстап аялаған мен қайта бұрылып қарағанымда Қар ханшайымының сарайы ізім-қайым жоқ болып кетіпті. Қарақшы қыз да ешқашан болмағандай. Ештеңенің ізі қалмаған. Өң мен түстің ортасында қалғандай күй кештім. Орай да борай қар әлі жауып тұр екен. Кірпігіме қонған ұлпаны саусағыммен сырғыттым да, белгісіз бағытты бетке алып жүре бердім. Қайда бұрылсам да алдымнан ертегі әлем күтіп аларына сенімді едім.



Бөлісу: