ҚАРАШАДАҒЫ ХАТ

ҚАРАШАДАҒЫ ХАТ
жеке
блог

КҮЗГЕ НАЗ

Шаршатты ма күрең күз толқымалы?
Сарғыш тартқан жапырақ қалтырады.
Көктем келсе табиғат оянады,
Күз келгенде сезімім шарқ ұрады.
 
Мың кедергі жатқанмен алдымды орап,
Жатсынбайын деп жүрем, жарқын қарап.
Күз мезгілін күтсем де қанша асығып,
Тұрады ылғи танытып салқын қабақ.
 
Таудай биік талабым көк тіреген,
Үгітіліп, құм болып кетті неден?
Биылғы күз келгенде іштей ғана,
«Арманымды орында» деп тілеп ем.
 
Қалың ойды қаңғыртқан құла дүзге,
Бұл мезгіл де бөтен бе сірә, бізге?
Жүрегіме сақталған арманыммен,
Жолықтыра алмайды-ау мына күз де...
 
Не таяныш, не демеу енді бізге?
Сертке сондай тайғанақ, көрдіңіз бе?
Бір тілекті орындай алмаған соң,
Өкпем қара қазандай болды күзге...
 
Үміт сөніп қалды ма, бақ байланып?
Кері қарай тартсам ба тоқтай қалып?
Күзді ұнатқан жандардың біреуі едім,
Ұнамайтын мезгілге кетпе айналып!

ҚАРАШАДАҒЫ ХАТ
Сұлулығын тонап жасыл бақтардың,
Қара күздің дегені боп жатқан күн.
Қарашаның ұғынам деп жай-күйін,
Қарашаға айналуға шақ қалдым.
 
Қансыз-сөлсіз жапырақ боп тапталдым,
Жансыз заттың жан-дүниесін ақтардым.
Ақ қарды да, аптапты да жатсынған,
Қарашаға айналуға шақ қалдым.
 
Жылуы жоқ қаталдықтың куәсі ем,
Жанға жайлы күй таппадым бір әсем.
Қарашада жоқ іздеген пенде едім,
Сол азаптан құтқарарсың мына сен?
 
Алыстатқан өз-өзімнен тым алшақ,
Лайсаң әлем, ажарсыздау жүдеу шақ:
Қарашада қатпар-қатпар сыр жатыр,
Пенде болып соны дұрыс ұға алсақ.
 
Ұға алмадым, селсоқ қана тыңдадым,
Өздігінен ашылмайды сыр қалың.
Қарашаны түсіне алмай жүргенде,
Желтоқсан кеп жасырады жұмбағын.
 
...Саған жетпей мына жазған хатым да,
Сөнді демде жүректегі лапыл да.
Қарашаға айналуға шақ қалған,
Жүрегімді желтоқсан боп қатырма...
 
КҮЗ ҚОШТАСТЫ...
Қайырылмай, қарамай тіпті бізге,
Көшіне еріп уақыттың бітті күз де.
Ештеңені өзгертпей өте шықты,
Сіз ше? Ғажап сыйлықты күттіңіз бе?
 
Көңілімде қуаныш, желік тұрмай,
Әлсіз үміт қоймады сөніп тынбай.
Құпиямды бөлісіп жүрсем-дағы,
Күз қоштасты сенімен жолықтырмай.
 
Жылылықты қылаудай сездім әлсіз.
Неге бұлай алдамшы, мезгіл арсыз?
Тәкаппарлау шақтардың қай қылығын,
Естелік қып күні ертең сөз қыларсыз?
 
Жүрек шіркін өткенін аңсауға әзір,
Көңілде күз сыйлаған сан «сауға» жүр.
Менмендігін мезгілдің елемес ем,
Шіркін, менің жанымда болсаң, қазір...
 
Қабақ түйіп, бозарып, зорға күлген,
Күз қоштасты, санаспай арманыммен...
 
Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