жеке
блог

"Мен кіммін?" немесе бірінші блог

Хәкім Абай өзінің бірінші қара сөзінде қалған өмірімді қалай өткіземін деп толғанды. Мен де Абай атамызға еліктеп, бірінші блогымды өмірімді қалай өткіземін деген сұраққа жауап бергім келді. Бірақ, жасамның әлі жиырмада екенін, өмірде кірпіш болып қаланатын орнымды әлі таппағанымды түсініп, ең алдымен “Мен кіммін?” деген сұраққа жауап берейін деп шештім. 

"Мен кіммін?"деген сұраққа жауап берерде мен өзімді бүгін және болашақпен байланыстыра қараймын. Нақтысы- бүгінгі қоғамның бір бөлшегімін, eртеңгі ел болашағымын, ата-анамның жарқын үмітімін. Қазір де оңым мен солымды толық ажыратып үлгермеген студентпін. Алға қойған мақсатымды адаспай тапсам, болашақ тұлғамын. Назарбаев Университетінде оқығандықтан қазіргі таңда менің алдыма қойған айқын бағытым тек біліммен байланысты. Сол білім шамшырағын жаға білсем, болашақта көкірек көзі ашық, жан дүниесі бай,рухани жұтаңдыққа жоламайтын жан боларыма сенімдімін. Бір білерім, әзірге өзім жайлы айтқанда ауыз толтырып "МЕН" деп айтарлықтай тындырған тірлігім жоқ. Деседе, өмірде өзімді өзгелерге танытып, мойындата білу жолында талай биіктерді бағындыруым керек. Биіктерді бағындыру әрине оңай емес, сол мақсаттағы жолымда толассыз тірлікте қайсар мінезді жауынгердей күресе білерлік жігер болу керегін де білемін. Бұл жолда басты қаруым білім болмақ. Бастысы -адам деген атқа лайықты болып, саналы да салиқалы күн кешу. Қандай жағдай болмасын, адами қалыптан айнымау - басты мақсат. Тарауы көп тірлік жолында талай сынақ боларын да білемін. Сол сынақтан сүрініп кетсең, адамдық адалдықтан адасып қалуың да ғажап емес. Ең алдымен тәрбиенің тал бесігі отбасында алған өмірлік сабақты өзіме азық етемін. "Ұяда не көрсең , ұшқанда соны ілерсің" демекші, мен бүгінгі адам ретінде қалыптасу жолында бойыма сіңіріп жатқан әр қасиетім ертеңіме бағдаршы боларын сеземін. Сондықтан да , жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тырысамын. Көп тыңдап, аз сөйлеу жөн деп білемін. Аз сөз маржан, көп сөз арзан болғандықтан өзімді сөзбен емес, ертеңгі күнімді нақты іспен көрсете білсем деп армандаймын,яғни, мен болашақта білікті маман, өз саласының саңлағы болуды мақсат еттім. "Қызмет- қолдың кірі" дегендей қандай жоғары қызметті бағындырсаң да ол сенің адамдығыңның өлшемі болмасы анық. Мейлі мен төрт құбыласы тең миллионер болайын, мейлі мен жұртты аузына қаратқан көсем болайын, көмейінен сөз төгілер шешен болайын - мұның бәрі адамдық парқыңды білдірмейді.

Ой толғанымды түйіндер болсам, тіршілік иелерінің ішінде ең артық етіп ми берген, әр затты салмақтай білсін деп сана берген, ақ пен қараны ажырата білсін деп ақыл берген, ішіндегін ақтарсын деп тіл берген, бүгіні мен болашақты бағамдасын деп ой берген табиғаттың тамаша бір тартуы - адаммын. Ендігі міндетім - осы түйгенімді негізге ала отыра, қалған өмірімді қалай өткіземін деген сұраққа жауап табу.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі