Досыма!
жеке
блог

Досыма!

      Досыма

 

Жанарыңда тайқып тұрған бір мұңды,

Мендік кеуде айтқызбай-ақ ұғынды.

Өңменіңе өксік ойлар тіреліп,

Тамағыңа намағұл мұң тығылды.

 

Дүрік соққан дауылдай боп дүлейлі,

Кірпігіңе кекірт қайғы түнейді.

Мимырт қана бияпар сөз қаңқулап,

Сездіреді түрі жаман үрейді.

 

Жаныңды сен сатпаған ең мартуға,

Шадыр мінез сенде күнде артуда.

Біле білсең, сенің кеппелігіңнен

Мендік көңіл аздап зардап таруда.

 

Мен емеспін жасқанатын бүгежек.

Ойымда жоқ сені, досым, түземек.

Бір наз айтсам оны ғафу ете гөр,

Тай-құлындай тату өскен біздер ек...

 

Қайда сенің мамырайқап мінезің?

Марғау ғана миығыңнан күлетін.

Әжуалап әр нәрсені бір айтып,

Шымқай жүзбен сен түсіме енесің.

 

Көкейгөзім сені өзгерген дейді ме?

Шайпау тиіп қалмады ма пейліңе?

Паң досыма, таң досыма біреудің

Матқапыда көзі өткір тиді ме?