жеке
блог

«Менің досым»

Мен мектепке барғанша Төретамда (Қызылорда, Байқоңыр) тұрдық. Балалық шағым анау айтқандай қиын болған жоқ: тоқсаныншы жылдардың орташа жағдайлы қарапайым отбасы. Біреуден кейін, біреуден ілгері.

Ата-анам күндіз үнемі жұмыста, інім екеумізді сыртымыздан құлыптап кететін. Біресе, суды ағызып жаба алмай қалатын, біресе, болконда жинаулы тұрған әйнектерді құлатып алатын кездер болды. Солардың ішінде мына оқиға ерекше есімде қалыпты: анам таңертең мені оятып, сағаттың үлкен тілі тоғызға таяғанда пешті өшіруімді, ал, алтыға таяғанда, яғни, тоғыз жарымда нанды пештен түсіріп, інімді оятуымды ескертіп жұмысына кеткен болатын. Солай, пеш пен інімді қарауылдап отырып, көзім ілініп кетіпті. Тысыр еткен дыбыстан селк етіп ояндым. Алдымда қайдан кіргені белгісіз, жасы отыздар шамалас бейтаныс қыз тұр. Есік құлыптаулы, екінші қабатта тұратындықтан терезеден де кіре алмайды. Бойымды суық тер басып, зәрем қалмады.

- Сен кімсің? - дедім дауысым дірілдеп.

Өзі де бірдеңеден қорқып тұр ма, алаңдаулы, аң-таң күйде:

- Әуелі пешті өшірші, сағат тоғыз болды, - деді.

Жүзі жылы, ниеті түзу сияқты. Жаймендеп жақындап келіп қасыма жайғасты. Кекілімнен сипап:

- Қорықпа, мен саған көмектесуге келдім, - деді.

Екеуміз біраз әңгімелестік, інім оянғанша көңілімді аулап, күлдіріп, уақыт өткіздік. Алғашқыдағыдай емес, бір-бірімізге бой үйретіп, бұрыннан танитын жандардай етене араласып кеттік. Елең-алаңда сағаттың үлкен тілі алтыға да таяп, інім оянар уақыт болғанда жиналып, есікке беттеді...

... Жақыннан бері психология, психосаматика деген ұғымдар, ой-сөз құдіреті деген мазмұндағы мақалалар алдымнан кесе-көлденең шыға берді. Содан осы салада кішкене ізденіп көрген ем, қажет жерде қажет адамдар, керек мақала, кітап, тәжірибе кездесе берді, солай-солай МЕДИТАЦИЯ деген тармағына да жеттім. Бұл әдісте тәжірибесі, базасы бар адамның көмегімен байқап көру мүмкіндігі де туды.

Дұрыс па, бұрыс па, қорқа-қорқа өмірімде бірінші рет медитация жасадым. Өзіме еркіндік берген сәтте-ақ балалық шағымның бір күніне топ ете қалдым. Аядай ғана бөлмеде қалғып-мүлгіп өзімнің бес жасымдағы кейпім отыр. Мені көріп басында қорқып қалды. Өзім де кішкене сасқалақтап, не айтарымды білмей:

- Әуелі пешті өшірші, сағат тоғыз болды, - деппін.

Үрпиіп отырған қызға жаймен жақындадым да, кекілінен сипап:

- Қорықпа, мен саған көмектесуге келдім! - дедім...

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі