Сіз-қызанақ,мен-қияр...
жеке
блог

Сіз-қызанақ,мен-қияр...

Сіз-қызанақ,мен-қияр...егілдік жерге құнарсыз
Бейнемнің көріп бүдірін,ұялып күннен тұрарсыз
Бойымнан сарқып бар нəрін,құйдым кеп тамырыңызға
Біз емес ұялмаңызшы...қараңғы мынау түн арсыз

Сіз-суға,ал мен сезімге...жете алмай біраз шөлдеппіз
Астымыз кебір топырақ...сонда да бірақ сергекпіз
Екеуміз бөлек екі дəн...көктемде қатар көгердік
Жерде де өмір шектеулі...таңдайды қармап кермек күз

Бұзылды ауа-райы да...тұрған жоқ бізді тоңды деп
Жатырмыз қидың астында...тасталған кеше он күрек
Сезгендей күннің ақырын...жылындық батып тереңге
Жауын да төгіп басылды...күнəні жуып соңғы рет...

Сіз-қызанақ,мен-қияр...сағаттар тілін тəрк етті
Шыдадым өзіңіз үшін...маңдайға тиіп бар тепкі
Қызарып нарттай пістіңіз...мен болсам жеуге жарамас
Тағдыр да байқап қойғандай...тек сізді жұлып əкетті...

(С) Абзал Алтый