Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Ақындық – тәңірдің тартуы

Ақындық – тәңірдің тартуы

Ақындық – тәңірдің тартуы

1983 жылы желтоқсан айының 26-сы күні Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген, жастайынан өлең-жырға құнығып өскен, ақындық қасиетімен танылған Мақпал Мыса есімді талантты ақын әпкеміздің есімі бүгінде жыр сүйер қауымның бәріне белгілі. Алғашқы жырлары облыстық басылымдар мен Республикалық жыр жинақтарына енген. Жеке жыр-жинақтардың авторы. Республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы, қобызшы Молықбай атындағы сыйлықтың лауреаты, М.Мақатаевтың 80 жылдығына арналған Республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы. Бүгінде ақын, журналист, облыстық Жетісу газетінің меншікті тілшісі. Аспантаудың қызы, халықтың қызы, ақын әпкеміздің мейірбандығы әр жанды сүйсіндірмей қоймайды. Жақсы лебізі мен берер бағыты мен бағдары адамға күш сыйлайды. Адамгершілігі мен ақындығын қатар бойына сіңірген ақын әпкеміздің ақ жүрегінен айналып та кетесің. Білімді һәм ақындық таланты мықты Мақпал Мыса әпкемізбен әңгімелескен едік.

– Қанша жасыңыздан бастап өлең жаздыңыз?! Қай жерде білім алдыңыз?!

– Өлеңді мектеп жасынан бастап жаза бастадым. 4-5 сыныбымнан бастап өлеңге деген махаббатым ояна бастады. Қатты қызығушылық таныттым. Мұқағалидың өлеңдерін кішкенемізден жаттап өстік. Өлең жырмен сусындап, өлеңнен нәр, рух алып өстік. Республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға, мүшәйраларға, олимпиадаларға қатыстым. Мұқағали атындағы степендият атандым. Жалпы менің толыққанды өлеңге деген талпынысым 4-5 сыныптарда ақ қағазды серік етіп шимай-шатпақтап жазып жүруден басталды. Дегенмен де ол жазғанымызды өлең дегенге келмес. Уақыт өте келе, 9-сыныптан бастап өлеңді шабыттана, талаптана жаза бастадым. 9-сыныпқа дейін Қайнар ауылындағы орта мектепте оқыдым. Кейін Республикалық олимпиададан орын алғаннан соң, мені Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған мектепке шақырды. Ол жерде филология сыныбын оқып бітірдім. Ауылдағы ұстазым қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбекова Гүлшат деген апайымыз болды. Ол кісі өздеріңізге мәлім бұлбұл апайымыз Бибігүл Төлегенованың шәкірті болған екен. Негізінен операны бітірген өнер адамы болатын. Ол кісі мені шәкіртім деп бар пейілімен тәрбиелеген кезде: "Сенен де мықты талант көп" деп тәрбиелейтін. Ал, Алматы қаласындағы дарын мектебіне ауысқан кезде, маған ұстаздық еткен Бақытнұр Әділов деген кісі болатын. Ол кісі де Райымбек ауданының тумасы. Республикалық мұғалімдер байқауының бірнеше мәрте жүлдегері. Республикаға танымал ұстаз еді. Ол кісі маған ұстаздық еткенде мені қандай тәрбиемен баулыды?! Айтайын: "Сенен асқан мықты, сенен артық талант жоқ" деп тәрбиеледі. Өмірде осы екі тәрбиені ұштастыра білдім деп ойлаймын. – Өлең дегеніміз не? – Енді өлең деген бір тылсым дүние. Оған нақты анықтама бере алмаймыз. Ғафу Қайырбеков ағамыз айтқан екен: "Өлең дегеніміз жердегі адам мен көктегі құс арасындағы байланыс" деп. "Көзге көрінбейтін, қолмен ұсталмайтын қатынас, бір тылсым дүние. Ақындық дегеніңіз әулиелік. Әулиелікті түсінбеу бейшаралық" деп айтқан екен. Сол сияқты сөз, асыл сөз, кие қолына қалам алған әрбір қаламгерді құрметтеймін. Олар ғасырлар тоғысында, өз заманында, өз дәуірінде мәңгілік руханияттың шырағын жағушылар деп білемін.

– Неше жыр-жинағыңыз бар?

– Бүгінде менің 3 жыр жинағым бар. Біріншісі – "Мұқағали Мақатаев атындағы Халықаралық қордың" көмегімен шыққан болатын. Екіншісі – Мемлекеттік тапсырыспен шығарылды. Атап айтсам, "Алақандағы бақыт", "Мен керекпін", "Аспантаудың көктемі" деп аталатын жыр-жинақтар. Оқимын дегендер болса, еліміздің барлық кітапханаларында бар. Алла қаласа, 4-кітабымыз да дайын тұр. Бұйырса, оқырманға жол тартады деген үміттемін.

– Ақындыққа қалай келдіңіз? Қаныңызда бар ма?

– Ақындық қасиет дейсіз бе? Біздің өлкеде өлең жазбайтын, өлең оқымайтын пенде кемде-кем. Сирек кездесетін шығар. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін өлең оқиды, өлең жазады біздің өлкеде. Енді өзім, атам мен әжемнің қолында өскен едім. Екеуі де ғасырдың құрдасындай. Атам жарықтық 97- ге келіп дүниеден озды. Әжем Аллаға шүкір ортамызда. Атам өте білімді кісі болды. Аңыз-әңгімелерді, жырларды жатқа айтатын. Үш жүздің тарихын, шежірені білетін кісі еді. Ал әжем жастайынан айтыскер болған. Және, өзімнің үшінші атамда ақындық өнер болған екен. Бойыма біткен ақындық дарын сол кісілерден берілсе керек. Жалпы өмір жолымен жазылған осынау ақындық тағдырымды тамшыдай дөп басып түсінетін оқырман ғана деп ойлаймын.

– Қай ақынды пір тұтасыз?

– Жаңа өзім жоғарыда айтып кеттім ғой. Сөз, асыл сөз, кие деп. Осы ақындық, жазушылық, жалпы алғанда қаламгерлік қасиет бойына дарыған бізге дейін қаншама ақындық асулардан өткен, бүкіл әлем әдебиеті болсын, қазақ әдебиетіндегі үлкендей биігіміз, алыбымыз – Абай ғой! Абайдан бұрын да жыраулар поэзиясы дейміз. Халық ауыз әдебиетіндегі бізге жеткен мұралар, Бес арысымыз, Үш алыбымыз. Бертіндегі Тұманбай, Қадыр, Жұмекен, Мұқағали, Төлеген. Одан берідегі Ғалым Жайлыбай, Ұлықбек Есдәулет, Жүрсін Ерман секілді классиктеріміз және замандас болып жүрген қаламгерлердің барлығын дерлік құрметтеймін. Өйткені, Құдай қасиет берді. Ол қасиет дегеніңіз кез-келгенге беріле бермейтін қасиет. Ол қасиетті жауапкершілікпен көтеріп, оқырманына құнды туындылар сыйлап жүрген әрбір қаламгерді құрметтеймін. Оқуға тырысамын. Әрі ол менің ақындық парызым.

– Сіздің ақындық ерекшелігіңіз неде деп ойлайсыз?

– Енді ақындық ерекшелігімді оқырмандар айтатын шығар. Себебі, "сырт көз сыншы" дейміз ғой. Жалпы өзім барлық тақырыпта қалам қыдыртамын. Белгілі бір тақырыпта қатып қалмаймын. Өзім осы қазақтың елін кезіп, жерін кезіп, саяхаттағанды ұнатамын. Сол кездері ел туралы, жер туралы өлең міндетті түрде жазылады. Табиғатпен көп сырласамын. Мен әрбір өлеңімді табиғатсыз жазып көрмеппін. Кей кездері өзің қандай өлең жазып отырғаныңды түсінбей қаласың. Көктен түсетін дүние ол. Белгілі бір мақсатпен, ақылмен жазылатын өлеңдер болады. Олар бөлек... Ал көбінесе өлеңдер аспаның ашылғанда бір құс келетін сияқты. Сол құстың иығыңа қонып, қалам алып жазатын, сезінетін сәттер болады. Көбінесе мен кешкен сезімдерімді көпке дейін ұзақ сақтап, кешіп жүре беремін. Содан кейін сыртқа шығады. Яки, жазылады.

– Қалай ақын болуға болады?

– Бұл сұрағың сауатты сұрақ емес енді. Көңіліңе келмесін... Мен бағанағы сөздерімде айтып ем ғой, ақындық деген тылсым. Ол – Құдай беретін қасиет. Сол қасиетті кім де кім абыроймен, жауапкершілікпен көтере білсе ғана, ол адамның басында бақ болып тұрады. Әрі қыз баласы үшін ауыр бұл. Және ол бір игеретін белгілі бір мамандық емес бұл. Айтайын, бірінші енді қасиет болса, екіншіден әлгі Мұқағалидың өлеңіндегідей: "Ауылдың маңында алақтамай, алысқа аттан" деп айтады ғой. Сол сияқты ауылда қалып қою деген, тек бір ғана талаппен қалып қою ғана емес, оқу керек, тоқу керек, игеру керек. Психолог та болу керек. Білімді өзіңмен жетілдіргенде ғана жаңағы қасиет дегенің арта түседі. Енді кей адамдар айтады, "өлең құрастырылады" деп, өлең құрастырылмайды, өлең жазылады. Өлең ол көңіл-күйдің күңгейімен көлеңкесі. Оның ішінде – бізге көзімізге көрінбейтін, жүректі сан күйге бөлейтін, жүздеген, мыңдаған тылсым элементтер бар. Сондықтан оны көре білетін де, сезе білетін де ақынның жүрегі, ақынның көкірек көзі.

