Түркістан - Ер түріктің бесігі ғой

Түркістан - Ер түріктің бесігі ғой

 

Шыққанда көмейімнен көрікті үнім,

Теңдігім жаныма көп беріп тыным.

Мың тәуба жаратқанға шүкір деймін,

Түркістанды жырлайтұғын келіпті күн.

 

Құт қонған, киелі өлке-Түркістаным,

Күтемін топырағыңда жыл құстары

Сәулетің мен дәулетің жарасады,

Сенде өскен бақытты ұл-қыздарың.

 

Түркістан-тоғыстырған ел мен елді,

Өзіңді білмес жандар кемде-кемді.

Қасиетіңнен айналайын құйып қойған,

Түйістірген майданың ер мен ерді.

Түркістан - алты алашқа арқау болған

Өзіңде алаштарым алтау болған.

Бас қосқан мекеніңде би-төрелер,

Хандар мен бегімдерім торқа болған.

 

Түркістан- даңқың жеткен күллі әлемге,

Таппаспын сендей жерді сырлы әлемде.

Даналармен мақтанамыз өзіңде өскен,

Мұраларың - қазына құнды әлемге.

 

Мәдениет пен әдебиеттің қойнауысың,

Батыр қала бар тарихтың қайнарысың.

Ұлы елдің қарашығы, тұғырысың,

Діңгегісің, абыройы, байрағысың.

 

Түркістаным бабалардың мекені

Олар салған сара жолдар еседі.

Кесенесі бар жаһанға танытқан,

Яссауидей ірі адамның кешегі.

 

Ескерткіштер ордасысың – Түркістан,

Есте қалар тарих салған қыртыстар.

Тайқазан мен батырлардың зираты,

Өрнек берер қара өлеңге бұл тұстар.

 

Тарихыңды жырламасам қателік,

Көнелердің көзі болып өтелік.

Облыс деп атау берді бүгінде,

Елбасымыз мәртебеңді көтеріп.

 

Ол құрметке әр кез лайық еңбегің,

Сан тарихты бастан кешіп келгенің,

Құдіретіңді тізсем егер өлеңге,

Сол ғой менің арманым мен ермегім.

 

Шексіз әлем көз тіккен бұл мекенім,

Тек жайқалған гүлге толсын етегің.

Бақ пен ырыс жиналған ақ төріңе,

Түркістаным сені сүйіп өтемін.

 

Қазағымның тұлғаларын ардақтап,

Жыр арнаймын жүрегіммен бұлқына.

Түркістандай топырақта жерленген,

Тағзым етем ұлылардың рухына.

 

Өткеніңмен мақтанамын ертеңге,

Алып туған, тарих тұнған өлкемде.

Ей, адамзат Ер Түріктің бесігін,

Қазақтың бар жауһарымен көркемде.



Бөлісу: