Көктем - ана!

Көктем - ана!
жеке
блог

Босанғандай   бұтақтарым  бүр жарды

Қолын бұлғап тал шақырды құстарды

Тіршіліктің белгісі ғой

Оянды

Көктем - ана қолда деді ұшқанды

 

Сәукелесін киіп алды сарғалдақ

Қыр төсінде қызғалдақтар ән салмақ

Қиыршық құм жел қуалап күлгенде

Ауыл дедім көктен түсіп қалған бақ    

 

Жер көрпесін имене ашты  шөп керім

Көрді күннің қақ маңдайдан өпкенін

Күн құшады қара жерді жұмақ деп,

Жер елжіреп дем бердің дер көктегі үн.

 

Сай-салалар бозбаладай тебіскен

Жүгіргендей мал қайтқанда өрістен

Таудан аққан апам сынды сол өзен

Қолындағы бармен елмен бөліскен

 

Бұлт – тостақтан шашу шашты аспан да,

Домбыра үні шықты жерді  басқанда

Үйіп едік, жылтырынан жинап ап

Көктеммін деп жазу жазды тастар да.

 

Балалықтың иісіндей таң лебі

Бұл ғұмырым, ғұмыр емес бал ма еді

Әр тал шашым раушан болып гүлдеп тұр

Көктем-ана, құшағыңа ал мені.             

 
Жұлдыз БЕЙСЕК