Дүкенге тойға баратындай болып барыңыз

Дүкенге тойға баратындай болып барыңыз

Күнделікті өмірде дүкендерге барғанымызда қандай қулықтарға тап болатынымызды біле бермейміз. Олардың бірнешеуін талдап, сатушыларға алданбаудың жолдарын қарастырайық.

Үлкен арба – үлкен шығын
Кез келген гипермаркетке барсаңыз, алдыңызда қаз-қатар тізілген арбалар күтіп тұрады. Бір қарағанда өзіңізге үлкен жағдай жасап қойған екен деп ойлайсыз. Қол ауыр сөмкелерді көтеріп6 ауырмайды, ішінде жүргенде де шаршамайсыз, алайда мұнда бір қулық бар. Психолог мамандардың көзқарасы бойынша, арбаның ішіндегі бос кеңістік жағымсыз әсер сыйлайды. Адамның жағдайының төмендігін сезінуге мүмкіндік береді екен. Дүкен иелерінің қалайтыны да осы. Сүт пен нан алуға келген адам, артынша бос кеңістікті толтырамын деп жоспарламаған азық-түліктерді алып қайтады.

Кеңес: Азық түлікті аз мөлшерде алуды жоспарласаңыз, қолға ұстайтын темір кәрзеңкені алыңыз. Ал тек сүтті ғана аламын деп келсеңіз, кәрзеңкені алудың да қажеті жоқ.

Айнаға қарамаңыз
Киім сатуға арналған дүкендердегі айналар да тек сізге қолайлы болсын деген ниетпен ілініп тұрған жоқ. Оны ілуде де мақсат бар. Өзіне жарасып тұрған киімді көрген адам сымбатына тамсанып, қалай да болсын алуға тырысады. Өзіне тамсанып ғана қоймай, айна арқылы көздері басқа киімдерге түседі. Сатушылар келушілердің назарын осылайша жаулап алады.

Кеңес: айнаға бір нәрсені киіп көретін болсаңыз ғана қараңыз. Дүкендерге «тойға баратындай» дайындалып барыңыз. Өзіңіздің сырт келбетіңізге көңіліңіз толса, артық киімдер сатып алуды қажет етпейсіз.

Жеңілдіктердің сыры
Қаламыздың сауда орталықтарында «жеңілдіктер» көбейіп кетті. Хабарландырулар: бір жейдешенің бағасымен үшеуін бірақ сатып ал деп жазылады. Бірақ, осы мүмкіндікті пайдалану арқылы 2 қажет емес затқа ие боласыз. Тіпті, түстерінде де өзгешілік болса, бір салат жасау үшін 1 келі майонез сатып алғаныңызбен тең. Бұл да тура сол секілді. Сол себепті мұндай хабарландыруларға назар аудармағандарыңыз жөн.

Кеңес: киімді арзан болғаны үшін емес, өзіңізге жарасып тұрғаны үшін сатып алыңыз.

Ұстамды болыңыз

Супермаркеттерге қайта оралайық. Кассаға жете берген кезде сағыз бен шоколадтың, өзге де майда қажеттіліктерді өтейтін заттардың түр-түрі тұрады. Олардың біреуін болсын, алатыныңыз анық. Және киім дүкендерінде де кассаға жақын жерге қорапқа салып арзандатылған киімдер деп жазып қояды. Оған да үңілетініңіз анық. Сауда орталықтарының құрылымы да өте оңтайлы етіп жасалған. Жоспарлап келген жеріңізге кіру үшін көздің жауын алатын өзге де дүкендерді басып өтуіңізге тура келеді. Яғни бұл үш жағдайда да қажетсіз заттарды сатып алу мүмкіндігі де ұлғая түседі.

Кеңес: гипермарткеттерге кіре салысымен бағыттағыштан баратын жеріңізді біліп, сол жерге тікелей барыңыз, кассаға баратын жолды да қысқартыңыз.

Ұзақ жол

Байқасаңыз, ең керекті деген сүт, нан, май секілді тағамдар дүкендер мен супермаркеттердің ең түпкі бөлігінде орналасады. Бұл тағамдарды барлығы да алады. Ал оларға жету үшін түрлі азық-түліктердің жанынан өтуге тура келеді.

Кеңес: сүйікті чипсыларыңыз бен сусындарыңызға қарамастан, жоспарлағаныңызды алып, кассаға қарай жүгіріңіз.

Алданып қалмаңыз
Киім дүкендеріне кіргенде қыздың жиған жүгіндей реттелген тауарларға емес, киім ілгіште ілініп тұрғандарына жүгіретініміз анық. Әсіресе шашылып жатқан киімдерге қарай жүгіреміз. Алайда сол ретсіздікті жасап қоятын сатушылардың өздері екендігін ұмытпаңыз. Ал атақты бренд киімдерінің арзан бағамен сатылуы – дүкендердің пайдасыз киімдерден арылуы деп түсініңіз.

Кеңес: дүкенге барғанда ұқыпты болыңыз, алданып қалмаңыз.

Аш құрсақпен базарға бармаңыз
Дүкендер мен мейрамханалардың ішінде келушілердің тәбетін ашатын керемет иістер шығып тұрады. Бұған қоса суреттер де бар. Ал базарларда қарныңыздың ашып тұрғанын біліп, дәмін татып көруге мүмкіндік береді. Аш құрсағыңызға барған кез келген тамақ дәмді болғандықтан, тіл үйірердей көрініп, оны сатып аласыз.

Кеңес: азық-түлік дүкендеріне аш құрсақпен бармаңыз.

Қолма-қол ақшамен есептесіңіз
Дүкен менеджерлері картамен есептесуге қуана келіседі. Әдетте тауарларға жеңілдіктердің бар екенін біліп, көп киім алып, артынша қалайша көп ақша төлегеніңізді білмей қаласыз. Сол себепті ақшамен есептескен жөн.

Кеңес: менеджерлердің кредиттік карта жасап беруінен бас тартыңыз.

Балаларды үйде қалдырыңыз
Кез келген ата-ана баласының айтқанын орындайды. Ал балалар түрлі-түсті заттар мен әдемі қорапшаларға құмар. Байқаған болсаңыз, осы тектес заттарды балалардың көзіне бірден түсіп, қолдары жететін жерлерге қойып қояды. Артынша балалар үлкендерді үгіттеп, бағасының қымбаттығына қарамастан алғызады.  

Кеңес: дүкенге барарда балаларыңызды үйге қалдырып кетіңіз. Және жалғыз барғаныңыз да дұрыс.

Соңында айтарымыз, чектерді үнемі алып, уақытыңыз болғанда тексеріңіз. Жалтыраған дүниелерге қызығып, алданып қалмаңыз. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: gueens.ru

Қ. Бүйенбай