Ұлыма!
жеке
блог

Ұлыма!

Шаңырағымның адамы ең кішкентай,
Дауысыңда дертіме ем тұрғандай
Көзіңді көргісі кеп, өпкісі кеп
Жүгіреді артыңнан жел, күн қалмай.

Көтердім көкке ханның баласы деп,
Шөптерден шашу шашты даласы кеп.
Кеудеме ақ сүтінен құйып берді,
Тәңірім атұстардың анасы деп.

Күлкіңнен тостақ-тостақ жақұт тердім
Маңдайыңа жазылған бақыт көрдім
Ішкені адал, ерткені ар болсын деп,
Омырауымды идіріп ақ сүт бердім.

Бағым-ау, туылғаннан тілеп келген
Қорғадым желп еткеннен, дір еткеннен
Қолыңа су құямын жолың ұзақ,
Судай таза болсын деп жүрек – кеудең.

Орадым жаулығыма – жан нұрыма 
Бұлақ ағып жеткендей алқымыма
Әндеттім, өлеңдеттім,
Өмір сүйген
Анамын шүкір дедім тағдырыма.

Жұлдыз Бейсек.