– Ақын өзінің өлеңдеріндегі құндылықтарды өмірде өзі сақтайды ма?!

– Ақынның аузына Алла салады. Кейде біз пенде айтқан ойлар шығар деп ойлаймыз. Жоқ, ақынның аузына Алла салады. Сөз кие. Өлеңімен өмірі сәйкес келуі мүкін болмай жатады кей кезде. Ақын болғаннан кейін өзге ақындардың мінез-құлқын, өмірдегі жүріс-тұрысын бағдарлап сыншы ретінде айта алмаймын. Өзіме қатыстыны айтайын. Бұл өмір сүру қағидаларына қырсыз келеді деп жатады. Және, жалқау келеді деп жатады. Бұның бәрі жаңағы талаптарға қатысты әңгіме. Енді құндылықтар дегеніміз шынымен де, "Ең бірінші адамның адамгершілігі, оның адами құндылықтарында" деп Абай айтқан ғой. Сол сияқты адами құндылықтарды сақтап қалуға тырысасың. Бірақ, ақын бірде дана, бірде бала. Оның көңілі бірде көл, бірде шөл болуы мүмкін. Бұл мінез. Ақындық мінез. Яғни, бір адамға жағынайын деп жақсы болып көріне бермейсің өмірде. Оны бетке айтып салу, жалғандықпен күресу, әділетті болу деген жолдарда ақын өткір тілімен айтып-айтып тастайды. Бұл жерде оның мінезі жаман дегенге сай келеді де, сондықтан ақынның өзінен бұрын сөзі рас дегенді айтуға болады.

– Шығармашылықтан бөлек немен айналысасыз?

– Балалық шағымды еске алсам, мен ең алғаш рет бала-бақшада жүргенімде, би биледім, үлкен сахналарға шықтым. Одан кейін менің сахнам – ауылдағы үйде қоралар болатын. Сол қораның төбесінде өтірік өлең айтатынмын. Елден ұялмай, сол жерде тұрып ән салатынмын (күліп). Одан кейінгі жылдары мектепте жүргенімде суретке құштарлығым ашыла бастады. Суретті бар ынтаммен жақсы көріп, сала бастадым. Өз қиялыммен суреттер салдым. Бүгін де сурет салу өнері бар менде. Кейде анда-санда көңіл-күйге байланысты бір қарындаш пен ақ парақты алып ермек қылатыным бар. Өмірде көп нәрсеге талпынып, әр нәрсенің қыр-сырын білгім келеді. Өзім коллекция жинағанды ұнатамын. Неден дейсіз ғой?! Қаламсаптан... Тарту болған, әрі үлкен ағаларымыз берген қаламсаптарды ырым ғып жинап жүрмін.

– Жалпы өмірде және шығармашылықта қандай жоспарларыңыз бар?!

– "Ақын сатымен өседі" дейді. Сондықтан мен қазір үлкен тақырыптарға барып жүрмін. Екі поэма жаздым. Баллада және циклдық өлеңдерге қалам тербедім. Циклдық өлеңдер дегеніміз – бірнеше өлеңдерден құрылатын үлкен тақырыптар. Мәселен мен, түндер деген, түн ғазалдары деп бірнеше өлеңдер жаздым. Баллада және екі поэма жаздым дедім ғой. Оның бірі жақында Қарқара көтерілісіне жүз жыл аталып өткен шараға байланысты үлкен толғауым шықты. Микропэма... Ол "Жас Алаш" және облыстық "Жетісу" газеттерінде жарияланды. Енді "Шоған абыз" деген үлкен поэмамды жазып қойғаныма бір жыл болды. Оны елбасының "Алтын Тобылғы" деген байқауына жібергелі отырмын. Енді болашақта үлкен тақырыптар бар. Мүгедектер жайлы поэма жазсам деймін. Енді мақсаттар, армандар таусылмайды ғой. Бір белеске шыққан соң екінші бір белес. Бұның бәрі жоспарға кіреді енді. Күні кеше ғана қоғамда айтылып жатқан мәселелерден тысқары қалмайды ақын. Ақтөбедегіге қатысты жағдай туралы да өлең жаздым. Әбіш ағамыз қайтыс болғанда жоқтау жазып ем... Жақында ғана ауыр атлетикадан Жазира қыздың жеңісіне қатты қуанып, соған да өлең арнадым.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?!

– Өмірлік ұстанымым – діттеген мақсатыма абыроймен жету. Және бір жақсы қанатты сөз ұнайды маған. "Жанына байлық іздемей, өзі байлыққа айналатын адамдар дүниедегі ең жақсы адамдар." деген. Жақсы адам болып қалу, мейлінше. – "Муза" деген түсінік бар. Ол шығармашылықта бола ма?! – Музасыз адам өлең жаза ма? Ол міндетті түрде болады.

– Оқырмандарыңыз жайлы ойлап көрдіңіз бе?!

– Оқырмандарым жайлы неге ойламаймын?! Мен оларды жақсы білемін. Көп болмаса да өте сауатты оқырмандар. Соған қуанамын. Өйткені, менің өлеңдерімнің көркемдік қуаты тереңде. Бір оқи салып түсіну мүмкін болмай жатады, кейде.

– Өміріңізде қанша кітап, яки жыр-жинақ жазғыңыз келеді?!

– Өмірімде қанша жыр-жинақ жазғым келетінін білмеймін (күліп). Бірақ, әйтеуір мейлінше сапалы туындыларды оқырмандарға сый ғып тартқым келеді. – Сізді бүгінгі қоғамда мазалайтын ой... – Бүгінгі қоғамда мені мазалайтын ойлар өте көп. Қазақтың бүтіндігі, қазақтың тыныштығы ең алдымен. Елімнің амандығы, әлемдік деңгейді ойлайтын болсақ, адамзаттың амандығы, олардың тыныштығы. Небір алапат төңкеріс болып жатқан елдерді ойлағанда жаның түршігеді. Бүгінгі қазақта неге жетімдер, неге тастандылар көп, қарттар үйінде қара көз ата-апаларымыз неге жүр?! Міне, осындай ойлар қатты мазалайды мені.

– "Ақынның бірінші бақыты – шығармашылық процесс. Ал қалған тірлігі қараңғы туннель" дейді, Қадыр ақын. Сіз мұны қалай түсінер едіңіз?!

– Дәл осы ақындық тағдырыңа айналған тұста өлең жазбай қалған күндер шынымен де өмір емес сияқты көрінеді. Бұрындары емес, мен осы кезеңдерде сезінетін жағдай. Бір өлең жазсам, бір ай бақытты болып жүремін. Енді қалам алмау, енді өлең жазбай кету дегеніңіз, бұл өлеңге, шығармашылығыңызға деген жасап жатқан қиянат секілді. Өнер берді ме, Құдай... Басында қызығып, еліктеп, сүйсініп жазып жүрдік. Енді ақындық тағдырыға айналған кезде, сол тағдырыңнан қашып құтыла алмайды екенсің. Қадыр ақын осыны меңзеген. – Кейінгі буынды ақындардан не күтесіз?! – Біз тәуелсіздіктің түлектеріміз. Бұрынғы кездері тәуелсіздік, еркіндік, егемендік болмады. Сол кездердің өзін алып қарасақ та, қазақтың ұлылығын, ұлттың ұлылығын, дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін ұлықтап жазған ақын-жазушыларымыз қаншама! Сол кезеңдердегі саясат басқа болса да, өзге елдің боданында болсақ та ақындарымыз, жазушыларымыз қолынан қаламын тастаған емес. Аллаға шүкір, қазіргі заманымыз бейбіт. Жазу дегеніңіз бұл заманға ауыр тұс емес. Кейінгі ақындардан күтетінім, не жазса да жақсыны жазсын, жақсы жазсын.

– Қай ақынды оқуға кеңес берер едіңіз?!

– Негізі мен үшін барлық ақын ұлы. Әрқайсысы мен үшін бір төбе. Сондықтан жыр-сүйер қауым қолдан келгенінше бәрін оқысын, барын оқысын. Ал жеке тоқталар болса, Мұқағалиды, Қадырды, Жұмекенді оқысын деймін...

– Массагеттік оқырмандарға тілегіңіз:

– Тілерім, өмір жолындағы қандай да бір белесті бағындырыңыздар, Шыңның шыңына шығыңыздар. Елімізге елеулі, халқымызға қалаулы тұлға болатындарыңызға мен бек сенімдімін. Осынау ғұмыр жолында пешенелеріңізге жазылған өмірді абыроймен атқарыңыздар. Зор тұлға болыңыздар... 

 – Мақпал әпке, сұхбатыңызға көп рақмет. Сізге шығармашылық табыстар тілейміз.

0
Рейтинг: +4

Жазылған уақыты: 13 қыркүйек 2016, 22:49
Тегтер: Мақпал Мыса,ақындық Алланың сыйы, интервью

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.