Қалың қалай, студент?

Қалың қалай, студент?

Студент дегенде ең әуелі ойға оралар сөз - жатақхана, студент қауымның баспанасы.Университет қабырғасындағы ең есте қаларлық уақыттардың бәрі, қайнаған тіршілік те осы жатақханада! Елімізде жыл сайын студенттер саны көбейгенімен,керемет жатақханалар қатарын әлі көре алмай келеміз. Оқу жылының басындағы жатақхана жетіспеушілігі жыл сайынғы үрдіске айналған іспетті. Қай жоғарғы оқу орны болмасын ең әуелі арман қуып келген 1-курс студенттерін, одан соң отбасылық жағдайына қарап 2-курс студенттерін, орын қалып жатса "танысы " барларға " шанс " ретінде 3-4 курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз етеді. Мүмкіндігі барлар жатақхана алады, ал баспанасыз қалған студенттер пәтер жалдап міндетті түрде жұмысқа кіреді. Қосымша жұмыс жасау міндеттілігі осыдан туындайтын секілді. Міне, біздің елде оқу жылының басы осылай басталады.

Қыркүйек айының ортасына дейін жүгіріп жүріп,еңбекпен алған жатақхананың ішкі жағдайына ауыссақ.Елімізде жақсы жағдаймен жабдықталып салынған жатақхана қатарлары жоқ емес бар, бірақ , өте аз. Ескі жылдары салынған жатақханаларға жаңадан жөндеу жұмыстарын жүргізіп, пайдалануға береді. Көп жатақханаларда интернет желілерінің жоқтығы, жуынатын, жатын орындардың аздығы басты шаруаға айналып отыр.

Жатақхана өмірінің бар болмысын құрайтын - студенттер! Барлық белсенді, озат, еліміздің ертеңі болар патриот студенттер мен нағыз өнерлі жастарды осы жатақханадан таба аласыз. Әр күнін думан, әр кешін қызықты қылып өткізуге дайын, тың идеялы алғыр студенттер де аз емес. Осындай өнерлі, интелекті жоғары студенттердің қатары Алаш елінде көбейері анық, тек ата - анасынан шалғайда жүрген жеткіншектердің баспанасы басты проблемалардың бірі болып тұрғаны тоқтатылса нұр үстіне нұр болар еді.

Мен студенттердің өмірін сіздерге қысқаша ғана жазып жолдап отырмын. Жауабынан сауалы көп қоғамның бүгінгі келбеті осындай...Ал қалғанын ел ағаларының еншісіне қалдырайын. Еркін елдің ертеңгі тұтқасы - тек қана жастар боларын ұмытпағанымыз жөн. Ел мұратын іске асырып, елдігімізді биікке көтерер студенттердің бүгінгі жағдайы осы...

Дайындаған: Жасұлан Исакаев

Сурет:vk.com

Ж. Исакаев