Мен мақтан тұтамын!
жеке
блог

Мен мақтан тұтамын!

Әркімнің өмірінде ерекше  әсер ететін оқиғалар,  тұлғалар болады. Өзім жайында айтатын болсам, мен кішкене ғана ауылдың қарапайым қызымын. Ауылдан алған білімді жоққа шығармаймын, сонда да  қызу талас болмаса, оқуға деген ниетің төмендейтіні бар. Соны біліп апам мені Тараз қаласындағы Дарын мектебіне оқуға түсірді. Шынымды айтсам, алғашында қатты қорықтым, уақыт өте ондағы оқушылардың барлығы да өзім секілді екенін аңғардым. Мектеп табалдырын аттағанда Дарынның  маған  зор мүмкіндіктер сыйлайтынына сенімді болдым.  

Әсіресе, әрдайым оқу үйретуден жалықпайтын ұстаздарым жылы қабақ танытып бар білгенін үйретті. Менің осындай мектепке түскенім  өмірімді  дұрыс арнаға бұрған ең маңызды оқиғаның бірі еді. Кішкене кезімде көк қораптың алдында отырып, жетістікке жетіп қолдарына мақтау қағаздарын алған оқушыларды көргенде, соларға тамсанып, армандап отыратынмын. Дарынға түскен соң, балалық арманым шындыққа айналды.  Ұстаздарымның үйреткен білімімен алуан түрлі олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпазы атандым. Сондықтан да мен әрдайым:  “Дарын – армандардың орындалатын құт мекені” деймін.  Сен онда тек оқып қана қоймайсың, сонымен қатар өмірлік, уақытпен шыңдалған достарыңды табасың, саған ақыл беріп үлкен өмірге жол сілтейтін тәрбиешілердің тәлімін  аласың, ең бастысы алтындай ұстаздардың арқасында  қоғамның зиялы қауымын  құрайтын азамат болып шығасың.

Дарында мен өмірімдегі ең маңызды адамды жолықтырдым. Ол кісіні жоғарыдан келген сыйлық ретінде көремін, шынында. Қабілетімді байқап,  болашағымның негізін қалап берген ұстазым, әдебиеттің нағыз майталманы Пейішкүл Құттымұратқызы. Жыл сайын дәл осы кісінің арқасында қоғамда жаңа  тұлға, елін сүйер азамат  пайда болады. Бұрынғы Абай мен  Шәкәрімдерше сөз саптайтын Пейішкүл Құттымұратқызы қоғам алдындағы өз борышын молынан өтеген ұстаз.  Иә, мен дәл осы кісіден тәлім алғанымды мақтан тұтамын!

Дарын-  барша дарындықтардың жүрегіндегі зор мақтанышы, алтын ұясы!