Қазіргі поэзиядағы философияның театрмен байланысы
жеке
блог

Қазіргі поэзиядағы философияның театрмен байланысы

Поэзия деген не екенін әрқайсымыз білеміз, өйткені бұл әдеби жанрдың тарихы ежелгі дәуірден бастау алады. Жазуды әлі білмей, адамзат рифмалық өлеңмен баяндалған ақпарат кез-келген қарапайым әңгімеге қарағанда жақсы түсініліп, есте сақталатынын түсінді. Авторлардың өздері өздерінің шедеврлерін жасай отырып, әр сөзге оның ниеті мен бүкіл шығарманың мазмұнынан кем емес мағына береді.

Қазіргі кезде әлеуметтік желіде әр түрлі жанрда поэзия оқитын дарындылар саны күннен күнге артып келеді. Мен үшін жиырма бірінші ғасырдың жастары екі типке бөлінеді. Бірінші типі, көңілді, шулы ортада, көңілді әуенмен бас қосып, есте қаларлық кеш өткізегенді ұнатады. Олардың ойы қалалық қарбаласты ұмытып, демалысты барынша көңілді етіп өткізу. Ал екінші типі, сол қалалық қарбаластан поэзиялық кештерге барып, театрдағы тарихи қойылымдарды тамашалау арқылы ой сергіту, музейге саяхат жасау секілді тыныш демалыс түрін таңдайтын жандар. Яғни, моральдық тұрғыдан демалыс түрі адамның рухани жан дүниесін байытуға, жаңа тың идеялардың тууына және ойды толығымен сергітуге септігін тигізеді.

Мен өзімді екінші типке жатқызамын. Соңғы кездері поэзиялық видеоларды көп тамашалайтын болдым. Инстаграмм әлеуметтік желісінен поэзия тақырыбын ерекше талғаммен таңдайтын, қоңыр дауысы мен киім үлгісі де үйлесім табатын жандардың оқырмандарының бірімін.

Абай Құнанбайұлы атамыз айтып өткендей “Толық адам” болу үшін алдымен рухани жағынан бай болуы керек. Арзан күлкімен асылдай уақытты бос өткізе тұғын жастардың сол “толық адам” қатарына талпынуға алғашқы қадамы адам философиясын түсіну деп ойлаймын. Адам философиясы – рухани, діни байлықтан, игерілген білімнен, жылдар бойғы тәжірибеден құралатын құндылық деп айтар едім. Яғни, осы тұста философия мен поэзия бір-бірімен тығыз  байланыста екенін анық байқауға болады.

Театр -  кешегі тарих пен бүгінгі ұрпақты байланыстыратын киелі мекен. Поэзияның ордасы, бағаланатын жері – театр . Рухани байлықты дамыту үшін театр, музей, поэзиялық кештерге жиі баруға кеңес беремін. Театрдағы қойылымдар көбінесе қазақ классикерінің кітаптарының негізінде дайындалады. Сонда қарап отырсаңыз, қазіргі заманғы адамдар он тоғызыншы ғасырдағы күйді, жағдайды сипаттайтынына көзіңіз жетеді.

Қазіргі таңда Алматы қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрын және де Ғабит Мүсірепов атындағы балар мен жасөспірімдер театрын ерекше атап өткім келеді. Әсерлі әрі өзекті қойылымдар арқылы көрермендерін қуантып жүрген құрметке ие театрлардың бірі деп айтсам артық айтқаным емес.  С. Мұқанов, У.Шекспир, И.Сапарбай, Ғ.Мүсірепов, Р.Куни және тағы басқа авторлардың атақты шығармаларын қойылым ретінде көрерменге өте жоғарғы деңгейде жеткізетін М.Әуезов атындағы драма театры ұжымы сізге рухани байып, поэзияны сүюге үлкен септігін тигізеді. Бұл аталмыш театрда атақты кино жұлдыздар, театр саласында бұрыннан қызмет етіп келе жатқан әртістер өнер көрсетеді. Қойылымдар көбінесе ересек адамдарға арналған. Қойылымдардың жанрына келетін болсақ, тарих шежіресі, комедия, драма, трагедия, музыкалық драма және тағы басқа жанрлар бар. Яғни, театрдың барлық жанрын толығымен қамтиды.

Ендігі кезекте Ғ.Мүсірепов атындағы театрға тоқтала кетсек. Ш.Айтматов,Ә.Нұршайықов, М.Әуезов, С.Мұратбеков, А.Чехов, І.Жансүгіров және тағы да басқа авторлардың атақты шығармаларынан қойылымдар ұсынады. Басқа театрлардан ерекшелігі бұл театрда балаларға арналған қойылымдар жиі болады. Ертегі негізінде ұйымдастырылған қойылымдар, келешек ұрпақты театрды, поэзияны сүюге зор септігін тигізеді.

Тәуелсіз заманда телефонға тәуелді болған  өскелең ұрпақты поэзияны тыңдауға, театрдың тұрақты көрермені болуға, жастайынан адам философиясын зерттеуге баулу – ата-ананың бала болашағына жасаған ең үлкен қолдауы деп білемін. Сондықтан да, қатар жүретін поэзия мен философия ұғымды әр “толық адам” өзіне серік етіп алу жүру керек деп ойлаймын.

 

Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,

 философия ғылымының кандидаты

Талшын Бақытжанова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты