IBF белбеуінің жаңа иесі Головкинді айқасқа шақырды

Нұрбол Нұрмаханұлы Корреспондент
IBF белбеуінің жаңа иесі Головкинді айқасқа шақырды

Кеше Германияның Крефельдінде орта салмақтағы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жекте аустралиялық 40 жасар Сэм Солиман жергілікті боксшы Феликс Штурмнан чемпиондық алтын белбеуін тартып алды. Қапталдағы үш төреші де бірауыздан жеңісті Солиманға ұстатты. Кездесу аяқталғаннан кейін берген сұқбатында Солиман ендігі жоспары WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен чемпиондық атақтарды біріктіру жекпе-жегін өткізу екенін ашық айтты.

БӨЛІСУ

«Менің ендігі жұмысым тек Геннадийді аңду ғана. Ол менімен кездеспейінше тыныштық таппаймын. Ол менен басқа лайықты қарсылас таба алмайды. Ендігі мақсатым – чемпиондық атақтарды біріктіру. Енді маған бәрі кездесу үшін үлкен ақша ұсынар бәлкім, бірақ маған тек Геннадий керек»,-деп жазады Солиман сөзіне сілтеме жасаған The Sweet Science порталы.

Одан бөлек, Солиман қазақстандық боксшымен өтуі мүмкін кездесудің уақытын да болжап қойыпты. Оның сөзінше, екеуі алдағы желтоқсан айына қарай Нью-Йоркте кездесуі мүмкін.

Айта кетейік, Геннадий Головкин өзінің кезекті кездесуін 26 шілде күні Нью-Йорктің Madison Square Garden кешенінде тағы бір аустралиялық боксшы, WBO және IBF чемпиондық белбеулерінің бұрынғы иесі Дэниэл Гилге қарсы өткізбек. Бұл кеш америкалық HBO телеарнасы арқылы көпшілікке ұсынылатын болады.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: theaustralian.com.au