15 сәуір. Әлеуметтік желіде танысқан адаммен кездескен дұрыс па?

15 сәуір. Әлеуметтік желіде танысқан адаммен кездескен дұрыс па?

Қазіргі таңда танысудың ең жеңіл түріне әлеуметтік желіде танысу жатады. Жастардың көпшілігі әлеуметтік желіні дәл осы мақсатта қолданады десек, қателеспеспіз. Себебі де түсінікті: оның мүмкіндігі шексіз және ешқандай қиын талаптары жоқ. Достық жібересің, қабылдаса, хат жазасың, жауап берсе, әңгімені ары қарай жалғастыруға тырысасың. Достықты қабылдамаса немесе жауап жазбаса, өз жөніңмен кете бересің. Әдетте, осылай. Желіні өзінің екінші жартсын іздеуге пайдаланатын жандар күннен-күнге артып келеді. Тіпті, желіде отырып, бір-біріне ғашық болып қалатын жандар да баршылық.

Танысудың осындай түрін пайдаланғаннан кейін әңгімесі жарасқан жандар ерте ме, кеш пе, кездесу керек. Тек суретін көріп, жазған хаттарын оқып үйреніп қалған адаммен көрісу, тілдесу алдында кез келген адамның қобалжитыны рас. Алайда ол жайлы "Достықты жіберу" тетікшесін басарда ойлану керек еді. Шегінерге жол жоқ. Дегенмен кездесер алдында да көп қиындық туындауы мүмкін. Соларға тоқтала кетсек:

1. Көп жағдайда желіде танысқан жандар бір қаладан, тіпті, бір мемлекеттен болмауы ғажап емес. Бірі Алматыда, екіншісі Оралда болса, қиындық деп осыны айт.

2. Желіде сөйлескен жанның жүзі, бойы, жүріс-тұрысы кез келген жанды мазалайды. "Ол суреттегідей ме, әлде басқаша ма? Бойы қандай?" сынды сұрақтардың туындауы заңдылық.

3. Әдетте, адамдар өздерінің шынайы бейнесін желіге жария етпей, көп нәрсені жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Сол себепті желіде сыпайы боп көрінген адам өмірде мүлде басқаша боп шығуы мүмкін. Немесе керісінше. 

4. Кездесудің созылып кетуі бұл адаммен кездеспей жатып, одан шаршауға әкеп соғады. Желідегі қарым-қатынасын дер кезінде шынайы өмірге алмастырмаған жандар сол күйі кездеспей кетуі мүмкін.

Жалпы әлеуметтік желідегі танысулардың арты тек кездесумен ғана емес, үйлену тойымен де аяқталып жататын кездер болады. Арты қайғылы оқиғаға ұласатындары да жоқ емес. Сол себепті бұндай кездесулерге қатысты нақты бір статистика келтіру қиын. Жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша "Әлеуметтік желіде танысқан адаммен кездесуге қалай қарайсыз?" деген сұраққа жауап берген 800 адамның 33,4%-ы кездесудің бұл түрін құптайтынын, ал 36,8%-ы қарсы екенін айтқан. Сонымен қоса, 22,8% адам мұндай оқиға бастарынан өткенін және құптайтындарын, ал 7,5% адам бастарынан өтпегенін әрі қарсы екендерін жеткізген.

Сауалнама нәтижесіне қарап, халықтың пікірі әртүрлі екенін көре аламыз. Демек, бұл мәселе әркімнің жеке басына келіп тіреледі. Ал біздің айтарымыз, танысудың қай түрі болсын, баршаңызға тек шаттық пен қуаныш сыйласын!

Айтпақшы, сіз қалай ойлайсыз, әлеуметтік желіде танысқан адаммен кездескен дұрыс па?

Сурет: knowyourmeme.com

Y. Almabek