БАУЫРЛАРЫМ!
жеке
блог

БАУЫРЛАРЫМ!

Керек болса жүрегімді ал, жанымды ал,

Сендер аман болыңдаршы, бауырлар!

Сендер күліп жүрген шақтың бәрі – бақ,

Мұңайсаңдар хәлім менің ауырлар!

 

Ойна да күл, о бауырым ойланба!

Аш болмаймын, сендер бұрын тойғанда.

Жаратқанның жарлығымен бір жанбыз,

Бізді мәңгі біріктіріп қойған да!

 

Бауырларым, кішкентайдан бірге өскен,

Айға қарап амандасқан, тілдескен.

Неге кетіп қаласыңдар барлығың,

Баяғыдай бір отауда жүрместен.

 

Тарыдай боп шашырадың жан-жаққа,

Оқталамын өткен шаққа бармаққа.

Түсінгенмен, көне алмастан қиналам,

Неге, неге балалық шақ қалды артта.

 

Біз оқыған мектеп те ескі, тозған ба?

Қайда апайлар? Дүниеден озған ба?

Парталар ше кішірейіп қалған ба?

Қолым жетпей тұрушы еді созғанда.

 

Бір-бір үйге кете бардық айналып,

Тіршіліктің күйбеңіне байланып.

Біз ойнаған көшелерде жүр бүгін,

Ұл-қызымыз добын теуіп, толғанып.

 

Бірге туған әке менен анадан,

Бір емшектен өсіп шығып, нәр алған.

Бәрің-бәрің сыясыңдар жүрекке,

Сендерді ойлап күн кешуге жаралғам.

 

Байлық маған – сендер жайнап күлсеңдер,

Көктегі күн – күн емес қой, күн – сендер!

Арманым жоқ – бір Алладан сұрайтын,

Бауырларым, сендер аман жүрсеңдер!

 

Бауырларым алтыннан да қымбатым,

Қаламаймын жаныңда мұң тұрғанын.

Жұма күні салды Құдай аузыма,

Бір Алланың пәрменімен жырладым.

Жұлдыз Бейсек,

21.12.2018.