Кешір мені, мама!
жеке
блог

Кешір мені, мама!

Кешір мені... мама!

 Көз арбалып, сағымдарға тербеліп,

Адасып қап адал жолда арманым.

Енді отырмын, тізе қағып, шерленіп.

Бақыт жаққа сені апара алмадым.

                          ***

Қуантуым, сені жаным, керек ед...

Басқа түскен хәл өзгеше бүгінгі.

Сені қанша жақсы көрем, дегенмен

Кешіре гөр, менің жалғыздығымды.


Өмір сүре беріппін-ау өлеңмен,

Ұмытыппын сенің жақындығыңды.

Күн нұрына, Ай шуаққа бөленген

Кешір маған, менің ақындығымды.

 

Сағым болдым тұтасқан ақ тұманнан,

Жүрегі жоқ иесімін кеуденің,

Күндерімді риясыз қуанған,

Сезіміме кебін етіп жерледім.

 

Үн қатуда әлдебіреу тамұқтан...

Қайталауда еш керексіз жырымды.

Сен жайында толғануды ұмытсам,

Кешіре гөр, менің сорлылығымды.

 

Әуелетіп жұлдыз біткен түн әнін,

Бақыт жайлы сыр шертпейміз біз бүгін.

Сенің барлық мұң-зарыңа кінәлі

Біле білсең, менің бақытсыздығым.

                                   ***

Кешір, сені жұбата да алмаймын,

Жанарыңның мұң құласа жастары.

Тынымсыздан есік қағып балдай мұң,

Баяғыда мені өлтіріп тастады...