KFW көктем-жаз 2014: 1-күн

KFW көктем-жаз 2014: 1-күн

Қазақстандық сән апталығының кезекті саны кеше Алматыда басталды. 2014 жылдың көктем-жаз маусымы топтамаларын отандық дизайнерлермен бірге шет елдік сән үйлері де көрсетті.

Үш күнге жалғасатын сән мерекесінің бірінші күнінде қазақстандық Atelier Artisan, Ainur Turisbek, Mechanical Piano, Aida Kaumenova, грузиялық Keti Chkhikvadze, ресейлік Nina Ruchkina, неміс бренді Sweet Dream, Грециядан келген Vrettos Vrettakos мен беларусьтік Fashion Centre сән үйлері подиумға шықты.

Айнұр Тұрысбектің жаңа топтамасы толықтай табиғат тақырыбында орындалған. Киім мен аксессуарларда көк, жасыл, қоңыр түстері басым. Көрсетілімге өз киімін киіп шыққан Айнұрдың өзі ерекше сымбатты болды.

Грузиялық қонақ Кети Чкхиквадзе Kazakhstan fashion week сән апталығының тұрақты қонағына айналды. Бұл жолы ол өзінің сүйікті қара түсінен басқа подиумға жарқын қызыл, жасыл түстерін киген аруларды шығарды. Ал дәстүрлі қара түсті бейнелерді ол өкшесі жоқ аяқ киіммен үйлестірді. 

Mechanical Piano келер көктем мен жазға қыздарға жартылай мөлдір күңгірт түсті жейделер, түрлі түсті және түрліше пішілген көйлектер ұсынды. Бір көйлекте бірнеше матаны үйлестіру де осы сән үйінің киімдерінен көрінді.

Көрермендер әр кез жаңа, шет елдік дизайнерлердің топтамаларын асыға күтеді. Осы жолы ресейлік дизайнер Нина Ручкина Kazakhstan Fashion Week сән апталығында нағыз поэтикалық көрсетілім жасады. Керемет киімдер киген қыздар подиумға шыққан кезде үйреншікті музыка емес, Нинаның өзі жазған өлең шұмақтары оқылды. Топтама қолдан тігіліп, тастармен әшекейленген көйлектерден тұрды, ал өрнектер мен принттер екатеринбургтық танымал суретші Михаил Шаевича-Брусиловскийдің суреттерінен алынған екен. Көп қырлы дизайнер көрсетілімі де, өлеңдері де жиналғандардың көңілінен шықты.

Кештің екінші бөлімін қазақстандық танымал дизайнер Аида Қауменова ашты. Жылдың жылы маусымында дизайнер бізге жарқын сары, қызыл, жасыл түсті киімдер киуге шақырады. Аиданың топтамасы көрермендерге өте ұнады.

Неміс бренді Sweet Dream өзінің жаңа топтамасын KFW сән апталығында алғаш көрсетті. Топтамада жұқа маталар мен шілтірдің үйлесімі байқалды. Бұл әйел затының екі жақты бола алатындығына меңзеп тұрған сияқты. Айта кетсек, 2014 жылдың қаңтарында Sweet Dream бренді Париждегі сән апталығына қатысады. Бұл сән үйдің жоғары беделін көрсетеді. 

Беларусьтен келген Fashion Centre бренді Қазақстан сән апталығына алғаш қатысып отыр. Олар ресми, кеңселік киімдермен қатар күнделікті киюге болатын casual стильдегі киімдер ұсынды.

Қазақстанда алғаш рет подиумға шығып отырған тағы да бір қонақ Vrettos Vrettakos грециялық сән үйі. Бұл топтаманың киімі түгелімен жылтыр маталардан тігілді. Айта кетсек, танымал әнші Бейонс осы сән үйінің дизайнерімен жұмыс жасайды.

Сән апталығының келесі күнінде подиумға Aigul’ Kassymova, Malique, LaRiya, Di Entre Si, Aya Bapani, Yerlan Zholdasbek, шақырылған қонақтар Tiiu Roosma – Bon Bon Lingerie бренді (Эстония) және Akananita (Грузия) қатысады.

Дайындаған және суретке түсірген: Сания Аринова

С. А